Түркімен тамырлас, қаймана қазағым, Тағдырың аямай тартқызған азабын. Азаты бүгінгі мәңгілік елімнің, Сенемін бабамның жарасын жазарын. Шешілмей түскенде торына азаптың, Арманда самғады қыраны азаттың. Керей мен Жәнібек іргесін нық қалап, Құрылды сол кезде Хандығы Қазақтың! Отар боп әр елге, Күндерің өткенде, Қазағым қаймықпай, дөп бердің өткелге, Қашанда арманың Алаштың Туы боп, Желбіреп көтердің мақсатқа жеткенде. Сол туың болған ед бүгіннің іргесі, Сол туың бүгінгі "Қазақстан" кемесі. Сақталған сол сәттік ержүрек, өр мінез Ұрпақтың қазіргі болашақ мінбесі. Ұлан-ғайыр Шу менен Талас арасы, Болған еді талай жұрттын панасы. Құшағын айқара ашкан Қазақстан, Бүгін, міне, Түркі ұлтының анасы. Бас қала боп Созақ пенен Сығанақ, Еркіндікке жол бастады жарқырап. Тәуелсіздік тұғыры боп бүгінде Астана тұр, мәңгі өшпес -шамшырақ! Ізет қылып "Қасқа жолын Қасымның", "Дербестігім –елдігім " деп тасыдың. "Есім ханның Ескі жолы" жалғады, Қазіргі күн – Тәуелсіздік жарғысын! Қазақ тілім – асыл мұрам, қазынам, Тәңір беріп, маңдайыңа жазылған. Қазағымның қасіреті, тағдыры Тарихымда том-том болар жыр-дастан. Еңсеңді елім, Көтере білдің, Тұрсада мейлі сан күдік. Қазақтың үні, Қазақтың тілі, Тұрады әркез жаңғырып. Қазақтың жыры, Қазақтың мұңы, Қалдырар ізін мәңгілік! Бүгінгі елім, Кең-байтақ жерім, Қазына толы құт-мекен. Аспанмен талас, асқар тау белім, Қазаққа біткен бақ-мекен. Ерен еңбек, мақсат-мүдде ақталды, Төгілсе де талайлардың қас-қаны. Қара түнек түн астынан қазақтың, Арайланып атты мәңгі ақ таңы. Заманының бағытына ілесіп, Келеді елім алпауытпен тіресіп. Елбасының кемеңгер сара жолы Көш алдына әкелді елдің "кемесін". Елу елдің бірі болып бұл күнде, Болашаққа керегені кең кердік. Отыз елге кіру мақсат деп танып, Талайлармен терезені теңедік. Жасай бергін, жасай бергін, ұлы елім Тәуелсіздік әрқашанда –тірегің! Құшағыңда қанат жайған ұрпақтың Мәңгі соқсын "Қазақ" деген жүрегі. Жырға қостым қазағымның тағдырын, Қара сөздің жайып кеңге тамырын. Қасиетін халқымның жырлай алсам, Бұл да менің ақындық бір бақытым!

Гаухар Жанболатқызы, 27 ақпан 2015 ж.