Шетелдегі қандастардың арасында қазақ мәдениетін, әдебиеті мен салт-дәстүрін дәріптеп жүрген Алтынай Қайдоллақызының есімі Ресей қазақтарының арасында кеңінен танымал. Алтынай Қайдоллақызы бүгінде Ресейдің Омбы облысындағы "Сібір-Мөлдірі" қазақ этно-мәдени орталығының төрайымы. Ресей Федерациясының барлық облыстарында қазақтың дәстүр-ғұрпын насихаттайтын мәдени-әдеби сазды кештер мен көрмелер ұйымдастыруды азаматтық парызым деп есептейтін Алтынай ханым арнайы Qamshy.kz ақпараттық порталына сұхбат берді.
– Алтынай Қайдоллақызы Қазақстанға қош келдіңіз. Сіздің жетекшілік ететін "Сібір-Мөлдірі" қазақ этно-мәдени орталығы қашан құрылған? Бүгінгі күнге дейін қандай жетістіктерге жеттіңіздер? Атқарған шаруаларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
- Біздің Омбыдағы "Сібір-Мөлдірі" мәдени орталығымыз 1989 жылы құрылған. Өткен жылы 25 жылдық мерей тойымызды тойлаған болатынбыз. Соған орай үлкен ғылыми конференция ұйымдастырдық. Біздің Қазақстанмен байланысымыз сонау 1992 жылдан бері қарай, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайынан бері үзілген емес.
– Ресейдің басқа қалаларында да осындай орталықтар бар ма? Және сіздер сол орталықтармен байланыстасыздар ма?
- Өзіміздің көршілес Түмен қазақтарымен, Новосібір қазақтарымен, Саратов, Челябин қазақтарымен бірлесе отырып іс-шаралар атқарудамыз. Ресейдің бас қалаларында, тіпті Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Орынбор, Астрахан секілді қалаларда қазақтардың мәдени орталықтары бар.
– Қанша дегенімен жат жер, бөтен орта деген. Ертеңгі ұрпақ қамы үшін елге оралу туралы ойландыңыздар ма?
- Біз жергілікті қазақтармыз. Сол жерде туып өскен, біздің балаларымыз сол жерде туып, білім алып азамат болып келеді. Ресей билігі тарапынан ашық қысым көрмегенімізбен, атажұртқа аңсарымыз ауып тұрады. Тіпті, елге оралып жатқандар да аз емес. Қалтасында қаражаты барлар, жағдайы барлар қазір елге оралып, Астана, Алматы секілді қалалардан үй алып жатыр.
Алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Бұл жыл-Ресейде әдебиет жылы деп жарияланған. Соған орай Пушкин атындағы облыстық кітапханада Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына арналған үлкен ғылыми конференция өткіздік. Бізде "Достар үйі" деген орталық бар. Ресейдегі барлық этно-мәдени орталықтар сол "Достар үйінде" кезек-кезегімен түрлі шаралар ұйымдастырады. Біз Омбыдағы тұңғыш қазақ мәдени орталығын құрдық. Бізден кейін ғана украиндер, еврейлер ашқан болатын. Біз сол орталықта қазақ тілін үйренгісі келетін барлық талапкерлерді дайындап, түрлі жарыстарға жіберіп тұрамыз. Мысалы, Астанадағы "Дарын" олимпиадаларына әзірлейміз. Олар жақсы нәтежиелер көрсетіп келеді.
– Енді, Ресейдегі қандастарымыз жайлы әңгіме өрбітсек. Жалпы Ресейде, оның ішінде өздеріңіздің Омбыда неше мың қазақ тұрады?
– Жалпы Ресейде ресми статистка бойынша - 1 миллион 200 мың қазақ тұрады. Ал біздің Омбыда 85 мыңнан астам жанұя бар. Бұл ресми санақ қорытындысы ғой. Негізінен одан бернеше есе көп. Қазақ тіліне келер болсақ, Омбы облысында 50-ден астам қазақ ауылдары бар. Байдалин, Қоянбай, Қарағаш, Жарағаш, Белсенді, Қасқаат, Тұмар т.б. Тіпті, өздеріңіз келер болсаңыздар, Омбыға кіреберісте де "Омбы" деп қазақ тілінде жазылған.
– Мысалы, бізде орта мектеп бағдарламасында арнайы Орыс тілі мен әдебиеті пәні негізгі пән ретінде оқытылады. Ал Ресей орта мектептерде қазақ тілі пәні оқытыла ма?
- Таза қазақтар шоғырланға ауылдарда 9 бірдей мектепте қазақ тілі оқытылады. Бірақ, жоғарыдағы мектептерде аптасына 1 сағат қазақ тілі, 1 сағат әдебиеті пәні оқытылады. Одан басқа жоқ, артық бере алмаймыз дейді. Бұл қазақ тілін үйренеміз деушілер үшін, біздің балаларымыз үшін жеткіліксіз. Мейлі, біз орта буын өзімізің атажұртымызды, ана тілімізді білгенімізбен, ертең біздің балаларымыз қазақ тілінен мүлдем мақұрым қалу қауіпі бар ғой. Мұның шешімі, Қазақстан үкіметі өздерінің ресейлік әріптестерімен бір келісімге келіп, осы мәселені көп кешіктірмей шешсе біздің одан басқа сұрарымыз жоқ болар еді. Біз мектептердегі қазақ тілі пәнінің сағатын ұзарту мәселесін көтеріп талай табалдырықты тоздырғанбыз. Сонда бізге Омбы әкімшілігі-қазақтардың өздерінің оқығысы келмейді-деген еді. Бұл жалған, әрине. Біздің министрлік, білім министрлігі осы мәселені мемлекеттік деңгейде көтеретін болса ғана Ресей жағы қазақ балалары оқитын мектептердегі қазақ тілін кеңірек оқытуға мүмкіндік туар еді. Бұл жай ғана айта салатын мәселе емес, бұл дабыл!
Әңгімелескен: Самғар Рахым