"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне
Жер жаһанда азаттықты аңсамайтын ел тәуелсіздікті тұғыр тұтпайтын мемлекет жоқ. Ежелгі көк түріктердің заманында да, ұлы дала төсінде көшпелілер өркениетінің дәуірлеп, бәсеңсіген, қайта салтанат құрған кезендерінде де, алты Алаштың, Қазақ хандығының тарих сахнасына шыққан орта ғасырлардан басталатын ғажайып ғұмырнамасының өне бойында да бүкіл тыныс-тіршілігінің мәні мен мағынасы болып азаттық үшін,тәуелсіздік үшін жүргізген бітіспес майдан, кескілескен күресінің шежіресі тізбек-тізбек. Өткен ғасырдағы Азия халқының, Африка жұртының, Латын Америкасы елдерінің бодандықтың бұғауын үзу, отаршылдықтың озбыр құрсауынан шығу жолындағы жойқын бұлқыныстарының тарихы да азаттық пен тәуелсіздіке жету үшін жүргізген арпалысты шайқастарға толы.
«Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен Кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200- ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының желтоқсан қозғалысына да 20 жыл толды. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады», - деді ҚР Президенті ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде. Дербес мемлекет ретінде Қазақ елінің тарихы ту сонау Жәнібек хан мен Керей сұлтандардың тұсынан, яғни ХV ғасырдан бастау алатын болса, ұлт тәуелсіздігі, мемлекет тұтастығы жолындағы күрестер де сол қайсар тарихпен желілес. Азатқұмар халықтың тәуелсіздік жолындағы соғыстары тіпті бұдан арыдан – «тізесі барды бүгілдіріп, басы барды иілдірген» Тоныкөк, Күлтегін заманынан бері жалғасын тауып келе жатқаны тегінің терең тамырларына үңілген исі қазақтың баршасына аян.
Қазақ хандығы – Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. 1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. 1458 жылдың көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі. Қазақ хандығының құрылуы осыған дейін бүкіл Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-экономикалық және этно саяси процестердің заңды қорытындысы еді.
XV ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс болды. Қасым хан, Хақназар хан,Тәуекел, Тәуке хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың қазақ жерін нығайтудағы, қазақтардың үстемдігін орнатудағы әрекеттері орасан зор болатын. Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылды. Салт бойынша, хан тағына отыруға рудағы үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хан әскерлердің бас қолбасшысы және жоғарғы сот қызметін атқарды, шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау мен бейбіт бітім жасау, заңдар шығару және хандықтың бүкіл аумағын билеудің бас құқығына ие болды [1,55].
Отаршылдық езгіге түсіп,шарасыз халде үнсіз бұлқынған Қазақ елінің пешенесіне тап болған сор мен азапқа қабырғасы қайысқан Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» [2,42] дейтін әйгілі сөзінде азаттықты идеал тұтудың, көкіректі жара күрсінгенде шыққан шерлі толғаныстың табы бар.
Өз елінің өзге елдерді отарлауын еш уақытта қолдамаған кемеңгер Лев Толстой: «Идеал есть гармония» дегенде, осынау ғаламат рухани күш-қуаттың адам өміріндегі алатын орнының ерекшелігіне мегзегендей. Ал адам өмірі қоғам тынысымен, ұлттың, мемлекеттің тағдырымен сабақтасып жататыны белгілі.
«Өніп-өсіп келе жатқан Қытаймен арадағы рақымсыз қатал күресте моңғолдар, түріктер мен тибеттер өздерінің бостандығын сақтап, тіршілік-тұрмыстарына бейімделген мәдениетін жасады» [3,161] деп жазады Лев Гумилев тарих тұңғиығына үңілгенде.
Басқа-басқа, кешегі кеңестік жетпіс жылдық тоталитарлық режим кезіндегі Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны: «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған // Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан» деп басталатын еді ғой. Енді тәуелсіз Қазақстан Республикасының Әнұраны да: «Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз, // Азаттық жолында жалындап жаныппыз» [4] деп тұсау кесті. Осының өзінде белгілі бір заңдылық бар. Ол нендей заңдылық? Еркіндікті ежелден-ақ бірінші орынға қойған ер екендігіміз. Бостандық пен ар-намыс жолында ештенеден қайтпайтын қайсар халық екендігіміз. Мұны дәлелдеу оңай, жоққа шығару қиын.
Еркіндікті, бостандықты, азаттықты, тәуелсіздікті әрдайым ту ғып ұстап, ұлттық сана-сезімді тәрбиелеуде, ата-бабамыздан қалған жерімізді басқыншы жаулардан қорғауда, ұлттық намыс пен ұлттық патриотизмді қалғытпай қайрап отыруда берік тұғырнама тұту идеясы үнемі ат үстінде ғұмыр кешіп, ат үстінде қорек айырып, ат үстінде күрмеуі қиын мәселелерді шешкен, бірақ атүстілікке ұрынбаған, көшпелі өркениеттің көш басында жүрген қазақтар үшін ежелден қалыптасқан дағды және өмір сүрудің ең жоғары мәні саналғандай.
Азаттықты аңсау білектің күшімен, найзаның ұшымен ғана жүзеге аспайтын еді, сондықтан намысты қайрау, рухты ояту, жігерді жану үшін әманда сарқыраған сарынды, адуын ағысты жыр көмекке келген. Бодандыққа бой ұсындырмай, отаршылдық езгіден зар шеге жүріп, одан шығатын жол іздеттірген де, тәуелдіктің темір құрсауын тәрк етуге ұмтылдырған да жыраулардың отты жырлары,ақындардың алаулы өлеңдері еді ғой. Ерте дәуірлердегі, тіпті, біздің жыл санауымыздан әлденеше ғасырлар бұрыңғы елді қорғау, жерді қорғау, батырлардың ерлік істерін әспеттеу идеясы бірте-бірте азаттық, тәуелсіздік жолындағы күрестің ұранына ұласады.
Қазақстан тәуелсіздігінің онжылдығына орай «Отырар кітапханасы» сериясы бойынша 2001 жылы республика баспаларынан бірнеше жыр кітаптары жарық көрді. Бұлар: Д.Қанатбаевтың «Жатаған ымырт, биік таң», К.Ахметованың «Тәуелсіздік сөзі», Н.Бәдіғұлдың «Сыбаға», Қ.Күзембаевтың «Наз бен нала», Қ.Жылқышиевтың «Асаукер», Т.Сарыбайұлының «Дария – дәурен», Б.Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың «Сам жамыраған шақ», Қ.Бегмановтың «Сағыныш», Ғ.Жайлыбайдың «Құсқанаты», Б.Жақыптың «Қолтаңба», Е.Жақыпбековтың «Аяулым», Ш.Жұбатованың «Гүлденгенде алма ағашы», О.Асқардың «Тәуелсіздік тартулары», Б.Үсеновтың «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», Қ.Жұмаханұлының «Жүрек әні», Г.Салықбаеваның «Аспандағы аңсарым», Ш.Әбдікәрімовтың «Байқоңыр», Р.Ниязбековтың «Тыңда мені, замана!», Ғ.Жандыбайдың «Ақ теңіз», сондай-ақ әдебиетке тәуелсіздік жылдары келіп қосылған жаңа есімдер, жас толқындар – Ж.Сәрсектің «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», Е.Алаштуғанның «Тақсыр күн», Ж.Әшімжанның «Тұңғиық», С.Қамшыгердің «Сәйгүлік», А.Исаділдің «Жолдар, жолдар», Г.Ибашеваның «Өмір құйын», А.Шегебайдың «Алакеуім», Б.Айболатұлының «Көзмоншақ», А.Ақын.Бабақызының «Қаңтардағы қызыл гүл», Б.Бабажанұлының «Аспан мен жердің арасы», Б.Беделханұлының «Көкемарал», Д.Берікқажыұлының «Қынаптан шыққан қылыш», М.Ершутегінің «Жапырақ ғұмыр», Т.Толқынқызының «Біз – таулықпыз», А.Шамшадинованың «Жанар», Т.Қамзиннің «Аспан» атты т.б. жыр жинақтары қазақ поэзиясының арнасы ортая бастаған дариясын толтыруға қосылған үлес болды. Әрине, бұл жыр жинақтарының әрқайсысының арқалаған жүгі, айтар сөзі, уәделі қадамдары бар. 2000 жылы «Өлке» баспасынан «Жас ақындар жырларының антологиясы» шықты. Әсіресе, жас толқынның қазақ поэзиясына мол қуатпен, үлкен үрдіспен келіп қосылғаны қуантады.
Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық тәуелсіздік – бізді дүниеден оқшаулап тастайтын Қытай қорғаны болмайтыны сияқты, ешкімнің құқығына қарсы қойылмайды да. Ұлттық тәуелсіздік – отаршыл озбырлардың езгісінен, талан-таржысынан атамекеніміз бен халқымызды құтқару қозғалысы болып табылады» [5,57] деп шырылдаған жан айқайы XX ғасырдың басынан жаңғыра естілгендей.
Күні кеше, 1991 жылдың 31 мамыры күні әлемді шарлаған жазушы Әнуар Әлімжанов: «Мұстафа Шоқай арман еткен Теңдік пен Еркіндік те есік қағып тұрғандай!» деп жүрегінің атойлаған қуанышты үнін қалың елі қазағына жар сала жеткізіпті. Мемлекет, қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбайұлы 1993 жылы маусымның 15-інде Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлт кеңесінде сөйлеген сөзінде: «Дүниежүзілік тәжірибеде талай рет көрсеткеніндей, жас егемендік пен қаз тұрып келе жатқан демократияға, әсіресе, алғашқы онжылдық тым қиын соғады. Біріншіден, онымен байланысты қоғамды түбегейлі жаңарту – бір айдың ғана немесе бір жылдың ғана ісі емес. Екіншіден, мәселенің мән-жайын бірден түсіну кімге де оңай соқпайды. Үшіншіден, осы уақыттың ішінде ұрпақтар ауысады» [6] деп тәуелсіздікті түсіну, қабылдаудың өзі рухани дайындық пен материалдық жағдайды жақсартуға да қатысты екендігін аңғартқан болатын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы онжылдық қаншама қиын өткелдерін алдымызға тосқанын, қаншама ауыртпалықтарды арқамызға артқанын қалай ұмытайық! Осы уақыт аралығында кешкен бейнет те,тартқан азап та, оқыған дұға да, шымшымдап бойға дарыған қайрат та-бәрі-бәрісі қазақ тарихында алуан реңкті өз бояуын тауып,заман келбетінің қалай-қалай құбылғанын айна қатесіз образға айналдырып, халық есінде қалдырды.
Философ-ғалым Ғалифолла Есімнің: «Абайды тану тәуелсіздік алғаннан кейін кең өріс алғаны шындық. Ақынды толық түсінуге, терең тануға мүмкіндік туды. Абайтану жаңаша арнада дами бастады... Егемендік тек саяси құбылыс емес, мәдени-тарихи болмыстың көрінісі. Егемендік халық болмысындағы ерекше халді бейнелейтін құбылыс екеніне тағы бір мәрте көзіміз жеткен сыңайлы. Жалпы, егенмендік дегеннің өзі-өзіңді-өзің түсіну, өзіңді-өзің тану деген сөз. Тәуелсіздік бізге осынысымен қымбат» [7,63] деген пікірін тек Абайға ғана қатысты деп ұқпауымыз керек, қайта тәуелсіздіктің арқасында барлық ақындардың өлең-жырлары үлкен сүзгіден өтіп, елеп, екшеліп, жаңаша көзқараспен пайымдалып жатқанын байқаймыз.
Академик С.Қирабаев: «Тәуелсіздік біздің ұлттық идеологиямыздың негізі болуы керек» деген ойды ортаға тастағанда, ең алдымен, біздің рухани, мәдени, тарихи, саяси, экономикалық, т.б. құндылықтарымыздың бәрі тәуелсіздіктің арқасында бағалы, ендеше соның бәрі ұлттық тәуелсіздігімізге қызмет етуге тиіс» [8,102] деген тұжырым жасаған. Мұндай ойға тәуелсіздігін нығайтуды мұрат тұтқан көрші елдердің қоғамтанушы ғалымдары да жиі оралып соғуда. Мәселен, Ресейдің белгілі әлеуметтанушысы Владимир Ядов: «Для того, чтобы российское общество повзрослело, нужна какая-то общемобилизующая высокая национальная идея» депті. Ақын қоғамдық өмірдегі өзгерістердің фотокөшірмесін жасаушы емес, ол өлең тілінде, образға орап, заман тынысын, уақыт демін, тарихи ақиқатты жүрек лүпілімен, жан дірілімен жырға айналдырады.
Тәуелсіздік жөнінде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихтың ұлы көші қайда бағыт ұстап, шерлі шежіре парақтары қанша аударылса да, мыңдаған жылдар бойы Еуразия атты қарт материк талай-талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл кіндік ортасындағы ұшы-қиыры жоқ ұлы даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен етіп келе жатқан халық әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық ұғымдарымен өмір сүріп келеді. Оған уақыттың өзі куә» деген болатын [9,75].
«Әр қауымның әлемдегі орны, бағасы, азаттық пен тәуелсіздік ауқымы оның өркениетке қосқан және қоспақшы туындыларына қатысты, солармен өлшенеді. Өркениетті туындылар беру қабілетінен мақұрым қауымдар бостандығы мен тәуелсіздігін жоғалтады» [10] деген Мұстафа Кемал Ататүріктің өсиеті өзінің мәнін осы күнге дейін жойған жоқ. Тарих сабағынан тағылым алатын елдер ескере жүрер сөз.
Қазақ елі 1990 жылы қазанда Кеңес одағы дағдарыста тұрған кезде Егемендік туралы Декларациясын қабылдады. Тұңғыш Президент сайлауын өткізді. Тәуелсіздік туралы Заң жобасы Жоғары Кеңесте талқылауға түсті. Ақыры 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылдады.
Көп ұзамай, 1991 жылғы 1-4 тамыз аралығында, Көкшетауда Абылай ханға арналған үлкен ас берілді. Дүние астаң-кестең, ойпаң-тойпаң болып кетуге шақ қалып тұрғанда исі қазақтың ұлы хан Абылайдың әруағына сиынып ас беруі, құран бағыштауы, елді бірлікке шақырып, етек-жеңді жинауға үндеуі кездейсоқтық емес еді. Бұл жөнінде кейіннен белгілі зерттеуші, қоғам қайраткері С.Әбдрахмановтың: «Сол тұстағы жұрттың көңіл күйі әлі есте. Бұл егемендігін жариялап қоя салатын, оны місе тұтатын халықтың түріне онша кіріңкіремейтін. Ертеңіне ұмтылған еліне ұлы бабамыз ақ батасын беріп тұрғандай-ды» [11] деп жазуынан көп сырды аңғарамыз. Ел оянды. Халық толқыды. Бостандық пен тәуелсіздікке толық қол жеткізбей болмайтынын түсінгендіктен ел егемендіктің енді нақты жүзеге асуына асықты. Ұлы державалық шовинизмнің өртіне шарпылмай тұрғанда ұлт тағдырын арашалап қалу керектігін күн тәртібіне өткір қойыла бастады.
«Бостандыққа ұмтылған халықты қырып-жойып жіберуге болатын да шығар, отар ұстап, құл жегіп көрмеген соң білмейді екенбіз, бірақ ондай халықты жеңу мүмкін емес» деп жазады[12] сол тұста белгілі саясаттанушы, ғалым С.Ақатай «Тәуелсіздік – біздің түпкі мақсатымыз» атты мақаласында.
Алты Алашқа сауын айтып, Абылай ханға ас берудің астарында елдік мұрат, ата-баба армандаған азаттық пен бостандық, тәуелсіздік жолындағы күресте ұлттық намысты тағы да сынайтын аса жауапты сәт туғандығы аңғарылып тұрды.Ұлы Абылай, хан ием!
Алыстаған бір кезде
Өзіңе енді жақынбыз.
Десек те біз пақырмыз,
Кешегіден батылмыз,
Кешегіден ақынбыз.
Бостандық деп, теңдік деп,
Жағаласып жатырмыз,
Жанталасып жатырмыз![13,35] - деп ақын Темірхан Медетбек те халықтың дәл сол күндердегі көңіл күйін дөп басқан.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде ел тағдыры, елдік мұрат, ел мүддесі дейтін ұғымдарға ерекше екпін түсіріле бастады. Жеке бастың гөй-гөйінен гөрі, егемен елдің бүгіні мен ертеңі қалай болады дейтін алаңдаушылық, жұртшылық жанарындағы үміт пен үрей, жолайрықтағы шарасыз халде тұрған жолаушыға бағыт нұсқаған бағдаршамның өшіп-жанған жарығындай, назар аудартты.
Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата-бабаларымыздың аманат-арманы ақыры жүзеге асқан тұста, төрткүл дүниенің бұрыш-бұрышына мынау жұмыр жердің бетінде тағы бір тәуелсіз, еркін, зайырлы, құқықты, демократиялы мемлекет көк байрағын көтерген шақта қаны қазақ, рухы қазақ, тілі, ділі қазақ атаулы жүрегі жарылардай қуанғаны анық. Бұл бостандық таңын, азаттық таңын біз асыға күттік, сарыла күттік, сағына күттік.
Ұлттық сананың, тарихи сананың оянуы өткен жолымызға қайта үңілтіп, қаншама жылдар бойы айтылмай, жазылмай келген ақиқаттың ақ таңдақтары мен қара таңдақтарын анықтауға, жүріп өткен «асуларымыз» бен алдық деген «асқарларымыздың» қаншалықты тарихи маңызы болғанын бағалауға, мәдени, әдеби әлеміміздегі жарық жұлдыздарымыздың тарихи әділетті орнын анықтауға мүмкіндік ашты. «Адасып қараңғыда, сорлы қазақ!» деп даусы қарлыққан Міржақыптың, «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған» деп күрсінген Ахметтің, «Бар сүйеніш, үміті бір құдайда» деп толқынаған Шәкәрімнің, «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп арманда кеткен Мағжанның, т.б. – алаш Ардақтыларының үндері жетті құлаққа.
Тәуелсіздікпен бірге бұрын езіліп, жаншылып, еңсесі түскен қазақ еліне ұлы Рух оралды!
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы онжылдықта (1991-2001) жарық көрген: 1991 жылы – Абзал Бөкеновтің «Салбуырын», Е.Раушановтың «Ғайша-Бибі», 1992 жылы – М.Айтхожинаның «Жапырақ сілкінген кеш», Т.Тұяқбаевтың «Жан дауысы», Б.Үсеновтің «Табиғат терезесі», с.Нұржановтың «Аруана», Г.Шәмшиеваның «Қаракөз дәурен»; 1993 жылы – Т.Әбдікәкімовтің «Ақшам хаттары», Г.Өмірзақованың «Жапырақ ғұмыр», 1994 жылы – С.Сейітовтың «Серпер», Ә.Қайранның «Мазасыз әлем», 1995 жылы – Х.Ерғалидың «Сонеттер», Ә.Сәрсенбайұлының «Ғасыр мен ғасыр беттесе», Қ.Шаңғытбаевтың «Махаббат пен ғадауат», Қ.Бұғыбаеваның «Қоштасқым келмейді», Е.Раушановтың «қара бауыр қасқалдақ», Н.Мәукенұлының «Бойтұмар», А.Шәріповтың «Құбыла», Қ.Исаның «Керімсал», Г.Салықбаеваның «Жан»; 1996 жылы – Ө.Нұрғалиевтің «Афина мектебі», А.Егеубайдың «аламан», К.Ахметованың «Күн шыққанда күліп оян», Иран-Ғайыптың «Жыр әлемі», Ж.Бодешұлының «Жұлдызға орнын Ай бермес», М.Ақдәулетұлының «Дәруішнама», А.Әлімнің «Ай нұры алақанымда», Ғ.Жайылбайдың «Жүрегімнің жұлдызы», Ә.Ыбырайымұлының «Пір мен пырақ», Б.Жетекбайдың «Күндіз аққан жұлдыздар», Т.Молдағалиевтің «Жаз да өтіп барады», «Бір асудан асқанда» (1997), «Сағындырған көктемдер» (2001), 1997 жылы – Қ.Мырза Әлидің «Заман-ай!», «Алаштың арманы» (2001), С.Дәуітұлының «Сарыбел сазы», А.Шаяхметтің «Жұлдызды дәуір», Т.Рақымның «Дүлділ көңіл», Н.Оразалиннің «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу» (2001); А.Сейтақтың «Ғұмырнама», 1998 жылы – О.Тұржанованың «Шерқала», Ә.Қайырбековтың «Шер шертер», М.Әкімхановтың «Жалғыз арша», Н.Исабаевтың «Қимаймын сені», 1999 жылы – Т.Медетбектің «Тағдырлы жырлар жарлары», С.Тұрғынбекұлының «Жерорта», Е.Асқаровтың «Астана жұртын айналсам», Д.Стамбекұлының «Жұмағым мен тамұғым», Қ.Шолақтың «Көксеңгір; 2000 жылы – М.Шахановтың «Жаңа қазақтар», С.Ақсұңқарұлының «Адам ата – һауа ана», Т.Әбдірахманқызының «замана сазы», К.Салықовтың «Сәбит аға», «Түркістанға тағзым», Е.Әукебаевтің «күн мен көлеңке», Н.Айтұлының «Рухымның падишасы», Ұ.Есдәлеттің «Киіз кітап», О.Асқардың «Орбұлақ»; 2001 жылы – Д.Әбіловтің «Жолаушы өмір», М.Рәштің «Киелі домбыра», Т.Қажыбаевтың «Жеті желі», А.Бақтыгерееваның «Ақ шағала», Ә.Рахымбекұлының «Айдынынан айырылған, Арайлым-ай!», С.Адайдың «Әр қазақ – менің жылғызым», Т.Әбдікәкімовтің «Ырауан», И.Сапарбайдың «Махаббат пен ғадауат», М.Қайыңбаевтың «Жарғақтағы жазбалар», Б.Бекетованың «Көлбастау», К.Құмарұлының «Кәрібоз», Қ.Жұмағалиевтің «Күншуақ», Ж.Әскербекқызының «Қаракөз – бұлақ» т.б. жыр жинақтары шыққан.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, күн тәртібіне өткір қойылған мәселелердің бірі –мемлекеттік тіл тағдыры еді. Бодандық бұғауында болған жылдарда, әсіресе кеңестік дәуірде ана тіліміздің – қазақ тілінің халі әбден мүшкіл болып, қолданылу аясы мүлде тарылып, отбасылық қарым-қатынас құралы ретіндегі қолданылудан да шыға бастаған-тұғын.
Сол тұста ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың: Тағдырдың түсіп тезіне,
Тартпасқа қорлық, мазағың,
Өз қолың жетсе өзіңе,
Тіліңді қорға, қазағым! [14,63]– деп жалпақ жұртқа Алаш ардақтылары Ахмет, Әлихан, Міржақып сияқты ұранды сөз тастауының сыры – заман лебін байқастап, қаламға жүк арту емес, өзі де қоғамдық, саяси, мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп көз жеткізгендіктен және тіл тағдыры – мемлекеттік тағдыры екендігін астана жұртқа жүз қайталап айтуды міндет,парыз санағандықтан деп ұғамыз. Сонау ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының қайраткерлерінен кейін бұл мәселе дәл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай айырықша леппен: «Тіліңді қорға, қазағым!» деп ұранға ұласты.
«Қазақтың қалғып-мүлгуге бейім, балаңдау санасы үшін үнемі сілкініс-серпелістер керек; тіл туралы кейде байыпты да байсалды, кейде өткір де өзекжарды сөздердің әлсін-әлсін айтылмағы әбден қажет! – дейтін жазушы Мархабат Байғұттың пікірін сала-сала ой сораптары тарқатылып шығады екен. Санадағы сілкініс пен серпелістің әсіресе ұлт тағдырына қатысты мәселелерде аса қажет екендігін Алаштың ардақтылары айтудай-ақ айтып өткен еді ғой. Енді,міне, бұл тәуелсіз елдің азаматтары үшін де күнделікті іс жоспарында тұратын, жұмбастылықты сылтауратып елемей, ескермей кетуге болмайтын мәселе. Себебі, «балаң сананы» байыту, есейту, жетілдіру арқылы ғана халқына, ұлтына жаны ашитын қайраткер қалыптастыруға болады. Асылы, ана тілі – ақ уыз. Қазақта «уызынан жарыған» деген сөз бар. Рухани уызға жарыған сәби, яғни ана тілін еркін меңгеріп, ұлттық фольклордың бай қазынасынан сусындап өскен қазақ баласы ертеңгі күні сол ана тілінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда шырылдап отқа да, суға да түседі. Сондықтан да Исраил Сапарбай өзінің «Тіл тағдыры» дейтін өлеңінде: Шыда, шыда, төзіп бақ бәр-бәріне,
Қамалды бұз, жолыңды аш, қар да күре!
Тіл тағдырын көзінің тірісінде
Ұрпағыңа тапсырсаң, арманың не?! [15]– деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тап басқан. Бұл ақынның алты шумақ өлеңімен жеткізілген алты алаштың арманы, аңсар-мұраты екендігі сөзсіз.
Ел тәуелсіздігі – ұлттық тіліміздің бағын ашты. Қаншама қиындықпен, күреспен, мылтықсыз майдан үстіндегі жанкешті шайқаспен қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып мерейі асып, мәртебесі биіктеді, шын мәнінде қайта тіріліп, өмірге қайта келді.
Қазақ тәуелсіздік алғанда қазақ тілі осыншама додаға түсер деп кім ойлаған. Елімізде тіл қазіргі таңда басты мәселенің бірі болып тұр.
Қайғыға қалай бауыр баспайын,
Ертерек туып,
Кеш қалсам.
Күлкімді мұңға айырбастаймын,
Ана тілімді еске алсам, [16,95] - дейді Ұ.Есдәулетов. Ана тілінің шұбарланып кеткеніне, құрып кету қаупіне қапа болады. Ата-баба алдында тілі үшін ақын өзін айыпты санайды.
Ғұндарға дағы,
Сақтарға дағы,
Ақ сүтін берген арман тіл,
атқанда дағы,
шапқанда дағы
қансырап аман қалған тіл [16,94] - деп, көнеден келе жатқан мұрамыздан айырылуға шақ қалғанымызды күйінішпен жырлайды. Осы бір шумақтан тілдің бүкіл тарихын сезінгендей боласың.
«Құрыған тіл!» – деп табандағанның,
деймісің кетпес түгі де,
Тілімді сонша жамандағанның
шоқ түсер әлі тіліне» [16,95].
Өз тілін місе тұтпай, тіпті өз тілінде сөйлеуді ар санайтын кейбір қаракөздерімізге айтылған сөздей.
Еуразияның самалы өпкен селеулі сайын даласында туып, өр Алтай өктем қылып өсіп-өндірген, қара Ертіс тулаған толқынымен материкке, жаһанға таратқан көшпенділердің ұлы өркениеті ұлықтаған ғұн мен сақ, оғыз бен түркі үн қатқан бабалар тілінің мұрагері – қазақ тілі ХХІ ғасырға жетті.
Ұлттық валютамыз – теңгенің өмірге келуі де тәуелсіздіктің арқасы. Теңге алғаш қолымызға тигенде, шынымен, ел болдық-ау, өз ақшамыз бар, төл теңгеміздің ғұмыры ұзақ болса екен деп тілек қоспаған қазақ жоқ шығар. Дегенмен, көңіл алаңдаулы еді. Ақын Өтепберген Ақыпбекұлының мына бір өлең шумағында сол кездегі Қазақ елінің төл теңгеге деген махаббаты, қуанышы, алаңдауы бейнелі түрде сәтті жеткізілген деп ойлаймыз: Бір жағында – юань,
Бір жағында – рубль.
Долы доллар долданып,
Көкірегін ұрып жүр...
Енесінен өзгені көзге ілмей кісінер,
Бұғалықсыз, бұйдасыз,
Теңге деген – құлын бір...[17,52].
Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде жүріп жатқан алуан оқиғалардың бірде-бірі мемлекеттік рәміздерімізді айналып өте алмайды. Мемлекет басшыларының жоғары дәрежедегі халықаралық кездесулерінен бастап, дипломатиялық байланыстардың бәрінде де, халықаралық спорт жарыстары кезінде, мәдени, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда болсын, елдік нышандарымызға қарап әріптестеріміз, өзге мемлекеттердің өкілдері бізді таниды, мойындайды.
Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздерімізді әрбір қазақстандық азамат қастер тұтуға, қасиетті санауға, қадірлеп-құрметтеуге міндетті. Бұл міндеттілік әрбір күнгі қызмет, жұмыс, оқу үдерістерінің бәрінде де жүзеге асып жатуға тиіс. Мәселен, үстіміздегі 2015 жылдың сайлауды алайық. Қарапайым, қатардағы сайлаушы кімге дауыс беретіні жөнінде ойлағанда мемлекеттік мүдде, халықтық мүдде қалай ескерілмесін. Ендеше сайлаушының дауысын кімге, не үшін беретіні – мемлекеттік мәселе. Осы орайда ақын Жүрсін Ерманның өлеңінен алынған мына бір шумақ пікірімізді шегелей түсетіндей:
Айбар болар Алашқа таусылды ма ер-
Намыс оты лапылдап , жансын жігер.
Көк байрақтың астында табысуға,
Ата қазақ, сен бізге даусыңды бер! [18].
Әрине, ақын астарлап айтып, жетелінің жетесіне жетер ой тастайды. Мәселе Көк байрақтың астында бірігіңдер, бөлінбеңдер, тұтасыңдар, табысыңдар, сонда елдік арман-мұраттарыңа жетесіңдер дегенге саяды. Көк Ту да, Әнұран да, Елтаңба да, төл Теңге де қазақтікі. Қазақ елін мекендейтін басқа ұлт өкілдері мемлекеттік рәміздерімізді сыйлағанда ғана бізбен сыйыса алмақ, елдік нышандарымызды құрметтегенде ғана бізбен тіл табыса алмақ. Бұл – әлемдік тәжірибеде орныққан дәстүр. Ендеше біз жас ұрпақ тәрбиесінің барлық сатысында да мемлекеттік рәмізімізбен патриоттық рухты, отансүйгіштік сезімді бойға дарытатынымызды ешуақытта жадымыздан шығармауымыз тиіс.
Құдайға шүкір, тәуелсіздіктің, бостандықтың жемісі – ақындар жырлай алады, жазушылар жаза алады. Бұған дәлел, 1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның бір жылдығына арналған жыр жарысы – мүшәйра өткізілсе, одан соң Бұқар жыраудың 325 жылдығына, Мағжан Жұмабаевтың, Абылай ханның, Қабанбай батырдың, Қарасай батырдың, Сәкен Сейфуллиннің, Абайдың, Жамбылдың, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің т.б. мерейтойларына, Түркістан қаласының – 1500, Тараз қаласының – 2000 жылдығына, бүгінгі күнмен сабақтастырсақ, Ұлы Жеңістің – 70, Қазақ хандығының құрылғанына - 550 т.б. арналған көптеген бәйгелер бір-біріне жалғаса үлкен көш-керуенін құрағанын, жазба поэзияның дамуына әжептеуір ықпал-әсері болғанын жоққа шығара алмаймыз. Теңіз түбіндегі маржандай қымбат та бағалы дүниелер өмірге келіп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, көркемдік қайнарларының да көзі ашылып, елдік, ұлттық, халықтық мұраттарды қозғап, азамат-ақынның қара нардай қабырғасын қайыстырып, отқа орап, жалынға шарпып, ыстыққа күйдіріп, суыққа тоңдырып барып туған жырлар рухани қазынамызды байыта түскеніне күмән жоқ.
Енді өлсем де – арманым жоқ –
Құл емессің Қазақстан!!![19,111] – деп ақын Өтежан Нұрғалиевтің өткір айтуының сыры да сонда. Осылайша, тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейінгі, өткелі жатқан тойлардың ішіндегі ең ерекшесі Абай тойы болып, оны ЮНЕСКО өзінің шешімімен әлемдік деңгейде атап өтуге ықылас білдіріп жатқанда, қазақ зиялылары үнсіз қалған жоқ.
Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап өз елін жарқын болашаққа бастап келе жатқан Нұрсұлан Назарбаев сынды Ұлы көшбасшысы бар Қазақ елі – аз уақыт ішінде тарихта бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі Қазақстанның басты мақсаты – экономикасы дамыған, бәсекелестікке қабілетті, ең дамыған 30 елдің қатарынан көріну. «Мәңгілік Қазақстан» жобасы осы мақсатқа жеткізетін Ұлы бастама. Ағымдағы жылда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Халқына Арналған Жолдауы осыдан бір жыл бұрын Елбасы өзі жария еткен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын, яғни, Қазақстандық дамудың бағыт-бағдарын айқындап берді. «Мәңгілік Ел» жобасы – ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Страрегияны мүлтіксіз орындау, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!,- деп атап өтті Елбасы өз жолдауында. Елбасы жолдауында еліміздің экономикасын, шағын бизнесті, әлеуметтік саланы дамыту, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру, ұлттық білім берудің сапасын жақсарту, инфроқұрылымдық үш тағанның қарқынды дамуы бұдан өзге де маңызды мәселелер сөз етілді. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл - әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек». Елбасы Жолдауында айтылған осы бір сөздер әрбір саналы азаматтың жанын тербері сөзсіз. Ел мен тіл – егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі – ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Ол – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру елімізде табандылықпен жалғасып келеді. Мемлекеттік тілді дамытуға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп, енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн деп ой түйді. Олай болса, ана тілімізді – мәңгілік тіл ету өз қолымызда. Алдыға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. «Мәңгілік Қазақстан» жобасы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен сынақ, оны мүлтіксіз орындап, сүрінбей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет» деп ашып көрсетті. ХХІ – ғасыр ешбір ел, оның ішінде біздің еліміз үшін де даму жолында жеңіл саяхат болмасы баршаға мәлім. Ел дамуының негізгі өзегі – экономикалық дамудың деңгейі бола бермек. Оған мысал, қазіргі жаһандық дамудың үлгі-көрінісі болып отырған, құрамына 34 ел кіретін «Экономикалық ынтымақтастық пен даму» ұйымы дүние жүзілік жалпы ішкі өнімнің 60 пайызынан астамын өндіріп отыр. Сондықтан да көптеген елдер жоғарыдағы елдердің санатына кіруге аса мүдделі. Олар – Бразилия, Қытай, Индия, Индонезия, Ресей. Мінекей, біздің Елбасымыздың да алдағы қойып отырған ауқымды міндеті мен ұзақ мерзімді мақсаты сол елдердің қатарынан көрініп, халқының өмір сүру сапасын барынша жоғары көтеру болып табылады. Олай болса Елбасы салған сара жолдан таймайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін!
Қазақ хандығының 550 жылдығы – бұл біздің ұлтымыздың туы тігілген өте жауапты кезең. Тарихымызда бұл мерейтой тұңғыш рет аталып өткелі тұр, ендеше осы 550 жылдық – қалай болғанда да мемлекеттік тұтастығымызды, тәуелсіздігімізді, Мәңгілік Елге бара жатқан сара жолымызды танытатын, әлем елдерінің алдында ұлтымыздың тамырын, тегін, тарихын паш ететін, бағаланатын ұлы шаруа болатынына біз бен сіз болып ат салысып, кірпіш болып қалану.
Сөз соңында айтар түйін,
Санамды кемел ойға батыратын,
Отаным – кең құшақты атырабым.
Топырағыңның түйірі алтын маған,
Тарихтың толқынында жарқылдаған.
Көнекөз жәдігерім, абыз далам,
Мирас боп қалған қария ғасырлардан.
Осындай кереметтер Отаны бұл –
Төрткүл дүние таңдай қаға қараған.
Нұр ағам салған қазіргі нұрлы көште,
Татулықтың бесігі тербетулі.
Ерке Есіл сағасында тыныштықпен,
Еңселі бой түзеген «Қазақ елі!»
Кең байтақ Отанымның қазақтың кең құшағы мен дақ дүспеген пейілі іспетті көгілдір аспанын, сол аспанда жер бетіне жылулық сыйлайтұғын күнін, қазақтың жарқын болашағындай аспанмен таласқан биік тауын, сол таудан еркелей аққан қазақтың ары мен көңіліндей таза бұлағы мен суын, жымың қағып жарқырай түскен жұлдыздарын, жазира кең атырабына көрік беретін құлпырған қазақ қыздарындай қырмызы гүлдерін, қиялыңа қанат бітіретін, талай өлең-жырды туғызған саф ауасын сүйіп өтемін!
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Алаштың Ардағы:(елтанымдық және тілтанымдық жинақ). Құрастырған Е.Е.Тілешов, Г.П.Әріпбек. Астана:"Руханият", 2010ж - 264 бет.
- Уәлиханов Ш. Шығармалары. Алматы, 1982. -582б.
- Елеукенов Ш. Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде. – Алматы: Алатау, 2006.
- Жыр-мұра. –Астана: Елорда, 2001. -496б.
- Әзизова А.О. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ лирикасы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. 2005, №4.
- Кекілбаев Ә. Тани білсек, талант көп // Қазақ әдебиеті. 1971, 1 қаңтар.
- Есім Ғ. Абайдың жолы – хақ жолы. Ақиқат, 2008, №5. -23б.
- Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет.-Алматы: Ғылым, 2001.
- Назарбаев Н. Тарих толқынында.–Алматы: Атамұра, 1999. -296 б.
- Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: «Фолиант»,2002.
- Әбдрахманов С. Төл туындыларымызды дәріптейік. Әлем әдебиеті, 2008, №2.
- Ақатай С. Тәуелсіздік – біздің түпкі мақсатымыз. Егемен Қазақстан. 2000. №5 (22).
- Медетбек Т. Баба дәстүрдің мұрагері кім?/Т.Медетбек.-Алматы: Өлке, 2001.-248 б.
- Қазақ поэзиясының антологиясы. –Алматы: Ғылым, 1992. -488б.
- Сапарбай И.Сыңғырлаған сөз деме. Жүлдыз, 2003, №6.
- Мұқашева Р. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұлттық характерді бейнелеу жүйесі. Автореферат /Р.Мұқашева.- Алматы, 2000.
- Османова А.Толғауы тоқсан қызыл тіл. -Алматы:Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасы, 1993.-20 б.
- Ерман Ж. Жүректен шыққан сөз. Қазақ әдебиеті, 2001, 12 наурыз.
- Жұмахметұлы Е. Көзіміз, құлағымыз қазақ тілінде ауыз ашпаса/
Лекерова Данагүл Ержұмақызы
Абай атындағы ҚазҰПУ,
филология институтының 1-курс магистранты
Пікір қалдыру