"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне
(Орталықтанған мемлекеттік жүйеден, «мәңгілік ел» идеясына дейін)
« Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады... » Н.Ә.Назарбаев.
Қазақ елінің тәуелсіздігінің тұғыры бекіп, төрт құбылысы нығайған сайын оның болашағы мен тарихына деген қызығушылық оянып, арта түсуде. Қазақ халқының құрылуының Евразия тарихында алатын орны ерекше. Сондықтан да қазақтың құрылуы,қазіргі күннің талаптар тұрғысынан рулық немесе таптық емес, жаңаша көзқарастармен зерттеу, кезек күттірмейтін маңызды мәселеге жатады.Күн сайын еліміздің мемлекеттілік тұғырының нығаюы, бүкіл әлем алдында саяси және экономикалық беделінің өсуі, мемлекетіміздің халықаралық кеңістіктегі орнын айқындап отыр. Жаһан алдында қазақ мемлекеті өзінің тәуелсіздігі мен халықаралық саясаттығы тегеурінді іс-қимылымен көзге түсуде. Міне сондықтан қазіргі мемлекетіміздің бір белесі болып табылатын, қазақ хандығының тарихы барлығымызды қызықтырары ақиқат.Қазақ хандығы деп аталатын мемлекеттің 1460 жылдары Шудың бойында басталып жарты ғасырдан кейін, қазіргі қазақ елінің жерін қалыптастырып, бір тіл мен бір дінге бағынған, үлкен елге айналды. Бұл орталықтандырылған билік жүйесінің арқасы еді. Егер салыстырмалы түрде алсақ сол кезде шаңырақ көтерген басқа елдер 20-30 жылдан кейін құрып кеткені болатын. Қазақ хандығының тарихнамасында ақтаңдақтар баршылық . Соңғы он - он бес жылда ғылыми әдебиетте және бұқаралық ақпарат құралдарында мына бір мәселелер көбірек айтылып, талқылануда: 1.Қазақ мемлекеттігі қай дәуірден басталады 2.Қазақ хандығы қашан құрылды? 3.Хан болған кім-Жәнібек пе, әлде Керей ме? 4.Қазақ хандығының құрылғандығына қанша жыл? Қазақ хандығының құрылуы, әрісі Евразия даласында берісі Дешті Қыпшақ аумағында ежелден бері үзілмей жалғасып келе жатқан этникалық, мәдени-рухани дамулар, ХІІІ-ХV ғғ. саяси процестердің заңда қорытындысы ретінде ХV ғасырдың ортасында тарих сахынасына орталықтандырылған мемлекеттік құрылымдардың пайда болған кезіне сәйкес келді. Орта Азияда- Шайбанидтар, Үндістанда-ұлы Моғолдар, Иранда- Сефевидтер, Түркияда –Оттаман империясы, Ресей империясы осы тұстарда бой көтерді. Қазақ хандығының құрылуында Керей мен Жәнібек хандардың атқарған басты тарихи- саяси еңбегін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Бірақ екі ханның ісін мойындағанымен тарихшылар ортасында әлі күнге дейін, хандықтың нақты қай жылы құрылғандығы жөнінде ортақ бірауыздылық жоқ, дей тұрсақ та, қазақ хандығының құрылу мәселесі алғаш рет ХІХғ. 60 жылдарында шығыстанушы В.В.Вельяминов-Зерновтың Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққан «Исследование о Касимовских царях и царевичах» атты зерттеуінің екінші кітабында айтылып,онда Әбілқайыр ханның Дешті-Қыпшақ та билеуші болып тұрғанын айта келе,Керей мен Жәнібектің көшуі туралы оқиғаны түсіндіріп шамамен (860)-1456) деп берген.[1] Кейіннен бұл датаны Ш.Құдайбердіұлы,А Чулошников, М.Тынышбаев өз еңбектеріне енгізген.[2]Тарихшы Ә.Хасенов Қазақ хандығы 1428 жылы құрылды деген пікірді дәлелдеп, кейін бұл мерзімнен бас тартып 1445 жылы деп ұсынған.[3] 1458 жылы құрылған деп т.ғ.д. профессор Б.Б.Кәрібаев дәлелдеп, тұжырымдайды.[4] 1465-1466 жылдар шамасында құрылған деп М.Х.Дулати «Тарихшы Рашиди» деген еңбегінде көрсеткен.[5]Бұл деректі шығыстанушы М.Қ.Әбусейітова пайдаланып өз зерттеуінде ұсынған.[6] Тарихшы, шығыстанушы Т.И.Сұлтанов аталмыш мәселені зерттеп, Қазақ хандығының құрылуы 1470 жылы аяқталды деп түйіндейді.[7] Менің пікірімше, бірнеше этникалық тайпалар мен халықтардан құралып, ұлы ақын Мағжан айтқандай «қара шаңырақтың иесі» болып қалған қазақ ұлтының алғашқы мемлекеттік қалпы сатылы әрі жүйле қалыптасқандықтан бір мезгілде аяқталуы тарихи-саяси заңдылық. Яғни, 1465 жылы Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының іргесін қалап, 1470 жылы мемлекеттігінің шаңырағы көтерілді деуге болады. Жәнібек пен Керейдің билігін мойындап оларды қолдаған тайпалар мен Әбілқайыр ханның «өзбектерінің» арасында этникалық құрамы жөнінен, әлеуметтік –мәдени дамуы, кәсібінің тегі, материалдық тұрмысы, шаруашылығы жөнінен де еш айырмашылығы болмады. Ақ Орда мемлекетін, Әбілқайыр хандығын, Моғолстанның солтүстік бөлігін, Ноғай Ордасын қазақ халқының ірі-ірі этникалық топтары мекендеді. Қазақ хандығы осы мемлекеттердің тікелей жалғасы болды. Бұл мемлекеттердің бәрінің- Қазақ хандығы ізашарларының құрылуы прогресшіл болғаны күмәнсіз. Ақ Орданы да, Әбілқайыр хандығын да Шыңғыс хан ұрпақтары басқарғанымен, Алтын Ордадан айырмашылығы сол- олар жергілікті тайпалар одағының негізінде, шын мәнінде- қалыптсқан қазақ халқының негізінде пайда болды. ХІІІ-ХІV ғасырларда Қазақстанда татар-монғол жаулап алушыларының билігі Жошы ұлысының батыс бөлігі Алтын Ордадағы сияқты тікелей болған жоқ, қайта «бұл далада монғол-татар ақсүйектерінің ұлыс басқаруының дамымағандығы себепті жергілікті шығыс-қыпшақ ақсүйектерімен едәуір дәрежеде жанама түрде» болды.[8] Қазақ этносының құрамына кірген рулар мен тайпалардың көбісі ХV ғасырдың 40-50 жылдарының өзінде Қазақстанның оңтүстігіндегі жерлерде, Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың төңірегіне топтасқан еді. Ортағасырлақ жазба деректердің ішінде темірлік шежіреші Камал ад-дин Әбдіразақ Самарқандидің «Матлағ ас-сағдайын ва маджемағ ал-бахрайн» (Екі бақытты жұлдыздың шыққан және екі теңіздің түйіскен жері) шығармасы мен аштарханилық жылнамашы Махмұд бен Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» (Море тайн относительно доблести благородных) атты тарихи еңбегінде, Әбілқайыр ханның қырда өз билігін тұрақтандырып, нығайту жолында жүргенде,Ұрыс хан (Орыс хан) мұрагерлері оңтүстік аймақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды.[9] Ортағасырлық «Таварих-и гузидайи нусрат-наме» еңбегіндегі шежіреге сүйенсек, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей немере ағайын болған, яғни өте жақын туыс болмаған. Керей ханның шежіресі:Ұрыс хан-Тоқтақия-Полад-Керей хан. Жәнібек ханның шежіресі:Ұрыс хан-Құйыршық-Барақ хан-Жәнібек хан. Жәнібек хан өз әкесі Барақ ханның тура мұрагері және мирасқоры болатын, оның атасы Құйыршық та хан болған. Керей ханның Жәнібектен жасы үлкен болған және ол Ұрыс ханның үлкен ұлы және мирасқоры, бірақ Ұрыс ханнан кейін көп ұзамай 778 жылы (1376-1377ж.ж.) қайтыс болған Тоқтақияның немересі еді, ал Жәнібек Ұрыс ханның төртінші ұлы Құйыршықтың немересі болатын.[10] Ақ Орда мемлекеті билеушілерінің бірі Ұрыс ханның әулетінен тараған Керейдің Жәнібектен жолы, әрі жасы үлкен болғандықтан баба жолымен Қазақ хандығының тағына бірінші отырған. XV ғ.70 жылдары Сыр өңірі мен Қаратау жеріндегі сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын қалалар Сауран, Созақ, Сығанақ, Түркістанда өз биліктерін орнату үшін Керей мен Жәнібек, Бұрындық хандар Шайбани әулетімен күрес жүргізді. Ақыры Мұхаммед Шайбани Дешті-Қыпшақтан Мәуереннахрға кетіп, мұнда Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, билікті басып алған. XVI-XVII ғ.ғ. Қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы Қасым хан тұсында едәуір ұлғая түсті. Қасым хан шонжарлардың қарсылығын әлсіретіп, әскери қуатын арттырды. Тарихи деректемелерге қарағанда, қазақтардың этникалық территориясының негізгі жерлері қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген.[11] Қасым хан тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда-саттық және дипломатиялық қарым-қатынас жасалып, князь Василий III тұсында Москва княздығымен дипломатиялық келісім орнатылып, қазақ дербес халық ретінде батыс Европаға танылғандығын Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн өзінің жазбаларында баяндады. Мемлекеттің ішкі жағдайы «Қасым ханның қасқа жолы» деген заң әдет-ғұрып ережелері негізінде қалыптасып, халық саны 1 миллион адамға жеткен.[12] Қасым хан қайтыс болғаннан соң мұрагерлері арасында өкімет билігіне талас туды. Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тауып, ханның немере інісі Таһир таққа отырды.Таһир хан әскери-саяси істерге олақ, дипломатиялық дарыны жоқ, қол астындағыларға қатал, қытымыр адам еді. Ол ішкі тартыстарды тия алмады, соған қарамастан төңіректегі елдердің бәрімен жауласты. Бұл оны үлкен жеңілістерге ұшыратып, Қасым хан тұсындағы халық пен жердің азаюы етек алды.Таһирдан кейін таққа отырған Бұйдаш өз кезегінде ішкі тұрақтылық пен орталықтанған билікті қалпына келтіре алмады. Бұл аласапыран он-он бес жылға дейін созылды. Қасым ханның баласы Хақназар тұсында қазақ елі бірігіп, дами түсті. Елді Хақназар хан қырық жылдан аса биледі. Ол ел басқару қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да, қабілетті қайраткер болды. Оның дарынды дипломатиялық қабілетінің арқасында қазақ-қырғыз одағы нығайып, шығыс жылнамашысы Хайдар ибн Әли әл-Хұсайн Разидің «Тарих-и-Хайдари» еңбегінде қазақ ханы Хақназар «Қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп аталады.[13] Хақназар хан Ноғай ордасындағы алауыздықты пайдаланып, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Сыр бойындағы қалалар Сауран, Түркістан қазақ қолына көшті. Қазақ хандығы Тәуекел хан тұсында Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін күресті. Ол сыр бойындағы қалалардың көпшілігін өзіне бағындырып, Ташкент, Самарқанд қалаларын қазақ хандығына қаратты. Ресей мемлекеті мен қазақ хандығы арасында дипломатиялық қарым-қатынас күшейе түсті. Ресей Қазақ хандығымен одақтасып, Сібір ханы Көшімге қарсы күресу, осы одақтастықты пайдаланып, Орта Азия хандарымен келіссөз жүргізу,Тәуекел хан мен Иран шахы Аббас І арасында Бұхара хандығына қарсы одақ құрғызу еді. Бұл одақ нәтижесінде қазақ пен орыстың жері кеңіп, сыртқы бәсекелестерінің иеліктері олардың қолына өтті. Есімхан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды. Ол өз дәуірінде Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. Есім хан елдің ішкі жағдайында бағындыру саясатын жүргізді. Сондықтан ол қанға қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салуды қолданды. Халық Есім хан заңдарын «Есім хан салған ескі жол»деп атаған. XVII ғ.ІІ жартысында Қазақ хандығының жағдайы тұрақсыз болды. Жәңгір хан билікке келгенімен қазақ жеріне ойрат-жоңғар басқыншылары қауіп төндіріп, елдің бірікпегенін өте сәтті пайдаланды. Жәңгір хан дәуірінде ойрат-жоңғарларға қарсы үш ірі шайқас:1635,1643,1652 жылдары болды. Оларға қарсы Бұхар хандығымен, қырғыздармен, Шинжаңдағы Яркент хандығымен әскери-саяси одақ жасалынды. Бірақ бұл одақтар жаудың бетін қайтаруға ғана жетті. Азаттық үшін күрес Жәңгірдің баласы Тәуке хан тұсында жалғасты.Тәуке хан қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрыңғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдарын толықтырып дамыту негізінде «Жеті жарғы» заңын жасады. «Жеті жарғы» орыс тарихында «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Тәуке ханның қазақ тарихында «Әз Тәуке», «адамзаттың данасы» аталу себебін, өз заманында ішкі тұрақсыздықты тоқтатып, көрші қырғыз тайпалары мен қарақалпақ тайпаларын өз билері Қоқым Қарашор мен Сасық би арқылы басқарып, әскери-саяси одақты сыртқы жауына қарсы тиімді пайдалануымен түсіндіруге болады.Тәуке хан 1694 жылы хан ордасында орыс елшілері Скибин мен Трошинді қабылдағанда оларға: «Түрік сұлтанының немесе қызылбас (парсы) шахының менен, Тәуке ханнан несі артық? Олар да мен сияқты ғой»- депті.[14] Бұдан Тәуке ханның өз елінін мәртебесін ешбір елден кем санамайтындығын түсіну қиын емес. Өкінішке орай,Тәуке хан кенеттен белгісіз жағдайдан қайтыс болды. 1730 ж. кіші жүздің игіжақсылары «ел ісін талқылауға жиналып» бас қосқанда Әбілхайыр хан Ресей императорына протектораттық (қорғаушы) жайында грамота жібереді. Міне осы уақыттан бастап Қазақстанның жағдайы өзгеше геосаяси ортада шешіледі. Бір ғасырға жуық уақыттан кейін Қазақ даласында отарлау мәселесі шешілгеннен кейін дәстүрлі хандық билік жойылады. Қазақ халқының басына киілген қамыт Орта Азияның жұртын бұғаулап, отарлау көшпелілердің жеріне дендеп енеді. XX ғ. басындағы Қазан төңкерісімен әйгілі «Аврора» екпіні көшпелілердің соңғы тұяғы қазақтардың тіршілігіне қаяу түсіріп, ұлттық ерекшелік пен төлтума мәдениеттің мәйегін жойып жіберді. Бірақ тағдырдың жазуымен 1991 ж. қазанында Қазақстан бодандықтың бұғауынан босанып, бостандықтың байрағын көтерді. XX ғ. аяғында тәуелсіз қазақ елі тар жол тайғақ кешіп XXI ғ. әлемді мойындатқан іргелі мемлекетке айналды. Бабаларымыздың білектің күшімен, қылыштың жүзімен біріктіріп, салиқалы сарабдал саясатымен алып қалған, осынау ұлан-ғайыр жеріміз, келер ұрпаққа аманат етер қасиетіміз. Елбасының «Мәңгілік ел», идеясының негізгі өзегі, ел мен жердің бірлігі мен тұтастығында, бабалардың дара жолында жатыр.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1.Вельяминов-Зернов В.В.Исследование о Касимовских царях и царевичах.Часть вторая СПб,1864.134-143стр. 2.М.Тынышпаев Великие бедствия...(Ақтабан шұбырынды)А 1996 605стр.,Чулошников А.П.Очерки по истории казак-киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских народов.Оренбург,1924,ч.1,134-161стр. 3.Ә.Хасенов Қазақ хандығы қай жылы құрылды? «Қазақ тарихы» журналы №2,1993,38-41бб.Хасенов Ә Қазақ тарихының баяны.А.,1996.175 б. 4.Кәрібаев Б.Б. Қоғамдық-тарихи дамудың нәтижесі. «Қазақ тарихы». 1993,№3,31-37бб.Соныкі.Қазақ хандығының құрылуы. «Қазақ тарихы». 1995,№4,21-29бб,№5,20-27, №6,15-20бб. 5.Мұхамед Хайдар Дулат. Тарих-и Рашиди(Хақ жолындағылар тарихы)А.2003.110-115бб. 6.Абусейтова М.Х. Казахское ханство во второй половине ХVвека.А,1985,40бб. 7.Сұлтанов Т.И.Кочевые племена в ХV-ХVII в.в.1982.Соныкі. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана.А.2001,124-137б.б. 8.Федоров-Давыдов Г.А.Общественный строй Золтой Орды.М.,1975,83б. 9.Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды.Т.ІІ.(Извлечения из персидских сочинений,собранные В.Г.Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.А.Волиным.)М.Л.1941. Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар.//Материалы по истории Казахских ханств в ХV-ХVІІІ вв.(Извлечения из персидских и тюркских сочинений) Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. А,1969ж. 10.Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІтом, А.,1998, 330б. 11. Н. Мыңжан Қазақтың қысқаша тарихы. (арап қарпінен көшірген М.Қани) А. 1994,241 бет. 12.Мұхамед Хайдар Дулат. Тарих-и Рашиди(Хақ жолындағылар тарихы)А.2003 13.Н. Мыңжан Қазақтың қысқаша тарихы. А. 1994,251 бет 14.Қазақ ССР тарихы I том А. 1957,191 бет.
Әуезов Ғабдол Жанділдаұлы №8 қазақ гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі, тарих ғылымының магистрі. Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы

