Қазақстанның ұялы байланыс операторлары "Кселл" АҚ, "Кар-Тел" ЖШС, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС және "Алтел" ЖШС интерконнект мөлшерлемесін төмендету туралы келісті.
Ведомствоның мәліметінше, ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде вице-министр Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен "Кселл" АҚ, "Кар-Тел" ЖШС, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС және "Алтел" ЖШС байланыс операторларының кеңесі өтті.
"Операторлар арасындағы келіссөздер нәтижесінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап интерконнект мөлшерлемесін минутына 11,10 теңгеден 8 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін төмендету туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
"Біз операторларға бір жерде жиналып, бір шешімге келуге мүмкіндік бердік. Нәтижесінде, интерконнект биыл 28%-ға төмендейді. Бұл ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестікті дамытып, абоненттердің шығындарын азайтады", - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.
Бұдан басқа, Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, кездесу барысында операторлар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ұялы операторлар үшін интерконнект мөлшерлемесін минутына (ҚҚС-сыз) 5 теңге көлемінде бекітуге келісті.
Естеріңізге сала кетейік, интерконнект – операторлар арасындағы желіаралық байланыс. Интерконнект ставкасы бір оператордың басқа операторға өз абонентінің желіден тыс қоңырау шалғанда сөйлесудің әрбір минуты үшін төлейтін соманы анықтайды. Қазақстан жаңалықтары