Көбен Асқарұлы. Ер Жәнібек пен Тауасар би (дастан)

/uploads/thumbnail/20170708170841179_small.jpg
Ер Жәнекең ақылды, Ойменен таңын атырды. Ойменен кешті батырды. Он екі абақ керейдің Атқа мінер мықтысын, Күштісі мен естісін, Өз алдына келуге Ордасына шақырды. Азаматтары келген соң, Жиылып сәлем берген соң, Шығу үшін арманнан, Жылдар бойы толғанған, Өткізген ойлам, талғамнан Бекімін айтты ақырғы. -Он екі абақ керейім, Қуанышым, мерейім! Ағалық ақыл айтайын, Азырақ кеңес берейін. Толғанып жүрген ойымды, Алдарыңа жаяйын. Қате не дұрыс десеңдер, Ойларыңды айт, ағайын! Ортаға қойған сөзіңді, Ой елекке салайын. Дұрыс болса айтқаның Тілдеріңді алайын. Іздеп жүрген жоғымды, Ақ моншақтай тізілтіп, Омырауыма тағайын. Көңілдеріңді түсініп, Көңілімнің құсын ұшырып, Мен де бір жасап қалайын, Ау, ағайын, ағайын! Халықтың көңілі теңіз деп, Сол теңіздің ішінен Ай іздеп иә жыл іздеп, Ақық*тасымды табайын. Дей отырып Жәнекең Ойларын ары ашқалы, Тағы бір кеңес бастады. -Он екі абақ керейім, Сүйенішім мерейім. Өмірімдегі ең соңғы, Кеңесімді айтып алдыңда, Істер ісіңді жебейін. Сенің көшің ілгері. Ілгері басқан аяқты, Бар шамамша демейін. Жас ортадан ауған соң, Кемейеді қайратың. Кемейген соң қайратың, Ақылың да азайып, Әлсірейді айбатың. Айбатыңнан қалған соң, Елге сөзің өтпейді. Алыс-жақын ағайын, Сусиды да шеттейді. Берекесі кеткен соң, Бет-бетіне беттейді. Бет-бетіне кеткен соң, Жетесіне жеткен соң, Азаяды бірлігі. Азайған соң бірлігі, Кемейеді тірлігі. Осы күйге абағым, Түспесін деп толғанып, Отырмын мен бір істі, Істейін деп қолға алып. Мен тұрғанда абағым, Он екі керей ел болдың. Он екі керей болған соң, Сен кімдерден кем болдың?! Он екі бірдей ер болдың. Ала демей біріңді, Құла демей біріңді, Бір-біріңмен тең болдың. Мен кеткенде абағым Не болады күндерің?! Бірлікте үлкен ел болып Қосыла ма ділдерің. Ынтымағың жарасып, Қосыла ма бастарың. Өрге тасың домалап, Көбейеме достарың. Бастарыңды қосатын, Осы елде кім барды?! Мынау керей ел болып Кімнің сөзін тыңдар-ды?! Ойлай-ойлай елдікті, Ойлай-ойлай теңдікті. Тозбасын деп керейім! Өрлесін деп мерейің! Бір бекімге кеп тұрмын. Бекіміме бек тұрдым. Бұл бекімім ел үшін, Кеңейсін деп өрісің. Оң болсын деп терісің. Ойға қалам сол үшін, Ортаңа соны салайын, Кеңесіңді алайын. Не айтасың ағайын? Ақылыңды айт- деп тұрмын! Жәнекең ойын естуге, Ел мен жұрты асықты. Не жаңалық айтар деп, Талайдың қаны тасыпты. Жәнекең тұрып ортада, Жәнеде сөзін бастады, Ойын ашып тастады. -Ау, абақтың билері, Ойымды тұрсаң білгелі. Ынтымақты болса кім, Соның ісі ілгері. Көңілі де алаңсыз, Қуанышты күндері. Қыраулы қысы жаз болып, Соның өмірі гүлдеді. Соның сөзі сөз болып, Сол ел болмақ іргелі. Берекеңді жіберме, Жігеріңді қос жігерге. Сонда келіп кемелге Айналамыз ұлы елге. Билікті берсем біріңе, Бірің ірге бөлермісің. Берекеңнен айырылып, Көрісуге бет қалмайды, Тоз-тозың шығып бытырап. Аңдысқан ата дұшпаннан, Көресіңді көрерсің! Жәнекең қайта қайталап: Біріңе берсем билікті, Бірің жүрерсің өкпелеп. Анаға беріп мәнсәпті, Қақты бізді шетке деп. Айтарыңды айта алмай, Шыға алмастан жекпе-жек. Не қамшыңды сүйретіп, Келе алмастан бетпе-бет. Өксіп-өксіп жіберіп, Өкпеңді тығып ішіңе, Жауар бұлттай түнеріп. Тісіңді басып тісіңе, Айғайласып кетуге, Сене алмай күшіңе. Өкпеңді жуып-шая алмай, Ұмытып не қоя алмай. Бір түйіншек байланар, Сол түйіншек біртіндеп, Алауыздыққа айналар. Алтау ала болған соң, Туысың кетер қасыңнан. Туысың кетсе қасыңнан, Орнықты іргең сөгіліп, Береке-бірлік азайып, Бақытың ұшар басыңнан. Бақытың ұшса басыңнан, Айрыласың іргелес, Құшақтасқан досыңнан. Сондықтан да он екі ел! Бір аллаға тәуекел! Төбе би болар төре әкел, Сол төре сені ел етер. Әбілпейіз ханның төредей, Бір баласын сұрайық. Беріп қалар баласын, Беріп қалса баласын, Тізгініңді беріп сол жасқа, Басқа рулар секілді, Бізде тірлік құрайық. Бізде тірлік құрайық, Ел алдына шығайық. Тірлік жолы үлкен жол, Болмақ емес бұл айып. Берекелі бірлікпен, Ынтымақты тұрайық. Бола берсін илайым, Қара бораны түйілмей, Алдағы келер күн айық. Ел болам деген халыққа, Береке-бірлік ылайық. Ер Жәнекең еліне, Айта келіп ақылын, Көңіліңнің шешті түйінін. Отырған билер таңданды, Ойының деп қиынын! Арманның деп биігін! Керейдің барлық билері, Жәнекеңнің ойынан, Асып кете алмай тосылды. Кім аса алар сізден деп, Не шығады бізден деп, Айтқанына қосылды. Берекесін, бірлігін, Күн-күн сайын асырды. -Айтқан сөзде тұрсаңдар, Береке-бірлік құрсаңдар. Он екі керей бірігіп, Бір төбеден көрінсең, Берекелі сөз сөйлеп, Бір ниетке берілсең. Аға-бауыр болып бірігіп, Қазақ деген халқыма, Көрсете тұрып тірлік. Ата дұшпан жауыңа, Таныта жүріп ірілік, “Төбесіз жер болмайды, Төресіз ел болмайды” Деген сөз ойға тиянақ. Халқыңа етпей қиянат, Бірлікке келсек бар абақ. Әбілпейіз ханыңа, Төре сұрай баруға, Кім бел шешіп шыға алад? Топ ортаны кім жарып, Хан алдына кім барып, Жеткізер ел арманын. Бұл жөнінде қалай-ды, Абағым, сенің талғамың? Ісімді мынау істер деп, Қиын кезде күштер деп, Бар ма еді ойға алғаның? Сурыла шығып сөз алған, Шешендерде өздерің. Халықты ұстап қиында, Қалың қол бастап қиырда, Арпалыспен ағарған, Көсемдерде өздерің. Сендерге салдым бұл істі. Берекені алға ұстап, Бітірер деп жұмысты. Жәнекеңнің кеңесін, Тыңдаған абақ билері. Ортаға салып ойларын, Бір жолата айтып байламын, Тауасар биді ұсынды. Істейді деп ісімді, Көрсетед деп күшімді. Сөйлер сөзге алымды, Істер іске шалымды, Маңдайында бағы бар. Жортқан жолынан салымды, Хан абылайдың алдында, Ерлігімен де танылды. Тауасарға іс берсек, Ісін оңға келтіріп, Сол ашады бағыңды. Хан алдына барғанда, Айтқан сөзі жүреді. Оның арман-тілегін, Хан да сыйлай біледі. Әбілпейіздің ордасын, Жоңғардың жауыздарынан, Жанын тігіп қорғаған, Жас батырдың бірі еді. Тауасардың ерлігі, Асқан айлакерлігі, Әбілпейіз ханныңда, Құлағына да шалынған. Тауасар батыр сан рет, Хан көңілінен табылған. Десіп билер гулесіп, Айтар ойда бірлесіп, Тауасарды тілге алды. Сөйлер сөзге шалымды, Ойлар іске алымды. Хан алдына барғанда, Тәрбиелі, тәлімді. -Бір тыңдаса ханымыз, Тауасар сөзін тыңдар-ды. Тауасар би де ханға, Өзі ойларын шыңдар-ды. Билерінің ойларын, Жәнекең де түсінді. Тауасар бауырын шақырып, Ордасына түсірді. -Қайратыңды жиып бойыңа, Айлаңды жиып ойыңа. Еліңнің ізгі ісіне, Көрсетесің деп күшіңді, Бұйрықты былай түсірді. -Абақтың атқа мінерін, Тас қайратты түлегін. Шақырып алып алдыма, Бәріне салдым салмақты. Бәріне салсам салмақты, Бәрі де келіп бірлікке, Басуға жаңа тірлікке. Өзің де барсың ішінде, Төре әкелу ісінде. Алатаудай сеніммен Кеңескенде еліммен Сен бастайд деп ұйғарды. Есіңе алып еліңді, Бекем бу да беліңді, Сәрсенбінің сәтіне, Аттанасың сен енді. Әкелесің төреңді. Қасыңа ерер сырласың, Бірге өскен құрбы-құрдасың. Шұбаш батыр, Барлыбай, Байқан менен Жанторы. Он алты жігіт жолдасың, Бетке аласың күні ертең. Әбілпейіз хан ордасын, Ханға ұсынар си-сияпат, Сәлемдеме-сауғатың, Осы ордада дайын тұр. Еш алаңың болмасын. Жәнекеңнің естіп бұйрығын, Иә, алла жол бер деп. Жолымды алла мол бер деп. Елімді елмен теңгер деп. Алтайдан сонау арқаға, 18-ғасырдың Сексен бесінші жылында, Тауасар батыр аттанды. Аттандырып батырды, Ақ жолын тілеп артында, Елі-жұрты шаттанды. *** Он жеті күн жол жүріп. Сарарқаның төсінде. Отырған хан ауылына, Сәтті күннің кешінде, Иә, алла!- деп ілінді. Тұлпарлардың дүбірі Хан ауылына білінді. Күтушілер қарсы алып, Сол көлемге жар салып, Қонақ күтер ауылға, Қошаметтеп түсірді. Кештігіне тай сойып, Түстігіне қой сойып, Ізет-құрмет ұсынды. Абақ керей адамы, Тауасар мырза келді деп, Хан ордаға жеткізді. Хан да ізет қылып халқына, Қабылдайтын күнді айтып, Жария қылып жалпыға, Ел-жұртына жар салды. Әбілпейіз ханымыз, Ақтарылып ағынан. Көтеріліп тағынан, Уағдалы күн болғанда, Тауасар би бастаған, Адамдарын абақтың, “Басып қанша шақырым, Келдің бе деп батырым!” Ордасында қарсы алды. -Алдияр! -деді Тауасар, -Бұл кезең ғой мен асар. Алла берген бағыңа, Алтындаулы тағыңа. Мынау біздің қазақта Кім бар дейсің таласар. Он екі абақ керейің, Жауыңды жеңіп дес берген. Ер Жәнібек мерейің. Ел сөзін сөйлеп беред деп. Бітіріп істі келед деп. Азаматтарын жігерлі, Білімді де білерлі, Әдейі сізге жіберді. Басқаны қойып елімнің Бұйымтайына келейін. Көтерем деп басыма, Ес болад деп каріме, Бел болад деп жасыма, Сес болад деп қасыма, Күш қосад деп досыма, Берекемнің ұйтқысы, Нәр болад деп асыма, Басқарып бар абағын, Айналад ел басына. Төре етіп көтеріп, Шығарам деп төбеме. Бір балаңды сұрайды, Ұрпақ жайы келеме? Алдыңызға кеп тұрмын, Осындай бір келеге. Әбілпейіз ханымыз, Былай берді жауабын: -Ау, Тауасар, қарағым! Ат артып алыстан, Алсам-ау деп келіпсің. Әкелем деп еліңе, Уағдаңды да беріпсің. Сен келгенсің қарағым, Бір байламға келейін. Төре етіп тақ берсе, Абағым қалың халқым ғой. Қара орман халқым-бағым ғой, Кемеліңе келген шағың ғой. Қабырғаммен кеңесіп, Ақыл салып көрейін. Іс сәтіне айналса, Абағым-халқым бағым ғой, Бір баламды берейін. Алла берген бақыт қой, Барлығы да санаулы. Бәйбішеден алты ұлды, Алты ру ел алды. Ел кеп үкі таққан соң, Иесіне не деймін, Саған берсем оларды. Кіші әйелім Тұмардан, Туған үш ұл бар еді. Алды асып он бірден, Асыр сап шықса есіктен. Кішісі белдеу жағалап, Аталап та ағалап, Шықты былтыр бесіктен. Менен ұрпақ қаласаң, Соның бірін аларсың. Жата жастана толғанып, Ой келеңе саларсың. Алсаң бақыт табарсың, Алмасаң қапы қаларсың. Айтарымды айтып арылдым, Ауыр жүк алып келіпсің. Алу-алмау еркіңде, Барлығы да саған сын. Тауасар би толғанып, Түніменен ойланды. Жолдастармен ой қосып, Жасады да байламды. Ханның кіші ханымы, Тұмарға сөз салуға, Ертесінде сайланды. Сол байламы бойынша, Жолдастарын қасына ап. Жолай елден жөн сұрап, Ханымға сөз салуға, Ой-пікірін алуға, Кірді кіші ордаға. Тұрып жатқан кез еді, Орынынан ел жаңа. Ізетімен ханымның, Төрге келіп жайланды. Жайланды да баланы, Көрейін деп ойланды. Көгедай, Сәмен, Жабағы, Оянбаған ол әлі. Ұйқыда жатқан сәбиге, Би сәп салып қарады. Екі інісін екі жақ, Қолтығына ап ұйықтап. Көгедәй бала шалқадан, Ақ жастықта жатыпты, Көрпенің шетін тұйықтап. Ұйқыдағы баланың, Жатысының бөлегі-ай! Қолтығыңнан ел кетпес, Хан боларсың, Көгедәй! Дәл осындай төрені, Жер мен көктен сабылып. Іздесе сан он екі ай Тауасар таба алама-ай. Деп ойланып би сонда, Келеді де бір талғамға. Жолым болған сапарым, Екен мынау жалғанда. Көгедәйді төре етіп, Алғандар жетіп арманға. Қолы жетпей қалғанның, Өтер өмірі арманда. Арманда елім арманда. Төбең көкке жетер-ау, Көгедәйді төре етіп, Ханнан сұрап алғанға. Ел көңілінен шығармын, Көгедәйдәй төрені, Төре етіп алып барғанда. Деп қуанып Тауасар, Алатын ойға келгесін, Жолдасымен ой қосып, Олар демеу бергесін, Хан ордаға жайғасып. Әбілпейіз ханның, Алдына келіп үлгірді. Көгедәйді төре етіп, Ел сүйенер бел етіп, Алатынын білдірді. Сонда хан биіне, Қарады да сүйіне. -Әй, Тауасар өзіңнің, Артық қой елден бір ісің. Ту сыртынан көріп-ақ, Адам тани білесің. Іздегенімді таптым деп, Қуана іштен күлесің. Басқалардан өзгеше, Артық болды үлесің. Деп отырып ханымыз, Былайша сөз бастады. Тарихты айтып басынан, Көңілін ашып тастады. -Осыдан талай жыл бұрын, Қазақ деген халқымның. Сөзінің ұстап тізгінін. Қырғыз деген халықтың, Өрмәнбет ханы алдына, Сайысуға барып ем. Сөздің майын тамызып, Арманды алма ағызып. Өрмәнбет ханмен келісіп, Алатынды алысып, Беретінді берісіп. Қырғыз, қазақ бір ел боп, Айырылмасқа достасып. Аттанар кезде қоштасып, Былайша сөз бастады. -Қазақ, қырғыз бір елміз, Достасқан кезде түгелміз. Күрең қабақ боп кей кезде, Дауласып та жүргеміз, Жауласып та жүргеміз. Талай-талай сайыста, Қопарылып іргеміз. Жауласудан жоқ пайда, Туыс қайда, дос қайда. Көрші қайда іргелес, Алыстағы орысың, Іргеңдегі шұрштың, Бермейді әсте бізге дес. Айналаңды қоршаған, Ата дұспан жоқ емес. Ата жауың қаумалап, Алақанға салсада, Бола алмайды саған ес, Туыс болмас маған еш. Қазақ деген ұлы елде, Сөз көп қой еске ұстарлық. Айтатұғын тұспал қып, Бірін тілге алайын. Болар ма екен бақ үміт, Ақ көңілмен жарылып. «Судың түбін бітірер, Басқа емес шым» депті. «Даудың түбін бітірер, Іштен шыққан қыз» депті. Келешегін атамыз, Ұрпағынан іздепті. Қыз балада ұрпағы, Одан күдер үзбепті. Қазақ, қырғыз халқының, Ынтымағы жалғассын! Берекеге ұмтылған, Арманымыз алға ассын. Саған ата болайын, Бала боп қайт сен маған. Ынтымақ пен береке, Жолымыз болсын таңдаған. Достығына елімнің, Бір қызымды арнадым. Осы қызым жолына, Үмітімді жалғадым. Қырғыз-қазақ еліне, Ісің болсын өрісті. Ынтымақты екі ел, Көсегесін көгеріп. Бола берсін кенішті. Тұмар қызым ордаңа, Ханым болсын келісті, Берекелі еліміз, Бола берсін жыл сайын, Жемісті де жеңісті. Деп Өрмәнбек хан ата, Істі ойлап жаңаша. Мен бала боп, ол ата, Достығына екі елдің, Іс істеді тамаша. Тағы да бір үйленіп, Ерекше бір күйге еніп. Ата ауылында ай жатып, Еліме той тойлатып, Сарарқаға бет алып, Көшіп келе жатқанда, Бір күні кеш батқанда. Түс көрдім таңғажайып, Тартқан кезде түн айық. Аспандағы көк айым, Ағып келіп бір кезде, Құшағыма кіргенде, Қуандым да, шошыдым, Жан қалмады кеудемде. Аспандағы ай құлап, Құшағыма түскенде. Мұндай түсті ғажайып, Көрмеген шығар еш пенде. Қойныма кірген көк айды, Мәңгі бақыт санадым. Бақыт қой деп ойладым, Ақ түсімді жорытып, Ақ тілекпен тойладым. Ай да өтті, жыл өтті, Беріп алла тілекті. Біздің Тұмар ханымның, Ұл бала боп шырылдап, Тұңғышы келді дүниеге, Қуанбайық біз неге. Баяғы түсті ырымдап, Көгедәй деп ат қойдым. Қолыма ақ туымды ап, Ақ бесікке сап қойдым. Сол Көгедәй ұланым, Болып еді жыр-әнім. Бүгін келіп ордама, Абақ елі атынан, Сен түс салып сұрадың. Ер Жәнібекті алға ұстап Ел атынан келген соң, Менің де қалмай шыдамым, Талабыңа ұнадым. Қалауың болсын! Дәл бүгін, ! Тауасар, биім, шырағым! Әбілпейіз хан алдынан, Жолы боп керей билері, Істері басып ілгері, Ханымның келді алдына, Не ойы барын білгелі. Тауасар тұмар ханымға, Ісінің айтты мәнісін. Талабының биігін, Көгедәйді төре етіп, Төбесіне шығарар, Арманының алысын. Тауасар сұрап келгенін, Хан да көңіл бөлгенін, Ел талабын мақұлдап, Қосылып ханның бергенін. Естіп ханым ойланды, Ойланып айтты байламды. -Мен не дейін, не дейін! Ханымы болып тұрған соң. Әбілпейіз ханның, Айтқанына көнейін. Ел талабы болса егер, Көгедәйімді берейін. Көгедәйімнің қасына, Жолдас боп өзім ерейін. Самен менен Жабағы, Екі ұлымды да алайын. Не көрсем бірге көрейін. Сұрап келіп бір төре, Үш төре алып қайтқанда. Алтын алтайдай биіктер, Тауасар, сенің мерейің. Ханға осыны жеткізде, Бекімінен өткізде. Көшейін мен ертең-ақ, Әбілпейіз ханның Бұйрығы керек тек бізге. *** Хан алдына Тауасар, Үшінші рет барды да, Хан бекімін алды да, Бір аптаға жеткізбей, Уақытын бос өткізбей, Көгедәй, Сәмен, Жабағы, Үш ұлды болған Тұмарды, Күймесіне шығарды. Малшысы мен қосшысы, Молла, қожа, жыршысы. Он жеті бірдей түтін-ді Бір ауылды көшіріп, Күдікті ойды кеткізіп, Он сегізінші ғасырдың, Сексен бесінші жылында, Мезгіл-жазғытұрымда, Алтын алтай жерінде, Абақ керей елінде, Жәнібек батыр алдына, Берді (елін қуантып) Істеген ісін өткізіп. Разы болып Жәнекең, Риза болып керейі. Көк тасқындай күркіреп, Көк қауландай дүркіреп, Асып-тасып мерейі. Он сегізінші ғасырдың, Сексен алтыншы жылының. Жадыраған жазында, Көкбекті жазық сазында. Абылай ұрпағы бастаған, Әбілмәнбет ұрхы қостаған, Орта жүз игі-жақсысын, Ел ордаға шақырып. Әнмен таңын атырып, Қызықпен күнін батырып, Қырық күн тойын тойлатып, Толғандырып, ойлатып. Қырық бірінші күн болғанда, Думан құрған халқына, Жәнекең көңілі толғанда. Тауасарына бастатып, Он екі биге қостатып. Көгедәй бала төресін, Ел төресі – ел есін, Отырғызып әппақ киізге. Он екі абақ керейден, Он екі жігіт сұранып. Сұранған соң сыбанып, Ұлы тау деп ұларлы. Таңдап қалба тауының, Биігіне шығарды. Ер Жәнібек басқарып, Сол биікте бас қосып, Бүкіл абақ баласы. Құшақтасып достасып, Ақсарбас сойып аныттасып. “Көгедайға қарсы келмейміз! Қарсылыққа жол бермейміз! Қарсылық етсек қан атсын! Бірліктің ғана таңы атсын!” ! Деп қолды қанға матырып, Достықтың таңын атырып. Көгедайға болып қарасты, Қуанышпен тарасты. Тарихта бұл іс үлгі боп, Бар қазаққа жайылып, Жарасым тапты, жарасты. Жәнекең орын берген соң, Ордаға тағы келген соң, Тауасар би ойланып, Жыл-жыл сайын толғанып. Істер болып бір істі, Тәуекел деп кірісті. *** Он екі жаста Көгедәй, Билікті қолға алғанмен. Баланың ісі бала ғой, Баланың ісі әр қилы, Жәнекеңе салады ой. Деп Жәнекең толғанып, Істер істі қолға алып, Билер тобын шақырды. Алдында сол билердің, Кеңеске салып бір істі. Байламын айтты ақыры. Көгедайға Тауасар, Ақылшы болып тұрсын деп. Күнделік ісін меңгеріп, Басқарып бәрін білсін деп. Ұйғарымын жасады. Мақұлдық берді Тауасар, Хан ордаға оралып. Жаңа істің бетін ашады. Уақыт өтіп жылысып, Күн өтіп, жыл айналып. Бір кездері болғанда, Көгедәй бала есейіп, Кәмелетке толғанда, Ақыл қосып Тауасар, Жетектеп ұлы арманға. Былайша ойын жеткізді. Көгедәй төре ақылды, Ой електен өткізді. -Он екі бірдей абақ ел, Жонын саған төседі. Жонын саған төсеген, Абыройы асқан абақ ел, Өркен жайып өседі. Өскен елдің қашан да, Көбейеді есебі. Алғысы келіп келеді, Ата дұшпан Жоңғарға Кетіп қалған есені. Алтай-Сауырды алатын, Дұшпанын айдап салатын, Іште жатыр есебі. Мұндай ұлттық рухты, Қолдамаса болмайды. Қолдау үшін жақсы жол, Таңдамаса болмайды. Алтай менен Сауырды, Қайтарып жаудан алуға. Қалмақтың басын қайырып, Ат артына салуға. Айла да керек, күш керек, Асып түсер жауыңнан, Құдыретті іс керек. Іс істесек алымды, Табындырар жауыңды. Ата жұрты мекенін, Халық қанша сағынды. Ата мекенге жетуге, Ата дұшпан жауымды, Жермен жексен етуге, Кетіп тұрмын бір ойға. Кірісейік ұлы іске, Тәуекел деп құдайға. “Жүк артатын түйеңнен, Иең күшті болсын” деп, Атамыз қашан айтқалы. Атамыздың сөзіне, Халқымыз міне тоқтады. Мынау фани жалғанда, Жету үшін арманға. Иең болса сүйенер, Иең болсын сүйенер, Ақ жолыңа гүл өнер. Чиң** хандығы деседі, Осы жерді ел ара. Чиянлұң*** деген патша, Отыр дейді тағында. Бұйрығында бір соның, Сорың менен бағың да. Өр Алтай менен Сауырың, Сол хандыққа қарасты. Сол бітіред түбінде, Қалмақтармен таласты. Жету үшін мекенге, Қарастылық білдіріп. Тұру керек осы елге, Бару керек ханына. Ханнан бұйрық шығартып, Мойыныңды ұсын заңына. Әбілпейіз әкең де, Осы елге сүйенген. Тіл табысу қажетті, Чиң хандығы иеңмен. Осы елге бара алсаң, Ханға амандық бере алсаң. Ханның қабылдауында, Сәтті күні бола алсаң. Ата жауың қалмақпен, Тең болады терезең. Терезең тең болғасын, Ол бір бұлақ, сен өзен. Түтіні артық абағың, Алды-артын орайсың. Жай түсіріп басына, Оңды-солды борайсың. Бүгін биік көрінген, Табаныңда қалады Қол жетпеген талай шың. Жәнібекті көріп атадай, Тауасарды көріп ағадай. Екеуінің ақылын, Қабыл алып Көгедәй. Чиң хандығына баруға, Он сегізінші ғасырдың, Тоқсан бірінші жылдың басында, Дәл он сегіз жасында, Абақ елі жиылып, Бір аллаға сиынып, Келемін деп жүлде алып, Екі інісін бірге алып, Барлыбай, Шұбаш бастаған, Жанторы, Байқан қостаған. Ерлерге жол бастатып, Ерте аттанып кеш жатып, Бейжиңге**** сапар шегуге, Достықтың гүлін егеуге, Он жеті адам аттанды. Денсаулығы келмеген, Тауасар алып бара алмай. Өзінің туған інісін, Тірліктегі тынысы Қожас батырды қосқан-ды. Бейжиңге тартқан осы топ, Өр алтайға жол алды. Тосқан ешкім болмады, Көлденеңдеп оларды. Сілкіндіріп ой-қырын, Ойландырып қай бірін. Көгедәй келе жатқанын, Бейжиңнің Чиянлұң ханына, Хабарлады ай бұрын. Қолтығыма ел келді деп, Құдайым өзі берді деп, Чиянлұң ханда қарсы алды. Қаттап, шоттап халқым деп, Бар маңайға жар салды. Көгедәй болып жың гөгүң*****, Екі інісі фугогұң******. Мәнсәбін алып ойдағы, Қуанышын тойлады. Қол жеткізіп арманға, Мынау пәни жалғанда. Дәл екі жыл болғанда, Он сегізінші ғасырдың, Тоқсан екінші жылында, Шығып шығар шыңына. Қуанышпен еліне, Халқына сәлем берген-ді. Жәнекең батыр бастаған, Тауасар би қостаған. Абақ керей ел болып, Көңілі тасып сел болып, Күншілік жерден қарсы алды. Қунышта той тойлап, Ел-жұртына жар салды. *** Осыдан соң абақ ел, Басқалармен теңесті. Жері, суы кеңейіп, Мал мен басы тең өсті. Жыл-жыл сайын ілгерлеп, Өр Алтайға бет алды. Ығыстырып қалмақты, Ырықсыз күйге түсіріп, Салып ауыр салмақты. Сөз берер жерде сөз беріп, Бөз берер жерде бөз беріп, Сан қырына алып аунатты. Он екі абақ ерлері, Тізе қосып табысты. Жақын тартып алысты. Айтқанына келтіріп, Амалын жаудың тауысты. Берекемен ұйысып, Қиын-қыстау кездерде. Тауасар шыққан төбеге, Ат басын тіреп қауышты. Жәнібек батыр бастаған, Он екі абақ қостаған. Тізе қосып батырлар, Алғанда ел тізгінін. Ісіміз деп ақырлар. Өр Алтайды бетке алып, Солтүстігін Сауырдың, Айқасатын шепке алып, Күнгей бетін Алтайдың, Қайта алуға оқтанып. Өткен сайын айдан-ай, Ата жаудан кекті алып, Ата мекенге жетті анық. Ер Жәнекең айтқандай, Жеңістің кілті бірлікте Деп Тауасар жалпыға, Ізетшіл мына халқына. Жәнекең сөзін алға ұстап, Жер кеңейткен ерлерді, Марапаттап алғыстап, Істер істеп тартымды. Абақ деген ұлы елін, Көгедәйдің маңына, Берекеге шақырды. *** Уақыт зырлап өтеді, Айналсоқтап тұрмайды. Өтіп жатқан ғұмырың, Қайтып мойын бұрмайды. Ізгі ісі қалса жақсының, Ұрпағы алқап жырлайды. Уақыт деген қуаныш, Уақыт деген мұң-қайғы. Бәрін де көріп адамзат, Мұңлының көңілін жұбатып, Өз көңілін шыңдайды. Адамзат көрген бар істі, Кешіре жүріп басынан. Үш ғасыр бұрын осыдан, Жәнібек батыр өткен-ді. Жәнекеңнен тәлім ап, Тауасар би жеткен-ді. Мақтаныш етер ұрпаққа, Ізгі ісін тастап кеткен-ді. Бүгінгі күні ізгі ісі, Таусылмайтын жыр болып. Ұлыс болған ұрпағы, Рухымен бір болып. Бүгінгі күнге жеткенде, Бүкіл халқы құрметтеп, Қабыры тұрды гүл болып Түсініктеме: *Ақық – асыл тас. **Чың хандығы – Мәнчың хандығы. ***Чиянлұң патша – Мәнчың патшасын осылай атаған. ****Жың гөгүң – мәнсап аты. *****Фу гогұң – мәнсап аты.

Көбен Асқарұлы – Көбен (Көпжасар) Асқарұлы белгілі ақын, зерттеуші, журналист, жазушы. 1938 жылы қарашада Алтай қаласы Қыран өзені бойында дүниеге келген. 1958 жылы Шинжияң университетінің химия факулътетіне қабылданады. 1962 жылы жаламен сотталып,1985 жылы ақталды, жұмысы қалпына келді. 2000 жылы зейнетке шықты.

«Алдаркөсе мен Ақша хан», «Шолпан» атты пъессасы, «Арқалық батыр» атты кино сценериі (Жақсылық Сәмитұлымен бірлесіп жазған). 2006 жылы «ұлттар» баспасынан "Шәріпхан", " Бүркітбай" атты екі кітабы, 2013 жылы «Іле халық» баспасынан «Ер кешуі», «Шинжияң халық» баспасынан «Жыр---махаббат» атты жыр жинағы оқырманмен жүздесті.

demeu2

Қатысты Мақалалар