Әзірбайжандар Армения Президентін сотқа бермек (ХОДЖАЛЫ ҚАСІРЕТІ)

/uploads/thumbnail/20170708165452509_small.jpg

Әзірбайжан халқы Армения президенті Серж Саргсянға «Ходжалыдағы қырғынға себепкер болды», – деген айып тағып, халықаралық деңгейдегі соттың алдына сүйремек. 1992 жылдың 25 ақпанынан 26-сына қараған түні армян әскерлері Ходжалы қаласының бейбіт тұрғындарын аяусыз қырып салған еді. Кейін анықталғандай, қанішерлер арасында ТМД-ның Біріккен күшінен құрылған 366-полк құрамындағы армян әскерлері болған. Ешқандай бұйрықсыз-ақ, қаланы басып алып, қалың ұйқы құшағында жатқан халықтың қанға бөктірген қылмыскерлер қолынан жүздеген адам ажал құшты Ауыр жарақаттанып, із-түзсіз жоғалып кеткендері қаншама! Карабах соғысы тұсындағы ең ауыр геноцид саналатын бұл қайғылы жайт ел арасында «Ходжалы қасіреті» аталып кеткен.

Қаншама жазықсыз жанды жаралаған қасіретке биыл – 23 жыл. Қайғылы дата жақындаған сәтте әзірбайжандар Армения президенті Серж Саргсянды «геноцидті ұйымдастырушы, соғыстың басталуына кінәлі адам» деп айыптап, «жасаған әскери қылмысы үшін заң алдында жауап берсін» деген талап қойды.

28 қаңтар күні басталған Бакуде Армения президенті Серж Саргсянды әскери қылмыскер деп тану туралы қол жинау басталды. Аталған шараға Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау кеңесінің жанынан құрылған жұмыс тобы 100 мың қол жинап, Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа жөнелтпек.

Аталған жұмыс тобы сонымен қатар «20 қаңтардағы оқиғаға әлемдік қауымдастықтың саяси бағасы» аталатын петицияға да қол жинау үстінде. Ескеретін жайт, армяндардың президенті Серж Саргсян Таулы Карабахтағы соғыс кезінде Ходжалы қаласының жүздеген бейбіт тұрғынын қыруға тікелей қатысқан. Анығында,

2013 жылдың 23 қаңтарында АҚШ-тағы Ақ үйдің ресми сайтындағы «Біз – халықпыз» («We are people») бөлімінде Америка президенті Барак Обаманың назарын армян менәзірбайжан арасындағы жер дауына, сондай-ақ, Әзірбайжанға тиесілі жердің 20 пайызын армяндардың күшпен басып алғанына аударту үшін 100 мың адамның қолы жиналған болатын.

Халықаралық сотқа жүгінген әзірбайжандар Серж Саргсянның шетелдік ақпарат құралдарына берген сұхбаттарындағы сөздерін де дәлел ретінде келтірмек. Мәселен, ол «Thomas Waal» басылымына берген сұхбатында «Әзірбайжандар біздің қарапайым халықты өлтіретінімізге сенбеген еді. Бірақ біз ол сенімнің быт-шытын шығардық», – депті... Ресми құжаттар мен дәйектерді жинау барысында әзірбайжандар Ходжалыда қырылған бейбіт тұрғындардың аяусыз қиналған суреттерін де бірге тапсырмақ.

Сорақысы сол, түннің ортасында бұқпандайтап келіп, бас салған қанішерлер бала-шаға, әйел мен кәрі-құртаңды түгел қырған. Ресми деректерге сенсек, 83 бала, 86 әйел, 70-тен астам қария, барлығы 613 адам әскерилер қолынан ажал құшқан, 487 адам ауыр жарақаттанған. Бір мың жүз елу адамға жасалған шабуылда 150 кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. Мүрделерді зерттеген кезде көпшілігінің өртелгені, көздерінің ойып алынғаны және бастарының кесілгені анықталды. Сорақысы сол, дәл осындай айуандықтан аяғы ауыр келіншектер мен балалар да шет қалмаған.

Петицияға қол қойғандар Ходжалыдағы қырғынды жасаған 366-полктың командирі сол кезде Серж Саргсян болғанын, сондықтан ол жүздеген жазықсыз жанның өліміне заң алдында жауап беруі тиістігін айтады.

Ходжалыдағы геноцидті Пәкстан, Колумбия, Чехия, Босния-Герцоговина, Перу, Гондурас, Судан тб. ресми түрде мойындаған. Ал үстіміздегі жылдың 26 ақпанында Стамбұлдың Таксим алаңында түрік азаматтары Ходжалы қырғынында көз жұмған жазықсыз жандарды еске алмақ.

 Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Қатысты Мақалалар