Облыс орталығының жолаушыларына тегін интернет жүйесі тартылған қоғамдық көліктер қызмет көрсетпек деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Орталық алаңда тізіліп тұрған мына су жаңа 200 автобустың өзге қоғамдық көліктерден ерекшелігі көп. Біріншіден ауаны аз ластайтын газбен жүреді.
Ал ең бастысы енді көліктерде әндерді тегін жүктеп, әлеуметтік желілерде іш пыстырмай уақыт өткізе аласыз. Жолаушылар тасымалдау компаниясы мұндай 200 автобус үшін екі жарым миллиард теңге жұмсапты.
Жаңа автобустарды тізгіндейтін жүргізушілерге де арнайы униформа тігілген екен. Ескі көліктерінен құтылғанына қуанып жүргендердің де дені сол жүргізушілер.
"5 жылдан бері автобус айдап жүрміз. Бұндай су жаңа автобус көрген жоқпыз. Енді елдің бәрі осы автобусқа жүгіріп, басқа автобусқа мінбей қоятын шығар деп ойлаймын", - дейді автобус жүргізушісі Жаңабек Тәжімұратов.