Әлеуметтік желіде сынға ұшыраған оқу құралының тағы бір авторы Серікболсын Дүйсембай халықтан кешірім сұрады. Бұл туралы автор өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Назарбаев зияткерлік мектебіне түсушілерге арналған тест жинағында МС Сайлаубектің өмірбаяны жазылып, рэпер туралы сұрақ қойылған. Әлеуметтік желі қолданушылары бұған жаппай наразы болып жатыр.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі кітап авторларының біріне хабарласып, істің анық-қанығына көз жеткізген болатын. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қазбек Сағидолда өз сөзінде Сайлаубектің есімі кітапқа байқаусызда еніп кеткенін айтты.
Оқу құралының екінші авторы, жас ғалым Серікболсын Дүйсембай да қателік кеткенін мойындап, көпшіліктен кешірім сұрады. Сонымен қатар ол бір қателік үшін жастарды сынай жөнелген қазақтарға реніш білдірді.
- Талай 100 мың данамен шығып жүрген, ішінде қаншама қателіктер өріп жүрген оқулықтарды да көзіміз көріп жүр. Ал біздің ресми емес, тек емтиханға дайындыққа арналған Қазақ тілінен бар-жоғы 100 дана тесттер жинағының ішіндегі 5-6 жолымыз қаншама балағат, ғайбат сөздерге алып келді. Бірақ, бұл жолдар келесі басылымда ауыстырылып, түзетіліп үлгерген еді. Және бұл тест жинағы ешқандай ресми бекітілмеген, мектеп бағдарламасына енбеген.
Мен бұны ақталу үшін де, мақтану үшін де жазып отырған жоқпын. Тек біздің қоғамның кейбір “белсенділері” мәселенің мән-жайына барып алмай, тек алып-қашпа әңгімеге еріп, жерден жеті қоян тапқандай жарыса бөлісе кететінінен Әлем көшіне ілесудің ауылы алыс па деп қалдым.Титтей “қателігі” үшін Өз ұлын өзегінен тепкендей көрінген елге енді оралғың да келмей қалады екен. Елден кешірім сұрадым. Ел үшін "Құрбан болуға дайынмын". Оған рухым жетеді, - деп жазды Серікболсын Дүйсембай өз парақшасында.
Пікір қалдыру