ҚР Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде ақиық ақын М.Мақатаевтың туған күніне арналған "Жырлайды жүрек" атты поэзия және ән кеші өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz порталы.
Кеште Қазақстан эстрада жұлдыздары мен театр майталмандары өнер көрсетті. Қазақ поэзиясының ақтаңгері, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне жазушылар одағы, әдебиетшілер үйіне жиналған халықта қарасы көп болды. Әдебиетшілер үйіне көрерменге лық толып, орын жетпей қалған көрермендер екі сағатқа созылған концертті тікесінен тік тұрып тамашалады.
Поэзия мен ән кешінің шымылдығын ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенат депутаты Нұрлан Оразалин ашып, ақынның поэзиясының қарапайымдылығын, құдыреттілігін сондай-ақ, көркемдігін талдады. Ақынның өмір жолы туралы естеліктермен бөлісіп, шығармашылығы туралы көптеген жақсы сөздер айтылды. Кешке ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы, ақын Ғалым Жайлыбай және көптеген қаламгерлер мен өнер жұлдыздары қатысты. Ақынның сөзіне жазылған тамаша әндерді Таңат Мамырханұлы, Сұлушаш Нұрмағанбетова қатарлы елге танымал өнерпаздар нақышына келтіре орындады. Кешті ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырды. Сонымен қатар, ақынның өлеңдерін мектеп бүлдіршіндері мен М.Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрының актерлері мәнерлеп оқыды.
Биыл қазақтың Мұқағалиының ортамыздан кеткетіне 40 жыл толады екен. Осы кеште Ақын Әбділдә Тәжібаевтың: "Өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Сол секілді Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда, күнбе күн қасымызда" деген сөзінің рас екеніне көзіміз тағы бір мәрте жеткендей болды. Қазақ қара өлеңінің мұзбалағы өзінің өлеңдерімен мәңгі жасай бермек. Бүгін де ол мұзбалақ қыранша дүр сілкініп, бүкіл залды бір өзі толтырып отырғандай болды. Кешке жиналған жыр сүйер қауым да жазық маңдайы жарқырап, жарқылдап жыр оқып тұрған ақынның поэзиясымен, өзімен сырласқандай әсермен тарқасты.
Нұргелді Әбдіғаниұлы




