Жаңа оқу жылында Талдықорғанда үш бірдей жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыста жалпы біліммен қамтуға, оның ішінде заман талабына сай білім беретін ғимараттар салуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өңірдегі апатты мектептердің орнына жаңасын салу мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта өткен жылы 47 білім беру нысанын салуға және жаңғыртуға 26 млрд теңге бөлінген екен. Оның ішінде жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 24 ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Мұның көбісі облыстың халық молынан қоныстанған аудандарда жүзеге асқан. Ал облыс орталығындағы сұранысты өтеуге бөлінген қаржы толықтай игеріліп, нәтижесінде салынған ғимараттар мерзімінде қолданысқа беріліп отыр. Мысалға, алдағы жаңа оқу маусымының бастауында Талдықорған қаласында шыт жаңа музыка мектебі және әрқайсысы 1200 орындық екі жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашпақшы.
Жақында облыс әкімі Амандық Баталов құрылысы қызу жүріп жатқан білім ошақтарындағы жұмыс барысымен арнайы барып танысты. Аралау кезінде өңір басшысы әр нысанға қатысты ескертпелерін айтып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударуды тапсырды.
Облыс орталығындағы 300 орындық музыка мектебі жаңа Оңтүстік-Батыс тұрғын үй ауданында орналасқан. Екі қабатты ғимараттың кейпі амфитеатрға ұқсас, 200 орынға арналған жеке концерт залы бар. Нысандағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Осы ауданда 1200 орындық жалпы білім беретін мектептің де құрылысы жүріп жатыр. Ал 1200 орынға арналған тағы бір мектеп облыс орталығының солтүстік-батыс ауданында салынуда. Бас мердігері – «Melior Logistik» компаниясы, жобалаушысы – «Арлан-Жоба Құрылыс» ЖШС. Бұл білім нысанының құрылысы шілде айында аяқталуы тиіс. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы сапарында облыс әкімі мектептің қасбеті түсінің қандай болатынын нақтылап беріп, сол сияқты таңдалған ішкі есіктерін, жарық шамдары мен еден төсеніштерін көріп, мақұлдады. Осы үш нысанның да салынып бітетін мерзімі шілде айы деп жоспарланып отыр. Білім күнінде бұл білім ошақтары өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдамақ.
Сондай-ақ өңір басшысы Талдықорған қаласының аумағында салынып жатқан коттедж қалашығын да назардан тыс қалдырмады. Онда қазір төрт бөлмелі 48 пәтерден тұратын, жалпы алаңы 5,8 мың шаршы метр болатын 12 коттедж ғимараты салынып жатыр. Аралау барысында айтылғандай, жыл соңына дейін жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын 202 пәтерлі 166 коттедж тұрғызу көзделген. Облыс басшысы Амандық Баталов коттеджді қалашық аумағында шам бағаналарын ауыстыруды ескертті. Осы аралау барысында әкім биылғы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілетін жаңа драма театрына да соғып, әрлеу жұмыстарының барысын көрді.
Пікір қалдыру