Ел тарихын ескі әуен десек, Керей мен Жәнібек дуэті...

/uploads/thumbnail/20170708171023798_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!

(Клионың ізімен)

Егер тарихымызды сонау б.з.д  мыңжылдықтардан бастау алған өшпейтін әуен деп алсақ, онда ол әуен қандай болар еді? Көңілді, ырғақты? Әлде, мұңды, баяу ма екен?

Бір мезетке тарихымызды солай елестетіп көрелік. Онда нақты қалыптасқан дуэттің пайда болған уақытын 1465 жыл деп аламыз. Оған дейінгілер қайда демексіздер ғой? Оған дейінгі тенор, бас, баритондардың барлығы әр бөлек орындалып, бір арнаға тоғыса алған жоқ. Араларына Томирис пен Зариналардың сопраноларын қосуға болады. Әрбіреуі жеке-жеке орындаушылық қабілеттерімен көріне білгені сөзсіз. Бірақ, тарихи сахнада үлкен бенефис ашып, елді дүр сілкіндірткен Керей мен Жәнібек болатын. Олардың жұбы жаңа композицияның дүниеге келіп, оның қазірге дейін жалғасуына бірден-бір себепкер бола білді.

Әрине, жаңа композиция орындаушылардың эмоция, көңіл-күйі, тұрмысына сай өзгеріп отырғаны рас. Қасым ханның кезінде, мысалы, музыкалық ноталардың спектрі біршама ұлғайды. Тәуке ханның тұсында Полигимния атты музаның қабілетінің шарықтау шегіне дейін жеткенін айтуға болады. Себебі, шешендік өнердің, көсем сөздің шарықтауының дәуірі сол етін. Бірақ, тарихымыздың ең танымал, зор ариясы – Абылай ханның билік кезеңі екені сөзсіз. Абылайдың шеберлік қасиеттерімен қоса, Каллиопаның таныс белгілерін көреміз. Соншалықты көп батырларымыздың бір қолдың астында жиналып, ержүректік, батырлық танытқаны – ұмытылмас тарих таңбасы. Ал, Абылайдың өзін айтсаңызшы! Үш жүздің басын бір арнаға қосып, көрші елдердің операсына төтеп беруі – ғажап көрініс! Әрине, Абылайдың жанында оның қолдаушысы, ақылгөй кеңесшісі Бұхар жырау бар болғанын ескеру де маңызды. Осындай тұлғадан кейін әуен ырғағы біршама өзгерді: ірі тербелістер пайда болып, ырғақ бәсеңдей бастады, әуенімізге бөтен интонациялар кірді. Абылай солосының соңғы ізі деп Кенесарыны айтамыз. Жалпы, ол кезде қаһармандық белгілер дүйім жұрттың ішінде де біліне бастады, Пугачев көтерілісіне өз үнін қосқан жамағат өз эпикалық музыкасын ұсынды. Сырым, Исатай мен Махамбет, Жанқожалардың жүрек айғайы әлі де жадымызда сақтаулы. Мен олардың әуендерінен қазіргі хэви-металдың ноталарын естиміз. Сегізінші октаваның ноталарын.

dala aueni

Міне, жан беріскен сегізінші октавадан бірден бірінші октаваға түсіп кеткен ХХ ғасырдың басы да басталды. Алда дауыс жоғалтуға дейін барған үлкен трагедияның келе жатқанын білдік пе сонда? Сірә, білген жоқпыз-ау... Ал, алып трагедияға дейін, ұлтымыздың әуенінде жаңа екпін күш алып жатыр еді. Алаш! Осы сөзде қанша мән бар дер едім, ескі мәтінмен. Ғасырдан да ұзаққа жеткен зор мән. Зиялыларымыздың оркестрі керемет серпін алып, әр қазақтың құлағына жетпекші болған. Нақты территориямыздың белгіленуі, қазақ тілі қарпінің қалыптасып, газет-журналдардың басылып шығуы – жаңа өзгерістерді, тербілісті әкелді. рухымыздың биікке самғап, әдебиетіміздің Абайдан соң жандана түсуі – сөз жеткізсіз жетістік еді. Прэстиссимо ырғағында бір топ зиялылар оркестрі көптеген еңбектерге қол жеткізді. Әрине, жапа шеккені, түрмеге отырғызылып, лагерьлерге жабылғаны рас. Сонда да шапшаң ырғағын жоғалтқан жоқ. Бірақ, 1937-1938 жылғы оқиғалар әуен ырғағын ларгоға түсіріп, аштық жылдары 2 млн бауырласын жоғалтқан қазаққа үлкен соққы болып тиді. Қолдың байланып, тілдің ауыздықталғаны даусымызды шығартқан жоқ. Бұрыннан қол бастауға, сөз бастауға дайын тұрар қазақ өз көлеңкесінен де қорқатындай кейіпке енгендей (Шындықты баса айту қасиетіміз әлі күнге де бір бейнеге енбей, әлсін-әлсін елестейді). Коммунистік бағыттағы әуеніміз тұрақты, бір сарынды болды. Әуен тұрақты деп, орындаушылар өзгерді деген сөз емес. Жоқ, ХХ ғасырдың орта кезі бізге біршама дарынды тұлғаларды сыйлады. Академик, профессор, жазушы, ақын, ғалымдарымыз көбейді. Тарихтың жүгін арқалаған Есенберлин, Мағауин, Әлімжановтардың көшін жаңа толқын жалғады. Шұбартылған тарихымыз жаңарып, өз қалпына ену жолының жаңа кітабы өз бетін айқара ашты.

Бірақ, әуеннің «Тәуелсіздік» атты жаңа толқыны, жаңа өрісі 1991 жылы туды. Біз әуенімізді барша әлемге паш ете алатын жағдайға ие болдық. Оны көрсетіп келеміз де. Экономиканың бағытымен өркендейміз деп, ұлттық идеологияны, намысшылдықты ұмытып қалғанымыз, әрине, өкінішті. Әуенге ұлттық нақыштарды қосудың уақыты баяғыда-ақ келген, кешігіп қалмасақ болғаны.

Мен неге не себептен әуен, әуен деп, ән демеймін деп ойлаған шығарсыздар? Кейбір заттарды түсіну үшін сөздердің еш қажеттілігі жоқ. тек жүрекпен сезе білу, ести білсе болғаны. Музыкалық сауаттылығым жоқ менің өзім  тарих әуенінен жарқын-жарқын үлкен ноталарды, кейде тым әлсіз, әрең-әрең естілер-естілмес тербелістерді байқаймын. Клионың күші де осында болар. Ал, қазіргі әуен... Қазіргі әуеніміз жүректен қысылмай, таза шығады. Жүрегімізде барлық бабаларымыздың күш-қуаты, арманы жиналған. Бірақ, ол жаңғырық кейбіріміздің жүрегіміздің тым тереңінде, не болмаса, кейбіріміздің тамағында тұрып қалған. Шіркін, бар даусыммен бір дұрыстап айғайласам ба екен осы?! Жоқ, көршілер оянып қалар, күте тұрайын.

Құралай Ғалымқызы

Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ, ЖжСФ

3 курс студенті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар