Қазақтың ұлттық мәселесі

/uploads/thumbnail/20170708170729023_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік ел! Ол барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Н.Ә.Назарбаев

Қазақ елі қиын қыстау күндерден аман өтіп, қаһары қайтпайтын зұлмат кезеңдерді, даласындай санқырлы, қатпарлы тарихты басынан өткізгені баршаға аян. Еуразияның кіндігін ұстап тұрған қазақ сахарасы – әлемнің төрт бұрышымен түгел шектесіп, әртүрлі ұлттармен ұштасып жатқан мемлекетіміздің күре тамыры сонау Керей мен Жәнібек бастап берген қазақ хандығы құрылғаннан бастап бүгінгі көк туын көкке көтерген күнге дейін тереңге жайылып жатқан елміз. Киелі мекеніміздің ғасырларға жалғасуы едігіміздің де, ерлігіміздің де сын болған кезеңде не бір саяси, ел үшін жан алып жан берген қырғи қабақ соғыстар, елді жұтатқан аштық, ақтабан шұбырынды алқакөл жылдарда елдің рухын биіктетіп, қайратын асырып, намысын көкке көтерген тіл мен қаруды, сөз бен істі, батырлық пен билікті қатар алып жүрген айбарлы да, айбатты қол бастаған батырларымыз, ел бастаған көсемдеріміз арқасында тұғыры биік тәуелсіздікке де қол жеткіздік қой. Ақтабан шұбырыдыдан алқакөл сұламаны кешіп, ұлыстың ұлылығын ұлықтап, етек жеңін жинап, елдің тізгінін ұстап үш жүздің басын қосқан хан Абылай күллі қазақтың рухын көтеріп кеткен ұлы дала перзенті еді. Елін сүйген ерлердің ерлігі арқасында ерін сүйген елдің жаны толқып, сезімі, өнері тасқан заманда халық Абылай, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абай сынды ұлы перзенттерін тарихтың төріне шығарды емес пе? Қазақ елі күш жиып ышқына көтеріліп, елдіктің байрағын желбіретуі Өтеген, Кенесары, Райымбек, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Ер Төлек, Махамбет сынды батырларымыздың арқасында, яғни ұлттың қысталаң шақтарында елдің қабырғасы қатып, буыны бекімеген тұста жалаң батырлықтан ғана емес, өрттің ішіне елімен бірге түсіп, ел қамын ойлаған, басын тауға да тасқа да ұрып, беймаза тірлік кешкен, етігімен су кешіп, еңіретіп елің жылатпаған текті халықтың ұрпағы емеспіз бе? Елдің елдігін, дәстүр мәдениетін берік көпір қылып жалғайтын, тарихтың қойнауын үндестіретін, алтын тамыр танытатын халықтың даналық сөздері, мақал-мәтелдері, батырлар жыры, ауыз әдебиеті, осының бәрі рухани дүниеміздің құндылығында жатқан жоқ па? Ұлы ақын Абай айтқандай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселемен озбақ керек» демей ме? Ұлы ақын Абайдың ұлағатын ұғып, ақыл,қайрат, жүректі бірдей ұстап, қазақы топырақтың тілін танып, тамырын басып, ұлы ойшылдардың адамдық тұжырымдарына құлағымызды түре жүрсек, тәуелсіз елдің ұлттық мәдениетін, мемлекеттік бағдарын нақты айқындап, рухани қазынамыздың бесігін дұрыс тербете білсек, бұдан асқан байлық, бұдан асқан бақыт бар ма? Жаратылыста адамның руханишылығынан, адамның ақыл ойынан таза, құдіретті, сана-сезімінен кіршіксіз не бар екен? Қала берді, қоғам да, мемлекетте жаратқан адамның ой-парасаты, таланты. Мемлекеттің ең басты мәселесі ұлттық идеологиясында жатқан жоқ па? Талай-талай шашырап тозған тұста едің іргесін шайқалтпай ұстап қалған да осы ұлттық идеологиямыздың арқасында емес пе? Қазақ елі өзін өзі әлемге таныстыруы, паш етуі ұлттық идеологиямыздың мықты жоғары деңгейінде болуында, қара қылды қақ жарған тазалығында, ұлттық болмысында, таным дариясында жатыр. Басқа жол – бұлдыр, басқа өріс – тұлдыр. Бойымызды тік ұстап, елдігіміздің мәртебесін биікке арттырамыз десек, халықтың даналық қайнарларын терең ұғып, тұнығын тұндыра түсуіміз қажет, Қай халықты алып қарасанда батырлығы жағынан, асқан даналығы жағынанда, өнері жағынан да қазақ халқынан асқан ел бар ма?Алтайдан Атырауға дейін ұлан байтақ жерді алып жатқан қазақ даласының жұмақтай жұмбақ сахарасының құпиясы Еуропа мен Азияны тегін алаңдатпай отыр. Осыншама өлкені еркін жайлап, кең көсілген жайсаң жұрттың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінез құлқы көкірегінде көзі бар жанды ойландырмай қоймайды. Ақылға сыймайтын байлығы қай халықты болмасын толғандырмасы анық. Көше берген көше берген, мыңғырған малы жайылған, жер көлемі өсе берген, табиғаты сұлу кең өлкені еркін жайлаған, ешкімнің алдында қорқып, қашып көрмеген, соғысса жауласқан, намысын таптатпаған халықпыз. Жердің кеңдігі мен ел ішінің кеңдігі өзектес ұғым. Сұлулыққа іңкәр сезімтал, ер көңіл, жайсаң баладай қазекеңді ешкімде қанағатсыз дей алмайды. Ағайынмен араздасса көрісіп, шет жайлап келіп ақырын табысуы, өкпеге қимаса да өлімге қимаюы бұл да болса жаратылыстың кеңдігі. Көшер же көлеңке етер тауы болмаса қайтер едің? Осынау ұлан байтақ жерге деген қазекеннің махаббаты қандай? Жерге қойған атаулары қандай десеңізші? Арғанаты, Сарыарқа, Жиделі байсын, Құлынды, Баянтау, Баянжүрек, Ұлытау, Атырау, Нарын, Қазығұрт, Қараалжын, жер жәннаты Көкшетау, алтын алқалы Алтай, жер шоқтығы – Жетісу, Шиелі, Мойылды т.б нағыз сұлулық дүниетанымы ғой. Осындай өлкені иемденген қазақ ұлты – өте бай халық. Қазіргі кезде қазақ елі әлемдік экономикалық, саяси, мәдени жағынан көш ілгері келе жатырмыз. Алайда болашағы жайлы айтар болсақ, қазақ елінің алатын орны қандай? Қазақстанда тұратын қазақтардың 65пайызы қазақтар болғанымен, біз көпұлтты, көпдінді мемлекетпіз. Бүгінде қазақ рухын әлсіретпеу үшін, болашаққа деген сенімін нығайту үшін мемлекеттік тілдің қорғалуы мемлекеттік деңгейде жұмыс істеуі тиіс, керек болса шетелдік инвесторлар қазақтың жерінде тұрып жатыр ма, жұмыс істеп жатыр ма, қазақ тілін үйренсің, сондай талап қойылуы тиіс. Шетелдерде қалай? Біреудің жеріндегі көлі тұрмақ, шалшығына бетінді жуа алмайсың? Ал олар елімізде жұмыс істеп, кәсіпорындар ашып, нанын тауып жеп отыр. Сырттан келген қазақтардың қатарын молайту керек, қандас бауырларымыз, оралмандар деп айтып жүрміз, яғни оралғандардың санын арттыра түсіп, әсіресе солтүстік өңірлерге көбірек шоғырландыру идеясын нығайтуымыз тиіс, біздің мемлекетіміз унитарлы мемлекет, құрылымды ұлттық негізде анықтап алуымызда болып отыр. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың ұрпағы тәуелсіздіктің арқасында ата жұртымызға, ана топырағымызға, өз елімізге тоғысып жатыр. Бұл да үлкен жетістік, Әлі де жері кең байтақ жас мемлекетіміз үшін көші-қон мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, қиындықты туғызатын жағдайларды ығыстырып, заңға әлі де жаңаша көші-қон саясатын енгізіп, олардың құқықтық мәселелерін оңтайландыруды қарастырса нұр үстіне нұр болар еді. Ұлттардың бәрі қазақстанда тең болуы тиіс дейміз, дегенмен қазақ басқа ұлттардан ерекше болуы тиіс, өйткені ұлаң байтақ жерді ата-бабаларымыз қасықтай қанын төгіп қорғап қалды емес пе? Мен басқа ұлттарды шеттетіп айтып отырған жоқпын, біз бауырмал халықпыз, дегенмен басқа ұлттар қазақтың жерінде өмір сүріп, суын ішіп отырғасын қазақ тілін білуі тиіс. Қазіргі кезде рушыдық, жүзшілдік көбейіп бара жатыр, мұндай саясатқа жол бермеуіміз керек, бұл жемқорлықты, алауыздықты одан сайын арттыра түседі. Жебірдің жегенін желкесінен шығаратын жоғары дәрежелі әділ, қарақылды қақ жарған сарапшылар болуы тиіс. Қазіргі қазақ қоғамында трайболистік сананың қайтадан жаңғыруына жол бермеу қажет. Шындығында трайболизм ашық түрде айтылмайды, дегенмен Қазақстанда трайболизмнің өз орны мен әсері бар, яғни рушылдық ел заңын жалпы мемлекеттік ортақ құндылықтардан алшақтататын, ел болып топтасуға зиянын тигізеді, жалпы ұлттық құндылықтарды эгоистік мақсаттарға бетбұрыс жасайды, сондықтан Сабыр Адай айтқандай: «Әр қазақ менің – жалғызым» деген ұранды ұстануымыз қажет. Бұрында ұлт мақтаныштары, зиялылары бөлінбей бір тұтастық танытатын ұлттық мәселелерді шешкен жоқ па? Ұлт зиялысы да, хан да , төре де, би де халық қызметшісі болғандықтан, Отан үшін, ел үшін, қасиетті жер үшін адал қызмет етуі тиіс. Ұлттық дінімізде қазақтың ауызбіршілігін сақтайтын заңды одан сайын арттыру қажет. Қазіргі кезде дін атын жамылған көптеген жат ағымдар ұлтымызды аландатып отыр. Халқымыздың ұлы ойшылдары Қожа Ахмет Яссауидан Асан қайғы, Абай, Шәкәрім т.б дейін қазақ мәдениетінін барлық өкілдері ислам руханиятының тасымаданушына айналды. Дін құлдыраса, адамның бүкіл руханияты әлсірейді, егер мәдени өссе, өркендей түседі. Дін дағдарысқа ұшыраса, өркениетте құлдырайды емес пе? Дін тарихи мәдени таным ретінде өркениетке өмір сыйлайды. Ұлттық дініміз бауырмашылдыққа, сүйіспеншілікке, ата-анаға қызмет етуге, адамгершілікке, қомқорлыққа, мейірбандылыққа, имандылыққа, білімді, тәрбиелі ұрпақ болуға шақырады. Қазіргі танда дінді уағыздаушы ақпарат көздері, неше түрлі уағыздаушы ұйымдар, сайттар белең алса да адам рухани мықты болса ешқандай жау әрекет ете алмайды. Біз әлде де діни радикализм мен экстремизмге қарсы заңды жетілдіруіміз керек. Қазақ тілінде білі беретін техникалық оқулықтардың санын арттырсақ, ғалымдарымыз инновациялық, индустриалдық, технологиялық жетістіктерін қазақ тілінде көбірек дамытса, ұлттық тіліміз одан сайын биіктеп, қазақша ойлайтын патриотты жас ғалымдардың сапасын артады. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды» деген ел басымыз. Әрине өз тілімізде ғылымның да, өркениеттің де жетістігін дәлелдесек, отаншылдық рухты оятсақ, еліміздің болашағы көркейіп, өркендеп, мәңгілік биік белестен көрінеріміз анық. Болашаққа апаратын ең құнды да саф алтын мұрамыз, жәдігеріміз де осы қазақ тілінде болып отыр. Сонымен қатар өз тілін еркін сөйлейтін адал рухты, жолы айқын, мақсаты биік, ұшқыр ойлы, талантты, патриотты жастарды тәрбиелеуде болып отыр. Ана тіліміз- баға жетпес байлығымыз. Оны биік жаңа технологиялық деңгейде көтеру үшін өз ортамыздыа құнарлы тілде сөйлесуіміз ертеңгі болар өрелі азамат еншісіне үлес қосқанымыз. Ғылым салалары бойынша қазақша терминология қалыптастыруда терминдер базасын жасақтауда бірізділікті қамтамасыз ету керек. Ұлтымыздың терминдер базасын жасақтауда зиялы қауым өкілдері «орыстың оқшаулығын сөзсіз мойындау» деп аталатын, сан жылдар бойы санаға сініп қалған керенау психологиядан әлі арыла қойған жоқпыз. Қазақ елі қаншалықты тәуелсіз болғанымен, тіліміздің геодезия, геология, минерология, технология, мұнайгаз саласында қазақша даму әлі де жеткіліксіз. Тіліміздің шұбарлануына әкеліп соқтыраты негізгі індет – орыс тілінен енгізілген терминдерге қазақ жалғаулары мен жұрнақтарын жалғау әректтеріндегі селқостық, яғни өзімізге үйреншікті болып қалған орысша нұсқауды басшылыққа алып, түркі сөздігінің байыбына бармай, орыс тілінің түбіріне қазақ тіліндегі жағау, жұрнақтарды тіркей салу белең алып отыр. Біз техникалық, өндірістік, ғылыми жағынан ұлттық деңгейде дамимыз десек, тіл білімі ғалымдарының қазақ терминологиясын қалыптастыруда грамматикалық ережелерін ашып көрсететін оқулықтар базасын жетілдіру қажет. Бұл да бүгінгі ақпараттандыру, инновациялық техникаландыру жағдайындағы қазақ елінің бірден бір ұлттық мәселесі. Өзегімізді жегідей жеп бара жатқан ұлттық мәселеміздің бірі қазақтың қаракөз балдарының ата-анасыз жетімсіреп қалуы, балалар үйін барынша азайтуымыз керек, шетелге бала сату мәселесін тоқтатып, отбасылық тәрбиені күшейтуіміз керек. Бүгінгі танда жаһандану заманында қазақ ұлтының бәсекелестікке қабілетті ұлт болып қалыптасуына әрбір азамат өз үлесін қосу қажет. Бізде тәуелсіз ел болдық, әлі жас мемлекетпіз, барлық мәселелер өздігінен біртіндеп шешіледі деген психологиялық ахуал қалыптасып қалған. Ешқашанда қазақ ұлтының этникалық бет-бейнесін , ұлттық мазмұнын сақтайтын құндылықтардың көмескіленуіне жол берілмеу керек. Болашақта қазақстан емес, қазақ елі деген идеяны қолдаймын, ол объективті шындық, Ресейде – орыс ұлты, францияда француз ұлты, қазақстанда қазақ ұлты шешуші рөл атқаруы тиіс. Қазақ елі мен елдегі диаспорлар бірігіп, Қазақстан елін құрайтыны ақиқат қой. Қазақ елі деген ұғым қазақ халқының мәні мен мағынасын, ұлттық құндылығын, табиғатын ашатын ұғым болып қалады және қазақтың тілдік, этникалық, психологиялық, салт-дәстүрлік, мәдени, әлеуметтік-экономикалық, саяси біртұтастығының белгісі болып қалады. Ата заңда «қазақ ұлты» деген ұғым енгізілмеген,қазақ ұлты жасанды құбылыс емес, қазақ ұлты этноәлеуметтік шындық, «қазақ ұлты» мүдделері конституцияда айтылуы және қорғалуы керек. Елдің Ата заңында қазақ ұлтының этникалық мүдделерінің, құндылықтарының қорғалуы заңдық негізде жасалмаған, нақты айтсақ мемлекеттік тіл мәселесіне орыс тілінің ресми теңдігі қайшылық келтіріп отыр.Сол үшін Конституциямызға ұлттық тіл, ұлттық мүдде мәселесіне қатысты нақты өзгерістер енгізу керек.Қазақ елі деген ұғым қазақтың түп тамырының тереңдігін көрсетіп отыр, яғни ұлаң ғайыр, байтақ өлкенін иесі қазақ екені айқын көрсетіп тұр. «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана ойымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан.Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз еліміздің «мәңгілік ел» етуді міндет еттік» деген болатын елбасымыз Н.Назарбаев. Сондықтан әр азамат тәуелсіздікті ұлттық жан дүниесімен, жаратылысымен, таным-парасатымен танып, әр адамның ұлттық болмысы биік болса, еліміз өркениеттің ұлттық мәуе бағына айнала алады. Елін, жерін, қасиетті Отанын сүйетін әр азаматтың ұлттық рухани пәлсафасы мен парасат диктатурасының мәртебесі биік, мерейі үстем болса, қазақ елі мәңгілік салтанат құра алады деп сөзімді аяқтағым келеді.

Мырзағалиева Алия Құралбайқызы

Қатысты Мақалалар