ДАНАЛЫҚТЫ ІЗГІЛІКПЕН КӨМКЕРГЕН

/uploads/thumbnail/20170708164857047_small.jpg

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, оның ішінде филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінен шыққан ұлы тұлғалар жайында сөз қозғау – қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тіл ғылымы мен рухани қазынасына қайта шолу жасаумен бірдей. Факультет қабырғасында жүріп бір өзі бір институттың жұмысын атқарған ғалым-ұстаздар аз емес. Олардың бәрі де шығармашылық жолын, өмір белестерін осы ордамен байланыстырды. М.Әуезов, Б.Кенжебаев, К.Аханов, М.Томанов, Т.Нұртазин, Ә.Дербісәлин, З.Қабдолов, М.Бағызбаева, А.Қыраубаева, Р.Нұрғали, Т.Сайрамбаев т.б. сынды ғалымдар факультет тарихын қалыптастырды.  Р.Бердібаев, Т.Кәкішұлы,  М.Мағауин, М.Жолдасбеков, Ә.Кекілбаев бастаған ғалым-жазушылар қазақ әдебиетінің мақтанышына айналғалы қашан... Әсіресе, факультеттің қоғамдық өмірі, жарқын болашағы деп өлшеусіз еңбек еткен тұлғалар мұрасы өткеннің өнегесі, келешекке бағдар. Бұл қатарда атақты ғалым, ұлағатты ұстаз, аяулы жар, ардақты ана ретінде қазақ тарихында елеулі орын алатын ф.ғ.д, профессор, академик Мая Мұхамед-Әлиқызы  Бағызбаеваның тұруы – шартты құбылыс!

        Сонау қилы заманда ата-ананың қамқорынсыз қалған қайсар қазақ қызы басындағы ауыр қасіретті арқалай жүріп, ғылым-білімге деген құштарлығын жоғалтқан емес. Әкесін «халық жауы» деп жалмап, анасын «халық жауының әйелі» деп қамауға алған шақта Мая Мұхамедқызы небәрі 5 жаста ғана екен. Балалық шақтың аяқталған кезі де осы уақыт болатын. Өзінің өжеттілігінің, еңбекқорлығының арқасында қаршадай ғана қаракөз қыз Ресей жерінде білім алып, еш қорықпастан дипломдық жұмысын Жамбыл шығармашылығынан қорғайды. Бұл ісін Мұхтар Әуезов: «...басынан көп қиямет өткерген қазақ қызының Мәскеуде жүріп, Жамбыл тақырыбын таңдауының өзі – патриоттық» - деп жоғары бағалаған болатын. Оқуын бітіре сала Мая Мұхамедқызы  елге келіп еңбек етуді бастайды. Жары Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков екеуіне мекен болған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығармашылығына шабыт беріп, ғылымға деген талпынысын шыңдай түскендей...

        Университет қабырғасында жүріп, талай игі істерге бастау болған Мая Мұхамедқызының ғылымға қосқан үлесі өте зор.  Әдебиеттің бастауы болған фольклорды, Жетісу жерінің ауыз әдебиетін зерттеуге он жылдан аса уақытын арнаған. Университет қызметкерлері, оқытушылар мен студенттерден  ғылыми-зерттеу шығармашылық  клубын құрып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде қаражатын да, қажыр-қайратын да аямаған. Тәрбиелеген шәкірттері ұстаздарының қамқорлығын, шапағатын, мейірімін, адамгершлігін, қарапайымдылығын әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Өзі басшылық еткен, бүгінде қызы Жолдасбекова Баян Өмірбекқызы басшылық етіп отырған «Орыс филологиясы, орыс және әлем әдебиеті» кафедрасы ұжымының аға буын өкілдері Мая Мұхамедқызының ерекше ұйымдастырушылық қабілетін әлі күнге тамсана да сағына еске алады.

        Профессор Мая Мұхамедқызының қоғамдық шараларға да, айналасын рухани тұрғыда нұрландыруға косқан үлесі университетпен шектелген жоқ. Республика көлеміндегі жиындарға қоғамдық маңызы бар ұтқыр ойлары айтылған баяндамаларымен көпшілік назарына ілігіп, Қазақстан әйелдер қауымдастығына мүше болған. Кейіннен Қазақ ұлттық университеті әйелдерінің қауымдастығын құрып, өзі басшылық еткен. Бүгінгі күнде қауымдастық жұмысын анасының көзіндей көріп Баян Өмірбекқызы жалғастыруда.

        Өмірі – жұмыс, басшылық, қоғамдық іс-шаралар, ғылым, шәкірт тәрбиелеу  сияқты картинадан тұрған Мая Мұхамедқызы өзінің адал жарлық, асыл аналық парызын да бір сәтке 9vsn қалдырған емес. Замандастарының естеліктерін оқып отырып, бәрінен бір ортақ пікір шыққаны таң қалдырады: жүзі үнемі күлімсіреп, мейірім төгіп тұратын жарқын, даусы жағымды, ерекше талғаммен  киінетін, әр кез адамның жағдайын сұрап, көмектесуге дайын екенін білдіріп  жүретін, ешқашан шаршағанын білдірмейтін, қабағын түймейтін, үйіне қашан барсақ та ақ дастарханы жаюлы, балалары жинақы, ерекше тәрбиеленген дейді. Бойына тектілікті сіңіре отырып, білімді ұрпақ тәрбиелеген ата-анасының абыройын  бүгінде ұл-қыздары деңгейін түсірмей сақтап келеді. Анасының бастап берген жолын жалғастыруды өзіне міндет етіп алған қызы Баян Өмірбекқызы: «Анам адамдармен қарым-қатынаста интеллигенциясы терең, ерекше дана кісілерге ғана тән аристократтық қарапайымдылығымен ерекше болатын. Жүрегінің жұмсақтығына қарамастан  ғылымдағы  пікіріне, қойған талаптарына қатал еді. Мен ол кісінің тұлғалығына ерекше тамсана отырып, еліктеп өстім» - дейді. Осы ретте, Мая Бағызбаеваның өмірдегі шынайы кісілік келбетін заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбай дәл байқаған. Жазушы бір естелігінде: «...Төбеден төнген зорлыққа да, кеудеден итерген кемсітушілікке де қыңбапты. Көзіне көрініп тұрған көкжикке ешкімнен қалыс қалмауға, қағыс қалмауға тәуекел ете біліпті. Шын мәніндегі нағыз еуропалық білім алып, осы заманғы шетелдік әдебиеттің аса білгір маманы, талантты ғалымы ретінде көзге түскен. Сөйте тұра, жаратылған топырағын ұмытып, жат бауыр да болып кетпеген. Қандасы қазақ жігітін, оның ішінде де қайралған қылыштай өткір де өжет Өмекеңді таңдауы да биік талғаммен қоса асқан аршылдықтың айғағы еді», – деп толғанады. Бұл толғаныс – Мая Мұхамедқызының жан дүниесін анық та айқын сипаттаған, болашақ ұрпаққа оның кім болғанынан толық ақпар беретін естелік сөз екені даусыз. Ал, ғалымның өнегеге толы өмірі мен ғылымдағы ғұмыры, әрбір атқарған игі ісі, тұрмыстағы тіршілігі де артындағы ізбасарларына шырақ іспетті жол көрсетері де талассыз дүние.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті

Орыс филологиясы, орыс және

әлем әдебиеті кафедрасының оқытушысы

Г.Б.Айнабекова

Қатысты Мақалалар