Орыс салған ойран: Қазақтың бодан тарихы

/uploads/thumbnail/20170708171031901_small.jpeg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне! 

Н.Назарбаев: « Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін Көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Қазақ хандығы  аяқ астынан пайда болған жоқ, оның әкесі, атасы, бабалары бар. Қазақ хандығының әкесі – Әйгілі Алтын Орда. Ал бабалары Шыңғыс ханға, ары кетсек, көк түріктер қағанатына барып тіреледі».

Президентпен толық келісемін, тарихымыздың сонау алыстан басталары сөзсіз. Ал, Ресейдің айтып жүрген сандырағы ұлтымызды таптаудың белгісі. Ресейлік патша үкіметі қазақ  даласын  жедел отарлауды  XVIII  ғасырдың басында қатты қолға алды. Бұған түрткі болған дүние Кіші жүз ханы Әбілқайырдың  1730  жылы патша Анна Иоановнаға жолдаған хаты. Онда: «... өзіме қарайтын Орта және Кіші жүздің барша қазақтары Сізге бодан болғымыз келеді» делінген. Жоғарыдағы хатты негізге ала отырып қатын патша 1731 жылы 19 ақпан күні барша қазақты бодандыққа алу туралы жарлыққа қол қойды. Осы оқиғадан кейін Ресей Қазақияның шұрайлы hәм бай даласына көз аларта бастады. Асты кенге, үсті жемге толы қазақ даласын иемденіп алу үшін не керек? Әрине, жердің үстінде қалқиып жүрген иесі қазақты құртып жіберсе болғаны. Жер де, ел де орыстікі болып шыға келеді. Сөйтіп  осыдан 250  жылдай бұрын Ресей қазақты құртудың жоспарын жасаған. Атап айтқанда, 1747 жылы 21 шілде күнгі үкімет сенатының №164-ші құпия қаулысында: «Қазақ халқына қару-жарақ,оқ-дәрі,кремний,  қорғасын сатпау керектігі жөнінде» айтылса,  1747 жылы  31 желтоқсандағы екінші бір құпия қаулысында: «Қазақтарды қорқытып ұстау мақсатында Оренбург губернаторы қазақтың бір немесе екі ауылын шауып, тірі жан қалдырмай қырып тастасын (әйелдер,қарттар,балаларымен қосып)» делінген. Ал, 1747 жылы  10 сәуірде қол қойған  Шетел ісі жөніндегі коллегияның  № 220-ші «Қазақтар тарапынан туатын қарсылыққа орай жоспар жасау» туралы құпия жарлығында: «Қазақтармен күресті өзіміздің әскерге емес, көрші тұратын қалмақ,башқұрт,казак және Сібір губерниясының тұрғындарына тапсырып,олардың қазақтарды өлтіруіне көз жұмып қарау керек» депті. Бұның барлығы тарихи деректер, құжаттар. Ал, түпкі астарында империалистік тепкінің нағыз өзін көреміз.

Сондай-ақ , 1768 жылы  17 ақпанда қабылданған  № 80 жоғары жарғыда: «Қазақ халқының бостандығын жою үшін, хан сайлауын халық емес біз өзіміз шешуіміз керек » деп бекіткен. Осыған орай,  1779 жылы  4 қазан күні патшайым  II Екатеринаға сарай қызметкерлері жазған жоғары  дәрежелі баяндау хатында: «Абылай сұлтанды Петропавлоск қорғанысына шақырып, ақ патшаның құзырына бағынуға бас идіру керек, соңғы кездері шақыруға, грамоталарымызға және марапаттарға әртүрлі сылтау айтып келмей жүр және жіберген елшілермен дөрекі қатынасады, оларды қабылдамайды. Барлау мәліметтеріне қарағанда Абылай сұлтан Қытаймен жақын қарым-қатынаста болғандығы  анықталды. Өз адамдарына орыс көпестерін тонауға рұқсат беріп отыр. Патшалықтың құзырына кірмеу арқылы ол орыстарға қарсы әрекет жасап, қазақ халқының азаттығын қорғап қалмақшы. Сондықтан да Абылайға грамоталар, хандық марапаттар және де тағы басқа сияпаттарды бермеу керек. Бұдан былай Абылайдың ордадағы дәрежесін төмендетіп, оған тең боларлықтай қарсылас табу керек. Қазақ ордасындағы осы жағдайлар түзелгенше орыстарға ордаға баруға тыйым салынсын!» делінген. Алайда, Абылайдың мықты саясатының арқасында Ресей патшайымының ойы жүзеге асқан жоқ. Бірақ, ол жарлықтың күші 1781 жылы Абылай  қайтыс болғаннан кейін тақ мұрагері Уәлидің беделін  әлсірету үшін патша үкіметі бір қатар сұлтандарға қолдау көрсете бастағанынан көріне бастады. 1815 жылы Уәлиге қарсы патша жансыздары бүлік ұйымдастырып,оның орнына патшаға жағымды Барақтың ұрпағы Бөкейді хандыққа сайлайды. Кешікпей сарай шенеунігі М.Сперанский мырза «Устав о сибирских киргизах» дегенді шығарады. Ал, бұл шешімге 1822 жылы 22 шілдеде  патша қолын қояды. Осыдан кейін қазақ даласында хандық билік жойылып, патшаның ығына жығылатын аға сұлтандар пайда бола бастады. Көздегендері біреу-ақ: ұлттың қамы емес, өз байлығы, мансабы. Аталған жоғарыдағы шешім бойынша Орта жүзді Батыс Сібір аймағының бір бөлігі ретінде танып, 1839 жылға дейін аймақтың астанасы болып Тобыл қаласытағайындалады. Астана кейін, 1839 жылдан кейін Омбы қаласы болып өзгереді. Жоғарыдағы «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы» жарғының негізінде  1822 жылдан бастап, қазақ даласын басқаруды округке бөліп тастау шешімі шығады. 50-70 қожалық (отбасы) бірігіп, 1 ауыл (ауылнай) болды.    10-12 ауыл - бір болыс. 15-20 болыс бір округке біріктірілді. Округ басшылығына аға сұлтан отырды. Сұлтанның қол астында 4 кеңесшісі болған. Олардың екеуі орыс, екеуі қазақтан делінген. Олардың өзін 2 жыл мерзімге губернатор тағайындаған. Сұлтан болса, 3 жыл мерзімге сайланатыны белгілі. Ресей патшалығы мұнымен тоқтап қалмай, 1876 жылы қазақтардың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан арабша жазуын өзгертіп, орыс ғарпіне көшіру туралы жарлығын бекітеді. 1880 жылы  8 қараша күні генерал адъютант фон  Каупфман  Ағарту министрлігіне жазған қызметтік баян хатында, көшпелі қазақ елін тезірек ассимиляциялап орысқа айналдырып жіберу үшін оларды Орта Азияның басқа тұрғындарынан бөліп ұстау қажеттігін атап өтеді. Осылай отарлау саясаты қарқынды жүргізіле бастаған 1875 жылы Батыс Сібір генерал –губернаторлығына аса жауапты істерді орындау үшін патша ең сенімді шенеунігі Н.Балкашинді жіберді. Ол  1878-1880 жылдары Ақмола, Семей, Жетісу облыстарын аралап, орыстарды қоныстандырудың барлық бағыт-бағдарын айқындап шығарады. Өзімен бірге қарулы жасақ ертіп келіп қазақтарды шұрайлы жерінен қуып тастайды. Халықтың қаны мен көз жасын жүктеген бұл қарақшы –жендеттің атына Кеңес одағы кезінде әспеттеп қазақтың жерінен жеке ауданның аты берілгендігі де бар.

orys askeri

Бұдан кейін де патша үкіметі қазақ жерін толықтай иеленіп алу бағытында жаңа реформалар жасай бастады. Солардың бірі  1868 жылы  21қарашада қабылданған «Дала облыстарын уақытша басқару жөніндегі бағдарлама» еді. Бұл бағдарлама бойынша қазақ халқы  XX ғасырдың аяғында жері жоқ, халқы мәңгүрт, дүбәра, есалаң күйге айналуы керек болатын. Ресейдің VI Думасының депутаты Марков дейтін шовинист америкалықтар қызылтерілілерді қалай қырып жойса, біз де қазақтарды солай қырып тастауымыз керек деген ресми мәлімдеме таратады. Тіпті  12 млн үндістерді отарлаушылар қалай қырып –жойып, жерін иеленіп алғанын зерттеп, оны қазақтарға пайдалану туралы құпия жоспарын дайындап та қойған. Орыс зерттеушісі  В.Козловтың  1983 жылы  Мәскеуде жарық көрген «Национальности СССР » атты еңбегінде: 1897 жылы Ресей отарында болған бұратана халықтарға арнайы жүргізілген санақтың қорытындысы жарияланады. Осындағы мәліметке қарағанда, сол шамада  Ресей аумағында 4 млн.  84 мың қазақ болыпты (өзбектер - 726 мың, қырғыздар - 201 мың, түрікмендер - 281 мың, тәжіктер - 350 мыңнан аспаған). Келесі  1916 жылы жүргізілген санақ бойынша қазіргі Қазақстан және Қырғыстанның бірқатар  аймақтарында 3994500 қазақ, Орта Азияда (Самарқанд, Каспий сырты, Ферғана облыстарында) 235 500 қазақ, Астрахан губерниясында   353 700  қазақ, Орынбор, Самара, Томск, Тобыл маңында 95100  қазақ, Ресей империясының жерінде барлығы 4 678 800 қазақ өмір сүргені жайлы нақты дерек бар. Бұған сол кезде Қытай мен Моңғолияда  өмір сүріп жатқан  250 мыңға тарта қазақтың саны кірген жоқ. Шығыстанушы  П.Г. Галузоның 1929 жылы жарық көрген «Отар Түркістан» атты еңбегінде: «1915 жылы Қазақстан халқы 6 млн-ға жетті» дейді. Дәл осындай деректі Алаш ардагері Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің билігінде» жазбасынан да кездестіруге де болады. Арада жиырма шақты жыл өтіп, 1939 жылы жүргізілген халық санағында қазақтардың саны - 2 млн. 300 мыңды  көрсетіп, табиғи өсімін былай қойғанда, статистикалық тұрғыдан екі жарым есеге кеміп кеткені байқалады (Ал, өзбектердің саны -3 млн. 900 мыңға жетіп, 50 жылда  3.5 есе өскен. Түрікмендер -760 мың, қырғыздар -750 мың, тәжіктер - 900 мыңға жетіп үлгерген).

asharshylyk 2

XX ғасырдың басында 5млн-нан асқан қазақ 30 жыл өткенде неліктен екі есеге кеміп кетті? Бұл сауалға жауапты көп жылдан бері құпия сақталған «Баяндау жазбадан » табамыз.Онда  1926 жылдың желтоқсаны және 1937 жылдың қаңтар айында жүргізілген халық санағының айырмасы мен табиғи өсімі туралы мәлімет бар. Осында көрсетілген деректерде: «1930 жылы Қазақстанда барлығы  5млн. 873 мың адам болған. Аштық жылдары  (1931-1932 ж.ж.) 1.3 млн.адам  Қазақстан жерінен басқа жаққа көшіп кетті. ...2 млн.адам аштықтан қаза тапты. 1933 жылдың аяғында  2млн. 493 мың адам ғана қалды» делінген. Ал, Ұлы Нәубет жылдары Қазақстанды басқарған Голощекин аштыққа ұрынған қазақтарға дәрігерлік көмек көрсетпеу туралы жасырын нұсқау берген дейді Роберт Конквес өзінің «Жатва скорби » атты кітабында. Сол сияқты қазақ ғалымы Мекемтас Мырзахметов «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты еңбегінде, отарлаудың жай-жапсары  туралы айта келіп, 1930 жылдары Қазақстанды басқаруға келген Голощекин аса құпия тапсырма жүктеп қазақты қырып тастау туралы міндет алғаны жайында айтады. Бұл зұлматтардан басқа 1916  жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 275 мың қазақ жазықсыз оққа ұшқан азаматтарымыз тағы бар. Екінші дүниежүзілік соғысында қатысқан   350 мыңдай қандасымыз отбасына оралған жоқ. Марқұмдардың мүрдесі майдан даласында шашылып қалғандары да бар. Соғыс жылдары тылдағы ауыр бейнеттен 150 мың қазақ көз жұмды. 1944 -48 жылдары «Соғыс тұтқыны» ретінде 50 мың қазақстандық қуғынға ұшыраған. Әртүрлі сынақ полигондарының салдарынан   23 мың адам зардап шеккен. 1945-1991 жылдар аралығында Совет Армиясының сабында міндетін атқаруға барған 25мың қазақ азаматы өз шаңырағына оралған жоқ. 1978 -1988 жылдары Ауғанстанда әскери міндет атқарған  1.5 мың қазақ азаматы мерт болды...

asharshylyk

Деректер осылай дейді. Демограф ғалымдардың есебі бойынша жоғарыдағы қырғындарды көрмегенде бүгінгі қазақтың саны ең кем дегенде  40 млн-ға жетіп жығылады екен. Әрине, осыншама қорлықтан соң, бізде ел болған жоқ деп айту оңай. Ал, бастан кешірген осы шығындарды кім төлемек? Төлемек түгілі, мойындағысы да келмейді. Аса  ауыр зұлмат пен нәубеттерді басынан  өткізген қазақ халқы тәуелсіз ел болғанына, міне, 24 жыл толады. Ендігі міндет осы тәуелсіздікті баянды ету, болашақ ұрпақтың қамына қызмет қылу. Байырғы бабаларымыз Қазақияның қиян даласы үшін қанын төгіп қорғады, жасанған жауына жарты қарыз жерін бермеді, ақ найзаға сүйеніп, ат үстінде күндерін өткізді, жанын беріп жаhан даланы бізге мұра етіп жеткізді. Енді, міне, заман озып тоқым тозғанда суық жүз, сұқ қолдар сумаңдағанын қояр емес. Кеше ақ патшадан азап тартсаң ,бүгінгі жаудың беті одан да бетер.Мұхиттың арғы жағынан Америка мойынын созып қарап отыр, іргедегі айдаhар көршіміз ұйықтаса түсінде қазақтың жерін көреді. Бұлардың бәрі сенің билік басында отырған шенеуніктеріңді қардай бораған қағаз ақшаға көміп тастап, бір жапырақ қағазға жаның мен жеріңді, тәнің мен еліңді қоса сатып  алмасына кім кепіл?

Олай бола қоймас деп тілейік. Тарихымызды бағалап, шұбарламай, оңымызды ажыратып, тәуелсіздігімізді сақтайық! Қазақ хандығының 550 жылдығы құтты болсын!

Арна Әбсейіт

Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ-нің ЖжСФ,

 3 курс студенті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар