Алматылық блогер Әділет Рахметолла жұмысы елене бермейтін әйелдерді ерекше тәсілмен құттықтап, Instagram желісіндегі парақшасында жариялады. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бейтаныс жан сізге өте сұлу екеніңізді айтып, гүл сыйласа, қандай сезімде болар едіңіз?! Мұндай тосын әрекет жұмыс басындағы адамға қалай әсер етпек? Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бұл сұрақтың жауабын анықтап көруге тырыстым. Шара барысында мен әртүрлі қызметтегі әйелдерді суретке түсіріп: «Сіз сондай әдемісіз. Мына гүл сізге», - деп ілтипатымды білдірдім және ол кісілердің жүзіндегі бақыт пен таңданысты камера объективіне түсіріп үлгердім», - дейді Әділет Рахметолла.
«Әрине, фотоаппаратты көрген кезде қашқақтап, бас тартқандар аз болмады. Алайда мен өзімнің кәсібилігімді іске қосып, қажетті кадрларды табуға тырыстым. Кім де болса көше сыпыруға қуанып шықпайтыны анық қой. Мысалы, көше сыпырып жүрген тәтеміз әуелі қарсы болды. «Біз түсіруге тиіспіз. Бізге сондай тапсырма түсті», - деп жәй ғана түсіріп алдым! Содан кейін: «Сіз сондай сұлусыз. Бақытты болыңыз», - деп гүл ұсынған кезде қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап кетті", - деп баяндайды блогер.
«Самса сататын аруға: «Сіз сұлусыз. Мына гүл сізге», - деп ұсынған кезде мүлдем сенбеді. «Қазір түсірілімнен кейін алып кетесіздер ме? Шынымен де маған ба?», - деп таңғалып, біраз түсінбей тұрды. Фотомодельдерімнің арасында «гүл алмағалы 5-6 жыл болып еді, мынау бір бақыт болды ғой» деп қуанғандар да, «тоңып жүргенде жаныма жылу сыйладыңыздар» деген әпкелеріміз де, «өзіңнің ақшаңа сатып алдың ба? Қап, бекер шығындандың ғой" деп қалтамызды аяған жандар да болды», - деп қызықтарымен бөлісті Әділет өз парақшасында.
«Ең бастысы, сыйлықтың бағасы емес, мейірімділік маңызды екенін сезіндік. Өздеріңіз фотосуреттерге мұқият қарасаңыздар, жылы сөз әйелдерді ерекше әрлейтінін сөзсіз түсінесіздер. Сондықтан айналаңыздағы нәзік жандыларға жиі ілтипат көрсетіп, махаббатқа толы жылы сөздеріңізді айтудан шаршамаңыздар. Алла разы болсын!», - деп аяқтады ол.
Пікір қалдыру