Мақтарал ауданын қалай дамытуға болады? Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың қандай жолдары бар? Мырзашөл өңіріндегі мақта дақылының болашағы қандай? Ел арасындағы ынтымақ, бірлікті қалай нығайта аламыз? Осы және өзге де өзекті сауалдар Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың аудан ақсақалдарымен кездесуінде талқыланды.
Соңғы жылдары Мырзашөл өңірінің экономикалық дамуы көрсеткіштері көңіл көншітпей отырғаны жасырын емес. Аймақта ірі кәсіпорындар ашу, индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру жолында бірқатар қиындықтар бар. Инвестор тарту, шетелден қомақты қаржы әкелу секілді жауапты істерде ауданның облыс орталығынан шетқары орналасқандығы, көліктік-логистикалық байланыстың өз деңгейінде дамымауы, темір жол, әуе қатынасы байланыстарының жоқтығы едәуір кедергі келтіріп отырғаны рас.
Десек те, ауданда ауыл шаруашылығы саласында алға ілгерілеушілік байқалады. Мақта егіп, бақша өнімдерін өсіруде облыста теңдесі жоқ аудан дихандары жыл сайын жаңа ізденістерге бет бұрып келеді. Ағын су тапшылығы, суармалы жерлердің сорлануы, зиянкестердің көбеюі секілді түйткілдермен күресуде аудан еңбеккерлерінің еңбегі орасан. Осы жайттарды тілге тиек еткен аудан әкімі Жамантай Қанайұлы өмірлік тәжірибесі бай, агро саланың нағыз мамандары болған ақсақалдарды әңгімеге тартты.
Өз кезегінде сөз алған ақсақалдар жаңадан тағайындалған аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда жан аямай қызмет етуге шақырды. Осы ретте олар бір ауыздан аудан басшысына қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Сондай-ақ ақсақалдар алдағы жылдары аудандағы егістік жерлерді әртараптандыру мәселелеріне мән беру керектігіне тоқталды. Соңғы жылдары ауданда мақта егістігінің көлемі қысқарып келе жатқаны байқалады. Себебі, ақ алтын егіп, өсірудің, күтіп-баптаудың жыл сайын қиындай түскені жасырын емес. Тіпті шаруалар шығынын өтей алмай, қиналған кезеңдердің туындағанын да еске алды. Мәселенің мән жайын бағамдаған аудан әкімі алдағы уақытта өңірден жүгері, жаңғақ, қарқынды бау егу жұмыстары қарқын алатынын айтты. Биылдың өзінде шаруаларға ауданда 10 мың гектар аумаққа жүгері егу ұсынылып отыр. Оны қайта өңдеу ісі де жандана түсетін болады.
Бұдан бөлек, жылыжайлар көлемі артып, тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдану жоспарлануда. Сонымен қатар ауданнан ірі тауық фермасын салу, құс шаруашылығымен айналысатын кооператив құру жұмыстары да қолға алынатын болады.
Жиынды қорытқан аудан басшы алдағы жоспарларды бірлесіп іске асыруда өңір халқының ауызбіршілігі, ымыралы ынтымағы маңызды рөл атқаратынын ескеріп, ақсақалдарды ел ішін ынтымаққа үндеп жүруге шақырды.