Алматыда "Сәлем", "Жетісу" және "Рахат" базарлары жабылады деп хабарлайды "Алматы арнасына" сілтеме жасай отырып Qamshy.kz порталы.
"Барахолканың" беті бері қарады. Бүгінде билік тістегеннің аузында кеткен 20 гектардан астам телімді мемлекетке қайтарған. Сонымен, 20 базар толық сүріліпті. Қалалық жер басқармасы мамандары осындай мәлімет айтады. Сөздерінше, қазір "Сәлем", "Жетісу" мен "Рахат" базарлары бұзылуда. Тағы 5 сауда орнына қатысты сот шешімі күтілуде.
10 жыл бойы "Сәлем" базарында тамақ жасап сатқан Миноханым асханасына қажетті заттарын жинау үшін соңғы рет келді. Кәсіпкер жұмыс орнын қимайды. Бірақ өкініші де жоқ. Себебі, дәмхана өртке қауіпті әрі тазалық талаптарына сай келмейді. Оны өзі де мойындайды. Сондықтан жаңа салынып жатқан сауда үйіне ертерек көшіп, кәсібін жалғастыруды жоспарлауда.
«Бұрын суықта болдық. Енді жылы жерге барамыз. Бұл біздің кафе. Соны босатып жатырмыз. Базар сүрілді ғой. Енді оның орнына далада қалмайтындай, жаңа жер шығар деп үміттенемін», - деді аспазшы Миноханым МӘМЕТОВА.
https://www.youtube.com/watch?v=K6ZssSkYlksБазар басшысы «бірде-бір кәсіпкер далада қаңғып қалмайды» деп сендірді. Себебі, кезінде 300 саудагер жұмыс жасаған базар бұзылғанымен, орнына 400 дүңгіршекке арналған жаңа кешен бой көтермек. Сатушылардың ұсынысын тыңдаған қожайын «жаңа орында сауда жасау сатушылардың қалтасын жұқартпайды» деп отыр.
«Жағдай жасалынған, жарық, су бар. Газ тартып қойдық. Жылу да бар. Жалға беру құны дұрыс болады. Саудагерлердің қалтасы көтереді деп ойлаймын»,- деді базар басшысы Бақытжан ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ.
Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 15 жыл бойы жұмыс жасаған "Сәлем" базары мемлекеттің 1 жарым гектар телімін заңсыз иемденіп алған. Осы секілді қызыл сызықтан асып кеткен 26 базардың ісі сотта қаралып, бірауыздан жер телімдерін қайтару туралы шешім шығыпты.
«Бізде соттың шешімдері шығып жатыр. Енді «Батыр» мен «Евразия» базарының сот шешімі шықса, сүру жұмысын бастаймыз. 1-2 айдың ішінде сүру жұмыстарын бітіреміз»,-деді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының бас маманы Ерлан ЖАРМҰХАНБЕТОВ.
«Барахолкадағы» қызыл сызықта тұрған базардың барлығы сәуір айына дейін толық сүріліп бітеді. Ал, наурыз айынан бастап кеңейтілген қалааралық күре жолдың құрылысы басталады деп жоспарлануда. Осы ретте заңсыз иемденген 20 гектардан астам жер телімі мемлекетке қайтарылды.
Осы күнге дейін «Барахолкада» 20 базар сүрілсе, жаңа 9 сауда үйі бой көтеріп үлегерген. Басшылардың айтуынша, алдағы 2 жылда солтүстік айналма жолдың бойында 30-ға жуық сауда кешені тұрғызылып, 10 мыңға жуық кәсіпкер жұмыспен қамтылмақ.