"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне
Қара өлеңнің қасиетін қарқарадай сақтаған, Туған жердің топырағы, сірә, мені баптаған. Енді, міне, Ақиқат пен Әділдік деп ұрандап, Жыр-жорыққа ту көтеріп аттанам. Талай-талай тарпаң мінез тарландарын туыпты ел, Жауынгермін топтан озып, сыңға түсер буып бел. Рухым асқақ, күшім кемел, қаруымда қапы жоқ, О, Тәңірім, жүрек кірін жуып бер! Ақ алмастың ақырғы бір сынығымын, нар көсем, Жортуылда жасын атқан бабалардың жалғасы ем. Халқым қалқан, найзам намыс, алдаспаным айбыным, Тізеліктен қан кешпеймін ар кешем! Аз да болса тағыдайын желе жортып, түн қаттым, Қас бөрідей қаһарлансам қарсы алдымда тұрмақ кім?! Жарқ-жұрқ еткен балдағы алтын қиғыр қылыш-қаламым, Қара тасқа қаймықпастан ұрмақпын. Ата дұшпан, басты жауым жалғандыққа жаным қас, Майдан құрсам қорғаны мен қамалы жоқ алынбас. Мүлт кетпеймін, айтылған сөз атылған оқ мендегі, Қайта айналып адырнаға салынбас. Сүттен аппақ сезіміме суарылған селебем, Шарқ ұрып бір шабыт келсе, қозып кетер делебем. Алыс бармай дүрмек қылып жандасатын жақынмен, Сырттандығым сыртқа салмас ер емен. Өмір өзі берік түйін, берен сауыт кигізген, Қиян жүйрік тұлпарымның құйрығын шарт түйгізген. Үзеңгіден қапылыста тайғанымен табаным, Тіземді мен қара жерге тигізбен. Сағым көшкен сар даланың сыбағасын даулайтын, Қанат байлап құс-қиялы зау биікте заулайтын. Ей, дүние, мен деп білгін ер қазақтың ұрығы, Жыр-жорықта жарты әлемді жаулайтын. Құрманғажы Ерсін Нұржанұлы