"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне
(Алаш идеясы контекстінде)
Жүректің түріп құлағын,
Ойланып тағы қарашы.
Кімсің сен, қайда тұрағың,
Енді қайда барасың?
Омар Һаям
«Қазақтар өздерінің кім екендіктерін білгенде,
бүкіл әлемді жаулап алар еді!»
Орыс патшайымы II Екатерина
Бір мақала − бір ғұмыр. Тепсініп келген толғаныс жазу үстеліне келгенде су сепкендей басыла қалатыны бар, екпіні бәсеңкіреп, тынысы тарылатыны бар. Себебі қинайтын дүние көп, жүктелетін жауапкершілік жоғары. Солардың ең бастысы жауапсыз сұрақтар, санаңды тоқпақтап тұратын тікелей өмірлік мәнге, мағынаға қойылған сұрақтар, нүктесіне, жанды жеріне тиіп, межесін тапқан сұрақтар, білімділер айтатын Сократтық диалогтардағы метафизикалық сұрақтар, мәңгілік сұрақтар, қысқасы қажетті әрі жауапсыз сұрақтар, жауабы табылмаған сұрақтар, тағы да жауапсыз сұрақтар. Бұл қинайтыны болатын, ал жауапкершілік дегеннен шығады, кез келген оқырманын сыйлайтын, оны жоғалтып алмауға тырысатын, оның алдында, оның өзіне бөлінген уақытының алдында кішкене болса да жауапкершілікті сезінетін, түсінетін жазарманға «не жаздым? неге жаздым? қалай және кімге жаздым?» деген сұрақтарға қаншалықты жауап беру қажет етілсе, кез-келген биік табысқа жетем деген, алға жылжимын, қатарға қосыламын деген елге ең алдымен «біз кімбіз? қайдан келдік? қайда барамыз?» деген сұрақтарға да соншалықты жауап беру қажет етілетіні, керек етілетіні бар. Олай болса біздің мақаланың негізгі желісі де осы алты сұрақтың айналасында өрбіп отырмақ.
Сонымен «не жаздың, неге жаздың, қалай және кімге жаздың?».
Не жаздым?
Жазғанымның, жазғандарымның негізгі желісі жоғарыда айтқанымдай жауабы берілмеген, ұлттық идеологияға қатысты сұрақтар. Яғни, ұлтты ұйыстыратын, оның негізгі даму бағыттарын анықтайтын, құндылықтарын танытатын «біз кімбіз?», «қайдан келдік?», «қайда барамыз?» сынды мәңгілік сұрақтары туралы жаздым. Ұлттың кешегі-бүгінгі салт-дәстүрі мен менталитетінің ерекшеліктерін ескеріп, тарихы мен әдебиетін таразылап, ол сұрақтардың концепциялық жауабын ұсынуға тырыстым.
Неге жаздым?
Қазірде ұлттық идеология туралы екінің бірі жазады. Бірақ жұрт жазып жатыр екен, мен де жазуым керек дегеннен жазғам жоқ, әрине. Оның өзіндік себебі болды. Ол - көзқарас мәселесі. Ең алдымен, қоғамдық ғылым саналатын тарихқа, әдебиетке деген көзқарас мәселесі жайлы айтам. 11 жыл мектепте не оқыдық, не оқытты? Айналдырғанда тәуелсіз ұлттың ұлттық идеологиясын қалыптастыратын негізгі орын саналатын мектепте он бір жыл оқып, ұлттық ерекшелігіміз жайлы орнықты ұстаным, ал, ұлттық құндылықтарымыз, идеалдарымыз жайлы жүйелі көзқарас қалыптастыра алдық па? Алмағанымыз аян, алуға тырыстық па өзі? Одан бөлек, неге жаздымнан туады: «неге қажет бұл өзі?». Жалпы ол жауап қызыл кеңірдек болып талқылағанда бізге не береді өзі? Менмендеу болса да, шатақтау болса да, қисынды сұрақ екеніне дау жоқ. Қисынды дегеніміз талқылау қажет еместігімен келіскеніміз емес, әрине. Себебі, тарих, өз ұлттық ерекшеліктерін танып, сол негізде алдыңғы бағыт бағдарын айқындап, идеалдарын, құндылықтарын қалыптастырған елдердің табысқа біршама ерте жететінін көрсетіп отыр. Оның жарқын мысалы, қазіргі әлемдік держава саналатын, дер кезінде өзінде мекендеген халықтың көп бөлігінің ерекшеліктерін, өмірлік мақсаттарын, құндылықтарын танып сол бағыттағы жүйелі жұмыстарды жүргізе білген, өзіндік «американдық арман», «американдық ерекшелік (исключителность)» сынды концепциялар жасап, халықты сол асқақ идеялар жолында жұмылдыра алған, ортақ құндылықтар қалыптастыра алған Америка Құрама Штаттары бола алады (Әрине Америкада ешқандай ұлт туралы сөз болуы мүмкін емес десеңіз, бұл басқа даудың еншісі екенін де ұмытпағаныңыз жөн. Себебі біз идеологияның жемісі, нәтижелілігі жайлы айтып отырмыз, кімдерді ұлт, кімдерді ұлт емес деп есептеу жайлы емес). Ал, біздің ондай концепцияларды жасай алмағандығымыз бәрімізге аян емес пе? Сондықтан да мен осы мақаланы жазуға бел будым.
Қалай және кімге, кімдерге арнап жаздық?
Қалай жазғанымызды, қаншалықты дәрежеде жаза алғанымызды бағалауды қадірлі оқырман сіздің еншіңізге қалдыруды жөн көрдік. Осында ескертіп кететін тағы бір дүние ретінде біз мақаламыздың осы бөлігіне дейін публицистикалық стильде жазып келдік те, негізгі бөлімде, яғни «біз кімбіз?», «қайдан келдік?», «қайда барамыз?» деген сұрақтарға жауап ұсыну барысында бұл сұрақтарға ұсынған жауаптарымыз сенімді шығуы үшін, ғылыми стильде жазуды жөн кердік. Ал, кімге арнап жазғанымды айтсам өзім көріп білмеген оқырманға қиянат, пафос болып кетер, бірақ мұнда да айтып кететін, айтпасқа болмайтын бір дүние − бұл мақала тек қазақтарға ғана қатысты емес екендігі, өзін Қазақстан Республикасының азаматымын, патриотымын деген кез-келген ұлт өкілі талқылап, өз ойын айта алатын тақырып екенін ескерткім келеді. Себебі, ұлттық идея бұл қазақтың ұлттық ерекшеліктерінен туған идея болса да, ұлттық идеология ретінде қазақ жерінде өмір сүретін барлық ұлт пен ұлыстарды қамтитынын, оларды да осы жолда жұмылдыра алуы қажет екенін, соған қабілеті жете алуы керек екенін де естен шығармағанымыз абзал.
Ал енді мақаламыздың негізгі мәтініне көшсек. Сонымен «біз кімбіз?», «қайдан келдік?», «қайда барамыз?».
Бірден басын ашып кететін дүние бұл сұрақтарды таза осы күйінде қарастыру күткен нәтижеге жеткізе қоймайтыны анық, оған сүйеніш, негіз, бастау боларлық дүние қажет етілетіні ақиқат. Ал мұндай бастау, ұсынған жауабымызға тарихи негіз, оймызды дәлдеуге сүйеніш болатын, ұлттық тарихымызда кедейді де, байды да, қожаны да, төрені де біріктіре алған ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қайраткерлігінің жемісі біртұтас Алаш идеясы болуы тиіс екеніне ешкім де дау айтпаса керек. Себебі, бәріміз білетіндей, Алаш идеясы –ұлтты біріктіріп, ұлы мақсат жолына жұмылдыра алған идея, яғни біздің ұлттық идеямыз. Ал бұлардың барлығы жоғарыда айтып өткен мәңгілік үш сұрақтың жауабын тапқандағанда ғана мүмкін болады. Демек бұдан келіп шығып, біздің Алаш идеясы контекстінде «біз кімбіз?», «қайдан келдік?», «қайда барамыз?» деген сұрақтардың жауабын іздеуіміз де ақылға қонымды дүние болмақ.
«Біз кімбіз?»
Сократтың: «Өзіңді танытпай жатып, өзгені танимын дегені күлкімді тудырады» дегенін ескеріп, ең алдымен, «біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеп көрсек. «Біз кімбіз?» бұл сұрақтың жауабы біздің жанымызды, рухани әлемімізді танытатын әдебиетте жатқандығы ақиқат. Бірақ әдебиетті, көркем туындыны талдаудың сан түрлі жолы бар. Біз жоғарыдағы сұрақтың жауабын анықтау үшін философиядағы «идеал» категориясын басшылыққа алғымыз келеді. Себебі, әдеби көркем туындылардағы жағымсыз кейіпкерлер халықтың өзін емес, оның неден жиіркенетінін, нені ұнатпайтынын танытса, ондағы жағымды кейіпкерлер оның нені ұнататынын, адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайтынын көрсетеді. Ал идеал бейне болса, халықтың, ұлттың нені аңсайтынын, армандайтынын көрсетеді, жан қалауын танытады. Халықтың жан қалауы оның ерекшелігін, кім екендігін, құндылықтарын айғақтайды. Сондықтан да «біз кімбіз?» деген сұраққа да біздің идеалдарымыз кім екенідігін көрсету арқылы жауап бере алмақпыз. Бұл − бір. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, біз бұл сұрақтарға жауапты Алаш идеясы контекстінде анықтауға тырысамыз және бұл жауаптың генезисін ұлттық тарихымызбен, мәдениетімізбен, әдебиетімізбен сабақтастыра жүргіземіз. Сондықтан, ең алдымен, Алашорда үкіметінің басты идеологы Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетінде жариялаған мақаларында сол кездегі қоғамға ұсынған идеалын анықтау арқылы «біз кімбіз?» деген сұрақтың жауабын тауып көрмекпіз. Кейін оны ұлттық әдебиетіміздегі идеалдарымызбен сабақтастырамыз. Осы себепті «Қазақ» газеті жарыққа шыға бастаған алғашқы жылындағы Әлихан Бөкейханның жариялаған мақалаларын саралап қарағанда, мақала түйіндерінде белгілі бір дәрежеде жеке адамдар бойында болу қажетті қасиеттерді атағанын байқаймыз. Оларды жинақтап келгенде автор бейнелеген тұлға «жол тапқан, жұрт үшін қызмет еткен, ата баласы жақсылар, әділ кісі, харам жимайтын, халық үшін жаумен алысатын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, тура, ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден екенін ұққан кісі» болуы қажет [2, 75-236]. Бұл аталған идеал бейнені ұлттық әдебиетіміздегі идеалдармен бірге қарастыратын болсақ, ойымызға Абай Құнанбайұлы ұсынған «Толық адам» ілімі, Шәкәрім Құдайбердіұлы ұсынған «Ар» ілімі оралады. Ал бұл ілімдердің негізінде әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» сынды трактаттары, Жүсіп Баласұғынның «Құтадғу білік» сынды кітаптары жатқандығын қазіргі ғылым дәлелдеп отыр [3]. Демек Алаш идеясы ұстанымдарының, құндылықтарының біздің терең тарихымыздан шығып жатқандығын көреміз. Ал бұл талаптардың, ұстанымдардың идеология ретінде жүзеге асқандығын Алаш партиясына мүшелікке өту үшін қойылған «Алаш программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура, кісі осы партияға кіреді» деген сынды талаптардан байқасақ болады [4, 39]. Енді бұл айтылғандарды жинақтап «біз кімбіз?» деген сұраққа концепциялық жауап іздеп көрсек. Әрине бұл жерде бізге шығармашылық ізденіс те талап етілді. Себебі осы уақытқа дейін Алаш көсемі болсын, жалпы қазақ әдебиетінің кез-келген белді өкілі болсын бұл сұрақтың айналасында толғанып, қазақтың типтік образын, идеалды бейнесін жасауға тырысты, енді бізге осы мол әдеби материалдар мен қазақ халқын біріктірген Алаш идеясының сабақтасқан жерінен «біз кімбіз?» деген метафизикалық сұрақтың концепциялық жауабын таба білуіміз қажет етіледі. Алаш көсемі ұсынған «жұрт үшін қызмет қылатын, ата жолын қуған, әділ, тура, шыншыл, харам жимайтын» кісісін, Алаш партиясына өте алатын «өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура» кісісін, Абай Құнанбайұлы ұсынған «Толық адамы» мен Шәкәрім Құдайбердіұлы ұсынған «Арлы» адамын қазақ жалпылама түрде кім деп атағанын анықтасақ, біздің кім екендігіміз анықталмақ. Ал мұндай адамды қазақ, бәріміз білетіндей, күнделікті өмірде де, жалпы танымдық деңгейде де ТЕКТІ адам деп атаған. Иә, иә, дәл өзі. ТЕКТІ адам. ТЕКТІ халық. ТЕКТІ ұлт. Бір қызығы, бұл ұғымды басшылыққа алып Алашорда көсемі мен идеологы Әлихан Бөкейханның сан қырлы тақырыпта жазылған мақалаларын қайта талдайтын болсақ, осы идеяға саятын моральдық ұстанымдарды, рухани құндылықтарды айқын көреміз, бірден байқаймыз. Халыққа осындай рухани талап қойып қана қоймай, өзі де осы дәрежеге лайық болуға тырысқанын бүкіл өмір жолы арқылы да, «тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген өмірлік ұстанымдары арқылы да көре аламыз. Одан бөлек, Алаш көсемінің әлемдік саяси процестерге де тектілік биігінен баға бергенін «Бас салып әлі келгенді тал түсте талап алатын болса, ұят, абыройдан тысқары болса, жығылған жаққа қылғаны иттік болса мұның жетілген Еуропалығы, христиандығы қайсы? Өзі туралық жолдан шығып, адам бола тұрып «ит боламын» деген бұл төрт досқа сырың қайырлы болсын демес пе?» [2, 234] − деп түріктердің ішкі тұрақсыздығын пайдаланып жабылып, жеріне баса көктеп кіріп жатқан Еуропа корольдіктерінің тексіздіктерін ашық сынаған мақаласынан да байқау қиын емес. Халық өзінің әдебиеті арқылы идеалдар жасап, сол идеалдарға талпынатыны, ал ол оның тарихи контексте кім екендігін танытатындығы жайлы тұжырымымызды да Әлихан Бөкейханның «Женщина по киргизской былине Кобланды» мақаласындағы мына пікірімен сабақтастырсақ болады: «Каждая, эпическая даже, песня носитъ на себя отпечатокъ субъективной личности слагателя съ его взглядами на жизнь и съ его стремленіями и идеалами, вместе съ темъ отличается, насколько это вазможно, исторической правдивостью» [5, 295]. Бұлардан келіп шығатыны, Алаш көсемі идеолог ретінде тікелей тектілік ұғымын атын атап, түсін түстемесе де, бүкіл ғұмыр жолы, іс-әрекеті арқылы осы атқа сай болуға тырысқанын, басқаларға да осындай талап қоя алғандығын, өзін, халқын текті деп танығандығын, сондықтан да әлемдегі басқа ұлттардың тексіздікке барып жатқанын көрсе, ашық сынаудан тайсалмағандығын көріп отырмыз. «Біз кімбіз?» деген сұраққа ғылыми толғанысымызды қорыта келгенде, біз адам бойындағы әділдікті, шыншылдықты, нұрлы ақылды, ыстық қайратты, жылы жүректі, арлылықты, қайсарлықты, туралықты, тазалықты бағалайтын, өзіне де сондай биік, ізгі талаптар қоятын, сол атқа сай болуға тырысатын текті халықпыз, текті ұлтпыз, текті қазақпыз.
Қайдан келдік? Бұл сұраққа келгенде Алаш көсемі әрі идеологы Әлихан Бөкейханның қызметін екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, қазақ жазба тарихын жазып, қазақтың түбін тануға тырысқаны, «Алаш» ұран концепциясы арқылы сол кездегі кең байтақ қазақ жерін біріктіргені, қазақ халқын бір тудың астына жинағаны болса, екіншісі, қазақ тарихына тектілік тұрғысынан қарап, сол замандағы және қазірге дейінгі ориенталистерден өзгеше, жаңаша көзқарас ұсынып, сол биіктен келіп шығып басқаларды да сынап, талап қойып, осы негізде мемлекеттік саясатқа идеологиялық бағдар бере білгені болмақ. Енді осы қызметтерге кезек-кезек тоқталып өтетін болсақ. Бірінші кезекте, Алаш көсемі «Қазақ» газетінің алғашқы сандарынан бастап «Қазақтың тарихы» атты мақалалар сериясын жариялап, онда көбіне-көп қазақтың түбін, жеке дара ұлттық ерекшеліктерін, ондағы ру-тайпалардың қазақ жерін бұрыннан мекендегенін және олардың жалпы атауы «Алаш» болғанын, яғни барлық рулардың түбі, жиылатын ұраны бір екенін, «Алаш» сөзінің «отан кісі» («отечественник») деген мағына беретіндігін баяндайды [6, 375-408]. Демек осыған қарап Алаш көсемі идеялық деңгейде қазақтың түбі бір, «Алаш» бүкіл қазақтың ортақ ұраны, қосылатын нүктесі екенін танытуға тырысқанын көреміз. Бұл туралы белгілі алаштанушы Д.Қамзабекұлы былай дейді: «Отандық зерттеушілердің ішінде Шоқан Уалихановтан бастап Алаш ұғымын зерделегенін байқаймыз. Ол қазақ пен алаш ұғымдарын қатар қоя отырып («начало народа казахов или алач»), былай деп жазады: «У киргиз разные роды имеют свою тамгу и уран. Уран у всех киргиз есть алач». Бұдан «Алаштың» елдік-мемлекеттік рәмізге айналған ұғым екені көрінеді. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлері Алаш атын партияға да, үкіметке де бергенде осы ұстанымды басшылыққа алғаны анық», [7, 216] – дейді. Орынды айтылған, оның дәлелі «Қазақ» газетінің 31 желтоқсан 1917 жылғы санындағы «Алаш бірлігі» мақаласында: «Алашқа қаны бірге Алаш ұлынан артық жанашыр табылмас. Алаштап ұран салып, Алаштың туын тіксек, сүйегінде шақпақтың қуындай жігер, намысы бар Алаштың ұлының шыққан шығынына, тартқан бейнетке еті ауырмас деп, Аллаға тәуекел қылды. Тозғандықтың белгісі бірсыпыра Алаштың баласы қалың Алаштың баласы бабасының атын атап, туын тікпеген соң Түркістан автономиясына қосылып отыр... Түркістанға қосылған елдің адамдарымен сөйлесіп, бабасы Алаштың Ақ Орда, алтын бесігіне қол ұстасып, бірге қызмет етпекке шақырады. Олар құшағын жайып, қойнын ашқан бауырын кеудеге итермес» [8, 50] – делінген сөздер бола алады. Демек «Алаш» этнонимі ұлтты ұйыстыратын идеологиялық атау болды және өзінің жемісін берді, сол кездегі қазақ жерін бір тудың астында біріктіре алды. Бұл идеяның да тамыры тереңде жатқандығын ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақ хандығы құрылған кездегі «Алаш» этнонимі туралы: «Ең алдымен, Қазақ хандығының аясындағы алашабыр ру-тайпалардың этногенеологиялық (этногенетикалық) жадын жаңғыртып, түбі бір туысқандық сезімдерін оятатындай символ-этноним керек еді. Осы орайда, Қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың біртұтас туысқандық сезімдеріне тұғыр болған символ-этноним ретінде «Алаш» атауының таңдалғанына ден қоюға болады» [9, 71] − деген тұжырымы арқылы бағамдасақ болады. Бұл деңгейде идеолог ретінде Әлихан Бөкейхан табысты жұмыс жүргізе алғанын бүгінгі күн дәлелдеп отыр.
«Қайдан келдік?» деген сұраққа жауап табудың екінші тиімділігі ретінде ұлттық тарихқа жаңаша көзқарас ұсынып, бүгінгі бағыт-бағдарды анықтау, ұлттық рухты көтеруге, бүгінгі күн тұрғысынан қандай бағыттың тиімділігін тануға мүмкіншілік туатынын айтуға болады. Әлихан Бөкейханның идеолог ретіндегі қызметінің бұл қыры қатты тұщындырады. Мысалы, алдымен қарапайым қазақтың өз ішінде айтатын болсақ, өткенге деген биік моральдық көзқарас Алаш көсемінің «Бұрынғыдан қалған жақсы мұра» атты 1889 жылғы мақаласында қазақтың текті дәстүрін сипаттап, бара-бара бұл құндылықтар ұмытылып жатқандығын күйініп жазғанынан, кейін қазақ дәстүріндегі «жылу» туралы айта келіп, бұл кез-келген ауыр жағдайға түскен адамға, ел-жұрт болып, бай немесе кедей деп алаламай, барынша шын-ниетпен жүзеге асатын көмек еді, қазір ол тек абыройы бар адамдарға жасалып жүргендігіне ашынып: «Аталарыңнан қалған жол көмекті солай берсін деді ме, аталарыңның жолы солай ма!?» [5, 272] − деп сынағанынан көре аламыз. Ал халықаралық қатынастарда көрінген ұлттық тарихымыздағы тектілігіміз жайлы Әлихан Бөкейханның «Въ мире мусульманства» газетінде «Заметки читателя (По поводу Устава о воинской повинности)» атты мақаласында Ресей империясындағы жалпы мұсылмандардың жағдайын, олардың құқықтары туралы ешқандай жүйелі заң жобалары жоқтығын, ескерілмегендігін, тіпті мұсылман дінінің діни қызметкерлерінің салықтан, басқа да міндеттемелерден босауы былай тұрсын, әскери қызметтен босатылуы қарастырылмағанын айта келіп, тағылар деп оқытылып жүрген кезіндегі Орда хандарының өздеріне жат діннің құқықтарын аяққа таптамай, тіпті ол діннің діни қызметкерлерін барлық салықтан босатқандығын, сол орыс тарихшылардың өздері келтірген деректер арқылы дәлелдеп, осы арқылы қазақ халқының моральдық, рухани дәрежедегі тектілік деңгейін тарихи мысалдармен көрсетіп береді [5, 361-365]. Оған қоса жоғарыда келтірген Алаш көсемінің «Керек сөз» мақаласындағы Еуропаның төрт корольдігін тексіздікте сынағанынан, «Балқан соғысы» мақаласындағы: «Иттікті Румынияға қылғызып отырып, оның қылғанына үн шығармай, Еуропа патшалықтары: «Біз мәдениетті Еуропамыз!» деп мақтанады» [10, 484] − деп сынағанынан да, оның сыртқы саясатта рухани қағидаттарды алдыңғы қатарға шығарып, биік адамгерішілік ұстаным таныта алғандығын көреміз. Және бұл рухани ұстанымның қазақтың терең тарихында жатқандығын Қазыбек бидің «біз қазақ мал баққан елміз» деген толғауынан, яғни біз ешкімнің жерін баса көктеп шауып кірмегенбіз, ал біздің жерімізге тікелей шауып келген жаудың бетін қайтара алғандығымыз туралы ұстанымдарынан көреміз. Ал одан да тереңге бойлайтын болсақ, бұл ұлттық тектілікті Күлтегін ескерткіштеріндегі Қытай иероглифтерінің жолма-жол аудармасында: «Бұлап талау мен зорлық-зомбылық жойылса, садақ-жебені жасауды доғарып, қаруды қоймаға қойсақ, сен мені алдамасаң, мен сені алдамасам, шекарада, тағы да сұғанақтық болмаса, онда жаман ба?» [11, 216-218] − деген, «бәрі бейбіт, бәрі тату, бәрі қағанды» («Күлтегін») болсын деген ұстанымдардан анық байқаймыз. Бүгінгі күнде Елбасымыздың: «қазақ өзінің әргі-бергі тарихында ешқандай да ұялатын іс жасамаған», –деген тұжырымы да осы ойымызды толықтырып отыр. Осындай текті тарихтың арқасында ғана Алаш көсемі өз мақалаларында өзге елдерді сынай алғандығы ақиқат. Себебі өзі ондай атқа сай болмаса, өзгеге ондай талап қою мүмкін емес қой. Яғни біз текті ұлтпыз, бірақ біздің тектілігіміз өзгелердің бізден төмендігін білдірмейді, керісінше біздің ешкімнен кем емес екендігімізді танытады, осы ұлттық тектілігіміз біздің өзге әлсіз көршілерімізге зұлымдық жасамауымызға себеп болып, біздің жерімізге баса көктеп кіріп келген жауымызға қасық қанымыз қалғанша тойтарыс беруге күш береді. Осыларды қорыта келгенде, біз қазақ бүгінгі күнге тегімізді танып, салт-дәстүрімізді құрметтеп, ата-бабамыз мұрасы – тіліміз бен дінімізді, еліміз бен жерімізді қасық қанымыз қалғанша сыртқы жауларымыздан қорғаудың, мемлекетіміз қаншалықты күшейіп кетсе де тектілігімізді сақтап, рухани қағидаттарымызды ең басты құндылығымыз етіп қастерлей алуымыздың, ізгі, текті, қайсар қасиеттеріміздің арқасында келіп жеттік.
«Қайда барамыз?» Осы кезде бізге Елбасымыз өзінің «Қазақстан 2050 – Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында ұсынған, бабаларымыз армандаған «Мәңгілік ел» қазақтың ұлттық идеясы «Алаш идеясы» контекстінде де толыққанды жауап беріп тұрғандығын байқау қиын емес. Себебі «Мәңгілік ел» – ол біздің тарихи тамырымыздан қайнап шыққан ұлттық идеямыз, ал «Алаш идеясының» тамыры сол ұлттық ерекшелікте жатқандығын айтып кеткен болатынбыз. Және бұл идеяның «Алаш» қозғалысының да негізінде жатқандығы дәлелді қажет етпейді. Себебі алаш қозғалысының басшылары, идеологтары мәңгілік қазақ мемлекетін армандады, «бүгін болмаса ертең» қазақ елі тәуелсіздік алатынына сенді, сол жолда өмірлерін де құрбан етті. Олар келешекке, күндердің күнінде олардың ұрпақтары олар жасаған еңбекті бағалайтынына сенді, қазақ елі құрып кетпейтініне, мәңгілік екеніне сенді. Олар өздеріне артылған жүкті, кім екендерін, ішкі рухани мәндерін, тарихи тамырларын жіті ұқты. Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың өзі: «Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс», – деп, болашақ ұрпақ алдындағы парыздары бар екендерін айтып кетті. Ахмет Байтұрсынұлы да: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», – деп, қазақтың жоғалып кетпейтініне, олардың ұлт алдындағы еңбектері лайықты бағасын алатынына имандай сеніп кетті. Бір қызығы, белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыздың «Мәңгілік ел» идеясы туралы: «Мәңгілік ел» нысанасының «рейхтық», «ағылшындық-америкалық» үлгіден айырмашылығы, онда тектік шекара бар. Ол нәсілдік жікшілдік артпайды, бірақ атамекеннің азаттығын, ата-тегінің тазалығын, түркі ұлтының рухани және дәстүрлік, тілдік тәуелсіздігін басты қасиет ретінде ұстанады. Бұл нысананы әлемнің барлық ұлт пен ұлыстарына «үлгі» ретінде таңбайды. Керісінше «бәрі бейбіт, бәрі тату, бәрі қағанды» («Күлтегін») болса деп тілейді. Бірақ соны тілей отырып, түркі елін де сыйлауды, онымен санасуды талап етеді. ...Демек, «мәңгілік ел» − түркі тегінің тұтастығы мен тәуелсіздігінің кепілдігін қамтамасыз етуге арналған тектік, иә! − тектік тазалық пен еркіндік идеялогиясы» [12, 45] − деген тұжырымынан да біздің жоғарыдағы тектілік туралы айтқандарымыздың «Мәңгілік ел» идеясымен байланысып тұрғанын аңғару қиын емес. Қорыта келгенде, Алаш идеясын «текті топырақта өсіп-өнген текті халықпен мәңгілік елге қадам басу» ұстанымының аяналасында түсіндіре алсақ керек.
Бұл жоғарыдағы үш сұраққа қатысты өзіндік толғамдар болатын. Таза осы күйінде оның қолданбалық қыры ашылма қалатыны тағы бар. Енді бүгінгі қазақ идеологтарының басты міндеті осыларды қайта қарап, халықтың өзіне, заманға бейімдеп жаңаша қырынан таныту болып отыр. Бұл үшін мәңгілік үш сұраққа конструкциялық, концепциялық жауап ұсыну және халықты соған бағыттау ғана қажет етіледі. Біз де осы сара жолды таңдап, мәңгілік сұрақтардың әрқайсысына жеке тоқталып, оның маңызы мен тиімділіктерін, негізгі қағидаттарын ашып беруді жөн көрдік.
«Біз кімбіз?» дегенде текті халықпыз дедік. Ал «тектіліктің» өзі қазақта екі түрлі мағына береді. Бірінші, ата тегі халық алдында беделге ие, абыройлы отбасыдан шыққан ұрпақтар болса, екіншісі «әлеуметтік ортада өзін жақсы жағынан көрсете білгеніне, өзін жетілдіру арқылы белгілі бір қоғамдық дәрежеге жеткеніне» байланысты да текті атанғандар болады [1, 330]. Демек тектілік дәрежесі – қазіргі көпшілік ойлап жүргендей тек ата-бабасы ел алдында беделді адамдар емес, өзі де белгілі-бір қоғамдық еңбек сіңіріп, халыққа қызмет еткен, өзін-өзі дамытып, ізгі, үлгілі істерімен көрінген болса оларға да мұндай қоғамдық дәреже беріледі деген сөз. Ал «мұның қажеттілігі бар ма?», «артықшылығы неден көрінеді?» деген сұрақтарға келетін болсақ. Бұл, бірінішіден, халықтың өз-өзіне деген сенімін арттырады. Екіншіден, қоғамдық құндылықтарымызды анықтауға көмектеседі, рухани қағида орнатады, халықты ізгілікке жетелейді. Үшіншіден, қазіргі демографиялық жағдайымызға қарайтын болсақ, бір жарым миллиардтық алып Қытайға, жүз отыз миллиондық Ресей Федерациясына, отыз миллиондық Өзбекстанға терезесі тең мемлекет болып қарым-қатынас жасай алуымыз үшін әрбір азаматымыз олардың онына тең болуы, барлығы текті болуы қажет етіліп отыр. Төртіншіден, тектілік концепциясы қазіргі қазақ арасында өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерін қамти алатын, олардың конститутциялық құқықтарына қайшы келмейтін ізгі әрі ортақ концепция қызметін атқара алады. Оған дәлел ретінде неміс ұлтының өкілі, жазушы, аудармашы, танымал тұлға Герольд Белгер ағамызды, адал еңбегімен, Қазақ елін, көк туын әлемге танытып жүрген, бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинді, қоғамдық қызметке белсенді араласып, қазақ тіліне қамқорлық танытып жүрген Асылы Осман апамызды және т.б. осы дәрежедегі қоғамдық қызметте танылып жүрген өзге ұлт өкілдерін де қазақ бүгіннің өзінде текті атап, олардың ұрпақтары да тектінің ұрпағы ғой деп құрметтелетінін келтіре аламыз. Бесіншіден, қазірде үлкен компаниялар тәжірибесінде ортақ идея үшін жұмыс өте сәтті жүзеге асып отыр. Мұның негізінде біз қоғамда тектілікті идеал ретінде көрсетіп соған талпынуға мүмкіндік жасай аламыз. Бұл, бір жағынан, мотивация қызметін атқарса, екіншіден жемқорлыққа, материалдық игіліктер үшін болатын алауыздыққа шектеу қойып, рухани қағида қызметін атқара алады. Себебі қазақ өз мемлекеттілігінің тарихында «тектілік» критерийлерін заман бейіміне сай жаңартып отырған. Мысалы, Махамбет, Шернияз шығармаларында ұлт үшін ат үстінде қайсарлық пен батырлықпен танылған Исатай сыңды батырлар айтылса, кейін жарты ғасыр өтіп ұлттық әдебиетіміздің өкілдері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларында зиялылық, білімдарлық алдыңғы қатарға шыққаны айқын көріне бастады. Бұл біреуі дұрыс, біреуі бұрыс болды дегеніміз емес, заман бейіміне сай акценттер, критерилер өзгергендігі, соған сай халыққа, ұлтқа қызмет ету, сол жолда өміріңді арнау идеясы, яғни тектілік концепциясының мазмұны ауыспай, формасы ғана жаңарғаны туралы айтқымыз келіп отыр. Ал Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы ұсынған идеалдардың қазақ қоғамында кең тарауы нәтижесінде біз жоғарыда атап өткен ХХ ғасыр басындағы Алаш азаматтары өмірге келді. Енді қазіргі тәуелсіз қазақ қоғамы алдында ХХІ ғасырдағы қазақтың тектілікке қойылатын критерийлерін жасау ең маңызды міндетіміз болмақ.
Қайдан келдік? Бұл сұраққа жауап екі түрлі мақсатта беріледі. Бірінші, тарихи тамырдың бірлігін таныту болса, екінші, ұлттың ұлы тарихын ұлықтап, бүгінгі күнгі қоғамға жаңаша серпін сыйлау. Бірінші мақсатқа келетін болсақ, ең негізгі жол қазақтың шежірелік тарихы болып табылады. Бұл негізде көпшіліктің қарсылығын тудыратын: «біздің рулық қатынастарымызға қайта тіреліп, трайболизм дертін ушықтырып алмаймыз ба?» − деген қорқыныш болса керек. Бұл қорқыныш орынды да, себебі кеше ғана қазақ жүздерін, руларын санап бөлшектеуге тырысып жүрген сыртқы-ішкі күштер, мемлекеттік жүйенің қырық екі тамырына бойлап бара жатқан трайболизм індеттері, жершілдік, бос мақтан мен кеуде соғушылық, өткенмен өмір сүру сынды індеттердің бүгінде, өткенімізге деген орнықты ұстанымсыз, қозып кетуі оп-оңай болып отыр. Бірақ солай екен деп мыңжылдықтар бойы қалыптасып келе жатқан құндылықтарымызды, ұлттық ерекшелігімізді ұмытуға, олардан бас тартуымызға болмайды. Сунь-Цзыдың: «Разлагайте все хорошее, что имеется в стране вашего противника» – деген сөзін ұранға алған отарлаушы күштер біздің ең жақсымыздан айырды екен деп, олардан бас тартатын болсақ, онда біз өзімізді өздігімізден, ұлттық ерекшелігімізден айырған боламыз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Алаш мұрасы және осы заман» мақаласында: «Алаш» партиясының бағдарламасын жүзеге асыру барысында дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыру арқылы бұрынғы қазақ қоғамындағы белгілі қайшылықтардан арылуға мүмкіндік туды. ...Шығыс мемлекеттерінің жаңару тәжірибесі Жапония мен Корея сияқты дәстүрлі байланыстары кәдеге жараған жерде ғана капитализмнің гүлденетінін көрсетті» [13, 17], – деп айтқанындай бізге бұл деңгейде осы дәстүр мен жаңа заманды үйлестіре білу қажеттілігі туып отыр. Себебі дертке мән бермей, оны ұмытуға тырысқанмен, ол дерт жазылып қоймайды, қайта күндердің күнінде өзіңді жеп бітуі мүмкін. Сондықтан да біздің алдымызда ата-баба дәстүрін жаңа заманға бейімдеп, жаңа қырынан қарастыру, жаңаша түлету қажеттілігі туып отыр. Бұл кезде де бізге Алаш қайраткерлерінің салған жолы ең тиімді жол болмақ. Бұл жол, біріншіден, бүкіл қазақтың түбі бірлігі идеясы болса, екіншіден, түбін тануды мақтан үшін емес, ата-баба, болашақ үрім-бұтақ, туған ел мен жер алдындағы жауапкершілік ретінде оқытып, насихаттау болып табылады. Ашып айтатын болсақ, «Алаш» этнонимін қазақ зиялылары қазақ халқын біріктіру үшін идеологиялық мақсатта таңдап алды дедік, осы негізде біздің тарих ғылымының алдында да шежіренің осы қырларын жаңғырту жолы тұрғанын көреміз. Тағы да Елбасымыз айтқандай: «Нельзя забывать глубинную суть самой традиции шежире, она не заканчивается на одном роде, племени. Шежире – это Древо поколений, которое сводится к единому корню. Шежире показывает и доказывает, что корни наши едины, что все мы казахи едины. Шежире не раскалывает нас, а обьединяет». Ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыз айтқандай: «Шежірелік деректер өзінің мазмұндық әр алуандығына, көп нұсқалылығына, тіптен қиял-ғажайыптығына қарамастан, біртұтас этножаралым идеясынан, яғни, ұлтты ұйыстыратын ұлы бірлік идеясынан әсте ауытқымайды» [9, 67]. Қазірде қазақ шежірелерін терең зерттеп тарихшы Мақсат Алпысбес айтқандай: «...генеалогическое содержание шежире, как иследуемой народные традиции, как изучаемого вида источника, должно быть на поддержание обшенационалной идентичности и сохранение этнической целостности, на общегражданскую консолидацию. В этом плане генеалогическое знание может иметь практическое значение, нужно направлять ее в полезное для обшественного и государственного развития русло» [14, 24]. Қарап отырсақ, Елбасы да, ғалымдарымыз да «Шежіренің» бізді бөлетін емес, қайта ұлттық бірлігімізді танытатын белгі ретінде тиімділігін көрсетіп отыр. Біз де барынша осыған акцент қоюымыз қажеттігі көрініп отыр. Себебі идеологиялар бір-бірінен бір құбылысқа әр түрлі көзқарас ұсынумен ғана ерекшеленетінін тарих ғылымы дәлелдеп отыр. Бұл Алаш көсемдерінің бірінші жолы болса, екінші жол ретінде шежірені өз руымен мақтану үшін ғана емес, ата-бабасы, руластары, келешекте өзін «менің төртінші атам, бесінші атам» деп атайтын үрім-бұтағы алдындағы жауапкершілігін сезіну үшін де оқыту, таныту, түсіндіру жолын атай аламыз. Бұған тағы да Алаш көсемінің: «Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі» [15, 4], – деген ұлағатты сөзі дәлел бола алады. Және руласы, танысын елге адал қызмет істемесе де, ұлт үшін еңбек етті деп жалаң дәріптеушілікке де тікелей қарсылық танытуымыз қажет. Себебі кезінде осындай бос мақтанның зиянды екенін сезініп, Алаш қозғалысының басты идеологы Әлихан Бөкейханның «Ашық хат Жапан баласына» атты мақаласында Иса Бердалы деген болыстың өмірден өткенін баяндап, «халықтың пайдасын ойлайтын азамат еді» деп көпе-көрнеу өтірік жазған Жапан баласына, «қандай зұлым өлсе де» өлігінің үстінде жамандығын айтпаушы еді, бірақ «Жапан баласы секілді ерлер сөйлетпей қоятын емес» деп бастап, болыстың қарапайым халыққа жасаған зұлымдықтарын, жәбірлерін айта келіп: «Қағаз не жазса да көтереді, бірақ ұят та керек нәрсе», – деп жасамаған ерлігі үшін құр мақтауды тыю керек деп өз ұстанымын танытқан мақаласы [16] негіз бола алады. Ал осыларды қорыта келгенде, бұларды идеологиялық тұрғыда жүзеге асырсақ бізге не береді дегенде:
- Ұлтты ұйыстыратын ұлы бірлік идеясын жеткіземіз.
- Ата-баба, болашақ үрім-бұтақ алдындағы жауапкершілікті сезіндіреміз.
- Біртұтас «Алаш» ұранымен, трайболизм дертіне тосқауыл қоямыз.
- Ұлттық салт-дәстүрдің сақталуына қол жеткіземіз.
- Қоғамға, ұлтқа қызмет істеуге мотивация береміз.
- Ешкім және ешнәрсе ұмытылмайтынын жеткіземіз.
(Шежіренің артықшылықтарын танытатын қазіргі генетикалық ғылымның жаңалықтарын да осы қатарға қоссақ болады. Себебі бұл да біздің қаны таза текті ұлт екендігіміздің басты айғақтарының бірі екендігіне ешкім күмән келтірмесе керек.)
«Қайдан келдік?» деген сұраққа жауаптың екінші мақсаты тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастыру арқылы ұлттың рухын ояту, өзіне деген сенімін арттыру екенін жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Бүгінгі күнде бұл мақсаттың өзектілігін Елбасымыздың: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр... Бірақ бұл мүмкіндік қана ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет. Ал осы міндет біздің алдымызға тек қана, бір ғана ұлы мүмкіндік түрінде емес, қатал қажеттілік түрінде де қойылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзіне шақталған мезгіліне сәйкес боламыз, тарихи болымсыздықтың бос қуысында босқа қарманып жүрмейміз...» [14, 3] − деген сөзінен көре аламыз. Оның үстіне 2013 жылғы 5 мамырда мемлекеттік хатшы, Президент тапсырмасы аясында, ел тарихшылары алдына: «Сегодня, на этапе состоявшегося государства, мы должны осмыслить свою историю с высоты современной науки и создать целостную историческую картину». «Нужно выработать на качественно новым уровне общую концепцию истории Казахстана. Она должна быть тесно увязана со всемирной историей, четко показывать место Казахстана глобальных исторических процессах, системе их взаимосвязи и научной периодизации» [14, 5-6], – деген тапсырма қойған болатын. Бұл да бізге нақты іс-әрекетке көшу қажет екенімізді көрсетіп отыр. Ең қызығы, бұл үшін бізге ешқандай жаңалық ашудың қажеті жоқтығы, тарихымыздың, сол тарихи даму процессімізде ұлтымызбен бірге қалыптасқан салт-дәстүрімізде, мәдениетімізде, әдебиетімізде бүгінгі ұрпақ мақтана алатындай, рухтана алатындай, ұялмайтындай үлгілі істер, оқиғалар, ең бастысы, біз басынан бастап айтып келе жатқан тектілік тегеуріні есіп тұр. Бізге, тек тарихымызға тектілік тұрғысынан баға беріп, сол биіктен интерпретациялау ғана қажет етілмек. Себебі біздің ұлттық аристократиямыз (хандар), билеріміз, батырларымыз (рыцарьлық), өнердегі, мәдениеттегі (жырау, ақын, сал-серілер) тұлғаларымыз болсын, ең басты ерекшелігі ретінде өздерінің тектілігі арқылы тарихта қалғандығын білеміз [17]. Тағы да біздің ұлттық тектілігімізді танытатын – бұл біздің ізгілікті аңсаған халық екендігіміз. Мысалы, күшімізге сеніп, әлімжеттік қылып, ешкімнің жеріне баса көктеп кірмегендігіміз, қонақжайлылығымыз, толеранттылығымыз. Ең қызығы, біз ұлттық әдебиетімізде де осы тектілігімізді сақтай алғандығымыз. Бұған белгілі алаштанушы, әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісмақованың: «Күлтегіннен басталған қазақ жазбаларында текті сөз ғана өмір сүрді. Ол атадан балаға беріліп отырды. Бұл қазақ елінің мәртебесін, мерейін көтеру үшін айтылған ата-бабамыздың асыл сөзі еді» [18] − деген тұжырымы мен ұлттық идея тақырыбын зерделеп жүрген ғалым Досм
Пікір қалдыру