CАРЫАҒАШ ЖАНЖАЛЫНЫҢ ҚЫСҚАША ХРОНИКАСЫ Оңтүстiк Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қазақтар мен тәжiктер арасында жанжал болып, бірнеше үй, дүкен, көлiктер өртелді. Бұл қақтығысқа тәжіктердің қолынан қаза тапқан отыз жасар Бақытжан Артықовтың өлімі себеп болған. Бақытжан Артықов жекеменшік жерін Шавхат және Наумидин деген екi тәжiк жiгiтiне жалға берген екен. Жалға алушылар 180 мың теңге қарыз болыпты-мыс. Сол күнi Шавхат Бақытжанмен хабарласып, осы ақшаны беру үшiн кездесуге шақырады. Кiсi өлiмi осы кездесуде болған. ҚАҚТЫҒЫСҚА ДЕЙІН... Бақытжан Артықов жекеменшік жерін Шавхат және Наумидин Нарметов деген екi тәжiк жiгiтiне жалға берген екен. Жалға алушылар Бақытжан Артықовқа 180 мың теңге қарыз болған. 3 АҚПАН КҮНІ Шавхат Бақытжанмен хабарласып, осы ақшаны беру үшiн кездесуге шақырады. 3-ІНЕН 4-ІНЕ ҚАРАҒАН ТҮНІ Сарыағаш ауданының Бостандық елді мекені маңынан Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың азаптап өлтірілген денесі табылды. 4 АҚПАН КҮНІ Қаза болған жігіттің туыстары мәйітті жерлеген соң, түс ауа көшеде өткен жиында айыптыны жазалауды талап ете бастады. Бақытжан Артықовтың ауылдастары жиналып, Бақытжанды өлтіруі мүмкін деп айыпталған Н.Нарметов үйінің маңында қақтығыстар ұйымдастырды. Бірнеше автокөлік өртеліп, аударылып тасталды. Бірқатар үйге зақым келтірілді. Жанжалды арнаулы полиция жасағы ауыздықтады. Сол күні аудандағы барлық байланыс желілері үзіліп тас-талды. 5 АҚПАН КҮНІ Қазақтардың жасаған iстерiне ызаланған тәжiктер де көтерiлiп, көшеге шықты. 6 АҚПАН КҮНІ Түнгi уақытта тәжіктер тұратын аудандағы үйлерді өртеу оқиғасы тағы тіркелді. 7 АҚПАН КҮНІ Сарыағаштағы жалпы жағдай қалыпқа келтірілді. Қазақстан ІІМ мен Өзбекстан ішкі істер органдарының қызметкерлері бірлесіп, Бақытжан Артықовты өлтірді деп айыпталған 1976 жылғы Н.Нарметовті Өзбекстан Республикасының аумағында қолға түсірді. Артынша Н.Нарметов Қазақстанға экстрадицияланды. 7 АҚПАННАН КЕЙІН Құзыретті органдар бұл оқиғаға қатардағы қылмыс ретінде қарап, тұрмыстық сипат беруге тырысып жатыр. ЕЛІМІЗДЕГІ СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДАҒЫЭТНИКАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАР • 2007 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай ауылының 37 жастағы тұрғыны Айдын Қалықов екі ұйғыр тұрғынның қолынан қаза тапты. • 2007 жылдың наурыз айында Алматы облысындағы Маловодное мен Қазатком елді мекенінде жергілікті бірнеше қазақ және шешен тұрғындары арасында бильярд залында төбелес шығып, оның соңы қақтығысқа ұласып, бес адам қаза тапты. • 2007 жылдың желтоқсан айында Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданына қарасты Маятас ауылында 4 жасар сәбиге 16 жастағы күрд зорлық жасады. • 2011 жылдың 25 ақпанында Алматы облысындағы Бесағаш ауылында 17 жастағы қазақ қызының қорланған денесі табылды. Бойжеткеннің өліміне 22 жастағы күрд азаматы күдікті ретінде ұсталып, Бесағаш ауылында дүрбелең туды. • 2014 жылдың 19 тамызында Алматы облысындағы Шеңгелді ауылында екі шешен азаматы 29 жастағы қазақты атып өлтіріп, екіншісін жаралап кетті. • 2015 жылдың 5 ақпанында Оңтүстiк Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қазақтар мен тәжiктер арасында қақтығыс болды. МАРҚҰМ БАҚЫТЖАН АРТЫҚОВ ҚАНДАЙ АДАМ ЕДІ? Бақытжан Артықов бір отбасының жалғыз ұлы екен. Арақ ішпейтін, темекіге әуестігі жоқ азаматтың артында бiр жастағы қызы мен 18 жасар жесірі қалған. 13 жасынан бастап бес уақыт намазын қаза жiбермеген, артық ауыз сөзi жоқ жан болыпты. Осындай жанның өлiмi оны танитындарға қатты әсер еткен. Беназир КЕНЖЕХАН, Бақытжан Артықовтың жары: Бақытжан жұмыстан кешкi сағат алты жарымдарда шығып, жетiден аса үйде болатын. Сол күнi «Бiр шаруа-лармен басшылар жiбермей жатыр» деп хабарласты. Сағат түнгi он екілерде телефон шалып, үйге келе жатқанын айтты. Алайда тым кешiгiп кеттi. Ұялы телефонын алмады. Осыдан кейiн достарына хабарласа бастадым. Бiр досымыздың келiншегiмен сөйлескенiмде, ол маған «бекем бол» дегендi айтты. Бiр сұмдықты iшiмiз сезгенмен, не болғанын әлi де түсiне алмадық. Атам (марқұмның әкесi – ред.) ағайын iнiсiнiң көлiгiмен Бақытжанды iздеуге шығып кеттi. Сарыағаштағы ауруханаға дейiн барыпты. Бақытжанды алып әне-мiне үйге оралатындай көрiндi. Алайда таңғы сағат төрттердiң шамасында атам «Бақытжанды таба алмадым» деп үйге өзi ғана оралды. Оның қаза тапқанын бiр ағайынымыз келiп хабарлады. Айнұр АРТЫҚОВА, Бақытжанның қарындасы: Бақытжанды өлтiрiп, көлiкке салып, Келес өзенiнiң бойы-на апарып тастаған. Негiзгi мақсаттары мәйiттi көлiкпен бiрге өзенге батырып жiберу болған сияқты. Алайда бұл ойлары жүзеге аспай қалған. Ағамды айуандықпен азаптап өлтiрген. Кеңiрдегiн кесiп, басынан тоғыз жерден пышақ ұрған, құлағына темiр тыққан. 180 мың теңгеге бола адамды осыншама азаптап өлтiруге бола ма? БАҚЫТЖАНДЫ ӨЛТІРДІ ДЕП АЙЫПТАЛҒАН НАУМИДИН НАРМЕТОВ ДЕГЕН КІМ? Ынтымақ ауылы Сарыағаш ауданының Жартытөбе ауылдық округiне қарайды. Сарыағаш қаласынан 15 шақырым қашықтықта жатыр. Тәжiк, қазақ ұлттары араласа қоныстанған. Елдi мекендер бiр-бiрiне қосылып кеткен. Тәжiктердiң үлкен шоғыры жергiлiктi қазақтар «Жынтөбе» деп атап кеткен Бостандық елдi мекенiнде қоныстанған. Наумидин Нарметов – осы Бостандық ауылының тұрғыны. Бақытжанның өлi денесi де осы ауылға жақын жерден, 3-iнен 4-iне қараған түнi сағат екiлердiң шамасында табылған. САРЫАҒАШҚА ТӘЖІКТЕР ҚАЛАЙ КЕЛГЕН? Сарыағаш – экономикалық потенциалы мықты аудан. Жанжал болған Ынтымақ, Бостандық ауылдары Жартытөбе ауылдық округіне қарайды. Кеңес дәуірінде осы екі ауылды бөліп-жармай, «совхоз Ленин» немесе «тәжік ауыл» деп атайтын болған. Себебі осы Ынтымақ, Бостандық ауылдарында тәжіктер көп тұрады. Бұл ауылдарға тәжіктердің дені 1955-1956 жылдары тың игеру кезінде келген. Бұлар 1956 жылға дейін қазіргі Өзбекстан аумағында қалып қойған Бостандық ауданында тұрыпты. Баяғы өздері тұрған ауданның атына байланысты болса керек, еліміз егемендік алғаннан кейін тәжік ағайындар «совхоз Ленин» деп аталатын ауылдарының атын Бостандық деп қойған. Қариялардың айтуы бойынша, қазіргі Ынтымақ, Бостандық ауылдары орналасқан жерге 1954 жылы ең бірінші болып жалғыз Рысқыддин Нагитов деген тәжік кісінің отбасы көшіп келген екен. Сосын 1-2 жылдың ішінде 200-дей тәжік отбасы көшіп келіп орныққан. ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫ ШЕШУДІҢ ЖОЛЫ АҚПАРАТТЫ ТІЗГІНДЕУ МЕ? Біздің билік Бақытжан Артықовтың өлiмiнен кейiн қазақ ұлты мен тәжік этносының арасында жаппай қақтығыс болғанын жасыруға тырысты. Марқұмды жерлеп болған күннiң ертеңiнде, яғни 5 ақпанда бiр топ қазақ жiгiттерi тәжiктер тұратын көшелердi талқандауды бастағанын халық әлеуметтік желілер арқылы білді. Артынша телефон, интернет, тағы басқа да байланыс желілері үзіліп тасталды. Үйлердi, көлiктердi, дүкендердi өртегендерді оқиға орнына шұғыл жеткен жедел әрекет ету жасағы басқанын бірнеше күннен кейін БАҚ-тан оқып білдік. Ең қызығы, ешбір басылым қазақтардың жасаған iсiне ызаланған тәжiктер де көтерiлiп, көшеге шыққанын жазған жоқ. Бұл ненің белгісі? Ұлтаралық қақтығысты шешудің жолы ақпаратты тізгіндеу ме? Бұл сұраққа бүкіл халық жауап іздеуі керек...
("Жұлдыздар отбасы" журналы)