Бүгінгідей жаһандық дағдарыстардың алдында тұрған алмағайып кезеңде дамудың серпінді жолын таңдаған мемлекетіміздің жаңаша сипатын қалыптастыруға әрбір қазақстандық мүдделі екені рас. Мемлекеттік саяси жүйелерді жетілдіру үшін қоғамды демократияландырып, экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға - елдегі саяси партиялардың қызметі маңызды рөл атқаратынын тағы білеміз. Осы орайда, еліміздегі жетекші, билеуші партия саналатын - Нұр Отан ХДП-ның соңғы кезеңдердегі еліміздегі және көршілес елдердегі шиеленісті мәселелерге қатысты үн-түнсіз отырғанына қарап көбіміздің көкейімізде күдікті сауалдар туындайды.
Енді, сол Бас партияның үн қатуын күткен бірнеше мәселені санамалап көрейікші.
- 2014 жылдың ақпанында теңге күрт құнсызданды. АҚШ ақшасының қазақ волютасына шаққандағы бағамы 185 теңгеге теңелді. Содан сәл ғана бұрын Бас Банкир Келімбетов "Ешқандай теңгенің құнсыздануы болмайды" деп жұртты сендірген болатын.
- Қазақ билігі мүдделі болған «Еуразиялық одақ» туралы қарапайым жұртшылық пікірі әр алуан болды. Тіпті «Тәуелсіздігімізден айырыламыз» деп те дабыл қақты.
- Ал Ресейдің сенаторлары мен белді тұлғалары(Жриновский бастаған) «Қазақ елін қайтарып алуымыз керек. Ол Ресейге тәуелді» деп көкіді.
- Еліміздегі ең танымал басылымдардың бірі «Жұлдыздар отбасы» журналының Бас редакторы Жарылқап Қалыбай «Гитлерді – ғасыр қасіреті» деп жазғаны үшін фашизмді насиағаттаған болып шыға келді. Сүйегі қурап қалған Гитлер үшін Жарылқаптың басы даудан арылған жоқ.
- Өткен жылдың 22 қазанында Сирияға барып, соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар туралы видео-ролик әлеуметтік желілер арқылы Қазақ елін дүр сілкіндірді. Тіпті олардың арасында бесіктен белі шықпаған сәбилерде жүр.
- Көршілес Украина елінде болып жатқан жағдайларға біздің одақтасымыз Ресей тікелей қатысып отыр.
- 2014 жылдың 2 қыркүйегінде «Еуразиялық одақ» аясындағы ең басты серігіміз Ресейдің Президенті Путин мырза: «Қазақта мемлекет болмаған» деп орыс жастарынан сүйінші сұрағандай болды.
- 2014 жылы Шетелдегі қандастар мәселесі – ең бір шырқау шегіне жетті. Алды келген елдеріне қайтты. Қалғандары көші-қонның жайын айтып, зар жылады. Елбасы Атажұртқа оралатын қазақа ешқандай тосқауыл қойылмасын деп кесіп айтты. Парламент Заң қабылдаймыз дегеннен әлі танған жоқ.
- 2014 жылдың 31 желтоқсан күні Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылының орталық алаңында қазақ және ұйғыр азаматтары арасында келіспеушіліктер болды. Тіпті бүкіл ел азаматтарына телефон арқылы үндеу жарияланды.
- Міне жақында ғана Сарыағашта болған жаңжал бүкіл Қазақ елін тағы да шулатты.
Қарап отырсақ, Тәуелсіз Қазақстанға тікелей қатысты шекараның іші-сыртында болып жатқан осындай мәселелерге «Нұр Отан» партиясының үн қатқанын естідіңіздер ме? Тым құрыса «тұншыққан» ақпарат пен өсек-аяңның ортасында дүрліккен жұртқа басу айтқанын да көрген жоқпыз.
Ал сонда «Нұр Отан» партиясы ештеңе істемеген бе» деп өткен жылға көз салсаң, қаптаған іс-шараларға қарық боласың. Елбасы жолдауын насихаттау мен қатып қалған саяси жиындардан басқа бірден еске түсетіні – айтыс. Оның соңы ұлттық құндылықты мазаққа айналдырған «Шоу-айтыспен» бірақ тоқтады. Екіншісі – КВН. Үшіншісі – асық ойыны. Төртіншісі – аударыспақ.... қойшы осылай кете береді. Қызыққа батасың да жатасың.
Ал мына жақта жұрт өзін мазалаған сұрақтарға Бас партиядан жауап күтеді, не дер екен, не істер екен дейді? Ләм-мим!
Хазірет Әбділда