Алматы облысының әкімі Амандық Баталов су басқан ауылдарға өзі барды. Өңір басшысы үш ауданда болып, ондағы ахуалмен танысты.
Алматы облысы Тұздыбастау ауылында су басқан аумақтарды тазарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мұнда қардың қарқынды еруі нәтижесінде 27 аула су астында қалған. Облыс әкімі жұмыс барысында су басқан аулаларды тазарту үшін құрал – жабдықтар мен адам күштерінің санын көбейтуді тапсырды. Белсенді жұмыстың нәтижесінде бүгінгі күні 3000 текше метр су сорылды.
«Қазіргі уақытта осы елді мекендегі мәселелер шешімін тапты, бірақ бұл жұмыс аяқталмайды. Су тасқынының алдын алу үшін сарапшылар әлі де жұмыс істеу үстінде. Су астында қалған ауыл тұрғындарының жағдайын аймақтық комиссия жіті бақылауға алып, сонымен қатар материалдық көмек көрсетіледі. Аймақта 144 су қоймасы бар, олар бойынша да жеке жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Айта кетейік, ауыл көшелері мен аулаларда жиналған суды тазарту үшін үшін жергілікті атқарушы органдардан шамамен 326 адам, облыстың төтенше жағдайлар департаментінен 177 қызметкер, 132 бірлік техника мен 22 мотор сорғысын қолданды.
Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында еріген қар суынан бірқатар үйлердің ауласына су кірген. Жағдайды сараптаған әкім жұмыс істеп жатқан техника санын көбейтуді тапсырды. Керек болса өрт сөндіру көліктерін де су соруға жұмылдыру қажеттігін айтты.
Облыс әкімі Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды және Абай ауылдарына да барып қайтты. Қазір еріген қар суынан арылуға 3 экскаватор, жүк көлігі және 25 адам жұмыс істеп жатыр. Арықтардың арналары тереңдетіліп, жағасы құм салынған қаптармен бөгеттер тұрғызылуда. Құтқарушылар зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетуде.
Амандық Баталов Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласына барып, мән-жайды біліп қайтты.
Аудан орталығы Қаскелең қаласында облыс әкіміне аудан әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар бойынша аудандық комиссия төрағасы Нұржан Сатубеков есеп берді.
«Соңғы күндері еріген қар суынан жағдай едәуір көлемде ұлғайып жатыр. Қала көшелері мен аулаларына жиналған судан тазарту жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылды. Шамалған ауылын да су басқан. Ол ауылда да жұмыс күшейтілді. 10-шақты техника жіберілді. Қызыл су ауыл маңындағы алқаптарда 80 адам тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр», – деді аудандық әкімнің орынбасары төтенше жағдайлар жөніндегі аудандық комиссияның төрағасы Нұржан Сәтубеков.
Кеше кешке қарай Жамбыл ауданы төтенше жағдай жариялаған болатын. Өңір басшысы өзгелерден көбірек зардап шеккен Қайназар ауылында да болды. Құтқарушылар мен ұлттық гвардия жауынгерлерінің жылдам қимылдағанының арқасында су ауылдан тыс бағытқа бұрылды. Амандық Баталов су кірген бірнеше үйде болып тұрғындармен кездесті. Әңгіме барысында бұл баспаналар ешқандай рұқсатсыз салынғаны анықталды. Екі үйдің де құжаттары толық болмай шықты. Бірінде жалғыз басты ана, екіншісінде созылмалы аурумен ауыратын науқас тұрып жатыр. Екі отбасының ауыр жағдайы ескеріліп, облыс әкімі аудан басшыларына зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Арнайы құрылған комиссия үй-үйді аралап, қызыл судан зардап шеккендердің тізімі жасалатын болды. Өңір басшысы сапарды қортындылай келе жағдай толық сараланып, акт жасалғаннан кейін қажетті көмек көрсетілетінін тілге тиек етті.
Пікір қалдыру