Тарихи толғау

/uploads/thumbnail/20170708170849728_small.jpg
"Қазақ хандығына – 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Алашым, сен биіксің басқалардан, Тарихың таңбаланып, таста қалған. Қазақ деген біртұтас ел болғаның, Керей мен Жәнібектен бастау алған. Шындығыңды жазайын Шынболатша, Қаламды қолыма алып жасқа малған. Тарихыңнан бір үзік сыр айта алсам, Одан артық менде жоқ басқа арман. Бұрындық пен айбарлы Қасым ханым, Басына бұлт үйірген басынғанның. Намысы нар атанға жүк болардай, Тау тұлғалы тумасы ғасырлардың. Ұлтарақтай жерімді жауға бермей, Аспанды тіліп түскен жасындарым. Осындай оғландарды көп тудырған, Қазағым, алтын құрсақ асылдарым. Мамаш пен текті туған Таһир ханым, Жер төсеніш, аспан боп шатырларың. Апайтөс алып тауға ұқсағансоң, Дұшпанға тіленгенін татырмадың. Еліме шапқанымен ала алмапты, Ата жауың көз сүртер тоқымдай құм. Сендер жаққан ерліктің алауымен, Мәңгілік маздап жанар отындаймын. Бұйдаш пен Ахметім, Тоғым ханым, Жаулардың жаны кеткен оғыңда мың. Жаралы жолбарыстай жыртып өткен, Дұшпанның тұзағы мен торын, бәрін. Осылай бар қазақтың жүрегінен, Қайсар хандар алыпты орындарын. Уа, бабалар, ұлылар бас иемін, Жорықтарда өткерген жолыңа мың. Өлеңнің өрнектесем кіл парағын, Тарихтан сия алсын тіл қаламым. Елдеп өткен Хақназар, Шығай ханым, Еңсесі Қаратаудай тұлғаларым. Ат үстінде күн кешіп, жауларының, Өз басына келтірген шырғалаңын. Ұрпағыңның жүрегіне нәр беруде, Ар-намыстан жаралған тұнбаларың. Бабалар, болмасамда сұңғыла ақын, Жырымнан өшірмеймін шындық атын. Тәүекел, Есім және Қасым ханым, Айбыны жаудың сағын сындыратын. Салмағын көтере алар арғымағы, Шапқанда тасты уатып, құм қылатын. Арыстандай ақырған хандар барда, Қазақты Құдай ғана құл қылатын. Жәнібек, Әз Тәүке мен Жәңгір ханым, Жырға қосып данқыңды жаңғыртамын. Ұлан-ғайыр жерімді сақтаймын деп, Ордасымен опырған жаудың тағын. Еліме көз салғанды қойша қырып, Соғыстарда кешкенсің қан бұрқағын. Мамыражай тірлікте той тойлауда, О, бабалар сендердің заңды ұрпағың. Шаң баспайтын тарихтың томдарынан, Оқимын өнегелі толған ұран. Тапқырлық пен батырлықты ұғынып ап, Жасықтықты кісендеп орға жығам. Сендердің төккен тер мен қандарыңнан, Дала күйлеп, тау айтар толғанып ән. Төрт тараптан жау төнгенде, жеке-жеке, Ел үшін күресіңе аударылам. Жырым шикі болмасын толғаныстан, Шикі шықса жаныма олда дұшпан. Тәуке хан көз жұмғанда, ұлы жүзді, Басқарып, болған екен Жолбарыс хан. Қайып хан орта жүзге хан сайланған, Жырымда болған емес жалған ұстам. Кіші жүзге Әбілқайыр хан болғанды, Бабалар өзектеніп өр намыстан. Болат хан, Сәмеке мен Әбілмәмбет, Ұғамын жандарыңды жалыннан деп. Абылай, Уали, Бөкей, Ғұбайдулла, Сендер барда дұшпан боп жабылған көп. Алайда елмен жерім шабылған жоқ, Өзге ұлтқа бас иіп бағынғам жоқ. Тарих оқып танаудан қан аққанда, Намыс иісі аңқиды қанымнан тек. Жолшыбай сендерге де бір соғайын, Тарихпен жаңғыртайын жыр сарайын. Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақ хан, Сендерсіз тарихымды тұл санаймын. Жантөре, Шерғазы мен Қараттай хан, Несіне шабытымды тұмшалайын, Алдаспан есімдерің сақталардай, Жырымнан жарқыратып қын соғайын. Хандарым тұр тектілік белесінде, Тау шыдамас батырлар жебесіне. Төле, Қазыбек, Әйтекедей билеріміз, Желкен болаған ақиқат кемесіне. Бұқар жырау, Доспанбет, Шалкиіздер, Өшпестей қалып қойған ел есінде. Мәңгіліктен бет алдық Мәңгілікке, Ей, өмір, біз сондаймыз көресің бе?! Айтып бітпес хандарым, батырларым, Жазуға жетер ме екен ақыл дарын, Қаракерей Қабанбай қабан сынды, Белгілі дұшпаныңа атылғаның, Қанжығалы Бөгенбай дауыл болып, Белгілі қалмақ қолын жапырғаның, Шапырашты Наурызбай жай отындай, Атажау аспанында шытырладың. Жалаңтөс, Бөлек батыр, Райымбек, Жырдың көшін сендерге бұрайын кеп. Айдынымыз тұрғанда тұнайын деп, Келерін кім ойлаған бұлай індет. Бес қаруды асынып аттандыңдар, Желіккен жоңғарларды қырайын деп. Әрқайсың уық болып қадалдыңдар, Шаңырағым тұрғанда құлайын деп. Ер қазақта батырлар сапы қанша, Талай жыл тарихыңды сатыласам. Кешіре көр қазақтай кемеңгер ел, Көп тұлғаны атамай қапы қалсам. Он азамат тоғызы батыр болса, Жаулардың жасақтары қақырар сан. Ерлік түгілі есіміңді жазамын деп, Жырында басалмайды ақын алшаң. Абылай белгілі ғой данқың маған, Алтын сапты наркескен жалтылдаған. Төрт тараптан жау төнгенде орыстармен, Ымыраға келуден тартынбаған. Амалсыз осы ойға келді ханым, Қалсын деп елім аман,аңқылдаған. Қалсындеп жерім аман, алтын далам. Аңырақай, Ақтабан шұбырынды, Келте ете алмадың ғұмырымды. Орбұлақта жауымды ойран етіп, Хан-Тәңріге көтерген тұғырымды. Елдігімнің жолында талай баба, Жауыңа жұлып бердің жұлыныңды. Сол ерліктің арқасында дұшпандардың, Байрағы әлі күнге жығылулы. Талай жау жолға құрды құрыш қақпан, Содан кейін жайың жоқ тыныш жатқан. Ағылып малың кетті салық болып, Арбаланып ауған-ды ырыс батпан. Орысқа басыбайлы болмаймын деп, Батыр шықты намысы ту ұстатқан. Азаттықтың жолында хан Кененің, Өр басын қайқыланған қылыш шапқан. Ашаршылық, жұтпенен соғыстарда, Тіктірмей тұрып еді қонысты алға. Мың өліп, мың тірілген қайран елім. Ұрпағың жарап жатыр қол ұстауға. Әлихан, Ахмет пен Міржақыптар, Әмірін тыңдата алған орыстарға. Себебі текті болып өскен олар. Ең бірінші қоятын намысты алға. Аққұлаққа отар боп қамалғанда, Шаттығы қазағымның тоналғанда. Азаттықтың ақ таңы атты жарқын, Ақ қардың бетін қызыл қан алғанда. Қайрат, Ербол, Болаттай боздақтарың, От құйды шерге толған жанарларға. Қазақтың сол кездегі құрбандары, Желтоқсанда атылған жанартау ма?! Желтоқсанда шаттыққа толған кеуде, Жасанды тауым, тасым, орман, көл де. Мәңгілік қазақ елі атандың да, Салынды Астанадай ордаң, төрге. Бабалардың қанымен келген бақты, Қазағым, енді мәңгі қолдан берме! Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ – 1993 жылы туған, ақын, облыстық, республикалық жыр мүшайрасының жеңімпазы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті. Талдықорған қаласы.

demeu2

Қатысты Мақалалар