(Қазақ хандығы - 550 жыл шығармашылық бәйгесіне )
Ай астында Ғұн бабам Алмас қылыш ойнатқан. Арлан батыр Аттила Алдында жауын жайратқан. Алтын қазық қақтырып Арғымағын байлатқан. Күлімдесе күн туып, Күрсінгенде Ай батқан. Орхон бойын жаз жайлап Отыз күн ойын ойнатқан. Қырымның қырын қыстау ғып Қырық күн тойын тойлатқан. Жұлдыздай шырақ жандырып Жұлдыздың астын жайнатқан. Самал желге еркелеп Сары далада Сақ бабам. Селдіретіп дұшпанды Сең секілді қаптаған. Топты жауы кез болса Тарпаң сынды таптаған. Күміспенен күптелген Алтынменен апталған. Торғын белдеТоныкөк Топтастырды ұлтымды. Білге хаған бірегей Біріктірді жұртымды. Күркіреткен күн астын Күлтегіндей ұл туды. Алтын орда Ұлысы Ен жайлады Еділде. Батыс шебі Қырымда Шығыс шеті Емілде. Ұлыс болып ұйысты Ұлы дала белінде. Тұлпар сынды тұлғалы ұлт Тектілік бар тегінде! Керей менен Жәнібек: Ер парыз ұлы іс деп. Ақ орданы көтерді, Қазақ атты Ұлыс деп. Шаңырағын алтындап, Керегесін күмістеп... Оң жағына орданың Отыз ру қондырды. Сол жағына орданың Сансыз ауыл қондырды. Шұрқыратып Шу бойын Шұбырған малға толтырды. Егеулі найза сабы деп Еменнен сырық жондырды. Еділ мен Ертіс арасын Еру жортар жол қылды. Алаш ата баласы Ту түбіне жиылды. Қазақ деген ұлы атау Хандығына бұйырды. Шуға қарай жан-жақтан Шұбырып көш құйылды. Шалқайғанға шалқайды, Еңкейгенге иілді. Берекеге байланды, Татулыққа түйілді. Керей менен Жәнібек: Ұлыс мәңгі болсын деп, Тұғырға тікті туымды. Желкілдеген байрағым Жаңбырменен жуылды, Күн нұрымен жылынды. Қалауымен Алланың Қазақ елі құрылды. Қос хан құрған Ұлысым Ұлы күнге ұмтылды. Сол жағынан Ай туды, Оң жағынан күн туды. Бекзат ұлы бестідей Бесігінде бұлқынды. Сең секілді бөгеттің Селдіреп шеті жыртылды. Жүзіктей күнге шағылған Жүзіне жұрттың нұр тұнды. Жалаң қылыш асынған Жасақты ерте сайлады. Бес қаруы белінде, Белдеуге тұлпар байлады Айшылық жерге естілді Айбаты мен айбары. Күлтөбенің басында Күнде билер кеңесті. Ынтымақшыл Ұлыстың Ырыс, бағы тең өсті. Асқақ Алаш үлының Айдарынан жел есті. Аймаңдайлы жас құлын Арғымаққа теңесті. Жазирлы жерінің Жабағысы құландай. Жас қозысы бұландай. Сұңқар құсы қырандай. Жас шыбығы шынардай. Қызы біткен қырмызы Ұлы біткен ұландай. Қарашасы ханға тең. Қойы қоңыр аңға тең. Қоңыр кеші таңға тең. Ішсе қымыз, балға тең. Жесе жая, жалға тең. Керей менен Жәнібек Кереге тасты шың болды. Жұдырықтай жұмылып Жұлдыздан көп мың болды. Күн батқанда Ай болды, Ай батқанда күн болды. Керісіп кеткен дұшпаны Күлін тасып, күң болды. Қос қыраны жерімнің Керей менен Жәнібек! Қос бұлағы белімнің Керей менен Жәнібек! Қос шырағы төрімнің Керей менен Жәнібек! Қос пырағы белгімнің Керей менен Жәнібек! Керей менен Жәнібек: Келелі кеңес құрғанда Көшелі ойлап көсілген. Шешендігі төгіліп Шебер сөйлеп шешілген. Жігітте сұлтан дегізіп Жібектей бір есілген. Кемеңгерім, кемелім Кете ме, қазақ есінен? Асыл затты Керей хан Асып туған арыстан. Жетелі хан Жәнібек Жете туған данышпан. Қос сұлтанның ақылы Бір арнада тоғысқан. Болашағын болжаған Алты мың жыл алыстан. Біріне бірі тірек-ті Жаумен қатар алысқан. Бетегелі белдерде Бірге жылқы бағысқан. Бірге көшіп, бір қонып Қазығын қатар қағысқан. Ерлікпенен елдікте Ортақ ойда табысқан. Тұрқы бөлек қос тұлпар Тұяғынан шаң ұшқан. Керей менен Жәнібек! Кеңдігіңді жырлайын. Ұйыстырған Ұлысты Елдігіңді жырлайын. Ұлағатты ұлтыма Теңдігіңді жырлайын. Өзгеге тізгін бермеген Өрлігіңді жырлайын. Еру жортып қол бастар Ерлігіңді жырлайын. Толағай талай ер өткен Тор көз сауыт жамылып. Жұлдызға қарап жол тауып Жортты қанша сабылып?. Құлымын деп Алланың Құдіретіне бағынып. Жалаулы найза қолында Жалаң қылыш тағынып. Жорықтан есен оралса Жолыққан жұрты сағынып. Қасқа жолды Қасым хан Қасарысқан қас жауға Қарға адым жер бермей, Еңсегей бойлы Есім хан Ерегескен ессізге Елі сүйем бел бермей, Қанжардай өткір Хақназар Қаптап келген дұшпанға Жағаласқан жең бермей, Тарлан сынды Тәуке хан Топты келген тобырды Тоз-тоз қылған теңгермей. ...Ерлердің ісі біткен бе?. Ерегескен есерді Ер үстіне өңгермей. Абылайдың кезінде: Қарыс сүйем жер үшін! Қан мен төккен тер үшін! Қапы кеткен ер үшін! Бедер бедер бел үшін! Қайқы қылыш суырып Қалмақпенен қырқысты. Шүріппелі мылтық асынып Шүршітпенен жұлқысты. Жан берісті, жан алды Жаға мен жыртысты. Кешегі өткен Кенекем Ақ семсері қолында. Саржан оғын сайлаған Сардарлары соңында. Ер үстінде күн кешкен Еркіндіктің жолында: Ай туғанша айқасқан Күн батқанша күрескен. Найзасы айға шағылған Намысты ерлер ілескен. Тасқын судай тасыған Сең секілді сірескен. Қабыландай қарғыса Қалың жаудың үні өшкен. Азат елім қазағым Берекемен бел асқан. Ұлы да кіші ұлттарға Қос құшағын кең ашқан. Төрім менің байтақ жер! Төбем менің көк аспан! Көктің жүзін торлаған Көбесін бұлттың Ай тіліп... Бес жүз елу белесте Алаштың асыл жұртына Алты ай сауын айтылып. Ошағымда шоқ тұтап Оттай жанды қайта үміт... Жеткеніме қанағат! Өткеніме салауат! Еңсесі ердің түспесін, Елім болсын саламат! Келешегім керемет, Болашағым ғаламат! Азаттығым атадан Алашқа қалған аманат! Ай сымбатты Астана Таңда күнмен таласқан. Бейбіт біздің байтақ ел Берекесі жарасқан. Алты құрлық арасы Алашпенен санасқан. Баянды болсын бақытың Бар Ұлыстан бағы асқан!.
АҚТАЙ Әскерхан – ақын, драматург. Бірнеше халықаралық және республикалық жыр сайыстарының жүлдегері