«Қазақ хандығының - 550-жылдығына» арналған жыр мүшайрасына Іргесі берік елді жау ала алмас, Аузы бір елді дау ала алмас. Халық нақылы Жаудан жаға босамай алашапқын бітпеген, Ұлы дала төсінде шұбырған көш жүкпенен, Үміт оты сөнбеді ел жылаған босқында Бөрі айбатты ерлердің рухыменен тіктенем. Еңселері бүгілмей есіл ерлер дігірдей, Буырқанса көш бастап, шындық ойын бүкпеген, Ел тұтқасын ұстаған, Керей менен Жәнібек, Қозыбаста жеткенді мақсатына діттеген Бақ боп келді қазаққа тәңір сыйы күтпеген. Боз жусанды далада самсап қалың қол жатқан, Жаннан асқан ерлерге елдің шебін қорғатқан, Бозқонақта түнеді, бозқыраулы күндерде Бөрі кеуде батырлар ұлты үшін зор мақтан. Қарсы тұрып жасынға Қасқа жолды Қасымда, Бекзадалық танытып, өз жарлығын орнатқан, Қарашаға ду берген, ұраны асқақ дүрлерден Мың хабарды жеткізер есіл уақыт сол жақтан. Алтын тұғыр үстінде еркі күшті хандарым, Данагөйлік ақылдың арқасында жол тапқан. Болашақты бетке алып, жылжып алға күн кемем, Тұғырында тұра алмас төл тарихын білмеген, Хақназар мен Есім хан елдің алтын діңгегі Сыры ашылар жұмбақтың өлгендігі кім неден. Салқам Жәңгір, Тәукенің сара жолы сайрап тұр, Тынышын ап халқының жоңғар келіп іргеден, Хан асылы Абылай, елдің туған бағына. Қаһарынан ығысып, ордаға жау кірмеген, Көзсіз ері қазақтың, Кенесары ғажап тым, Арманымен хандардың айбаттанып бүрлеген, Таңбасын сап сойылдың, мысын басқан дойырдың Шынықтырып шыңдаған жоян ерді дүрбелең. Жаугершілік белең ап, адам сауған заманда Көзіндей боп тарихтың сыр шертеді мың белең. Қаламында ақынның асыл текті дүр хандар, Мұнарында даламның айбынды боп тұрғандар, Асан қайғы жырынан, толғауынан Бұқардың, Нұрландырып санаңды сұңғыла оймен сырды аңғар. Орда болған Сығанақ, іргесінде Сауранның Шапқыншылық жылдармен, өтті небір думандар, Баянсыз бұл ғұмырды бағым деме байлаулы. Ізін тастап жоқ болған сән салтанат құрғандар, Дешті Қыпшақ даласы ажарланып тұр бүгін Баулары да жайқалған, таулары да кіл заңғар. Жерұйықты күзетіп айырылмай мұрадан, Ел таныған ерлер бар елдің басын құраған, Жоғалмайды өр сенім, азаттығым еңселі, Баба жолын жалғаған, Көш бастаған Нұрағам Жүрек толған қуаныш шалқы шабыт ұлы ағыс Иманды елміз ғұмырлы сусындаған тұмадан. Хандығымның айбары, ел көңілі жайдары Мамыражай күн кешкен асыл жұртым дін аман!
Серік Молдабеков –Республикалық жыр мүшайраларының, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Қазіргі таңда Семей қалалық Мәдениет сарайындағы «Халықтық ақындар орталығының» жетекшісі.