ТУБЕГІ ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ «ТУ» ПОЭМАСЫ

/uploads/thumbnail/20170708171047753_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Мемлекеттің жоғары рәмізі қасиетті туды  биікке желбіретіп соғыста қолдан түсірмей берік ұстайтын ту ұстаушы сарбазды ежелгі түркілер мен қазақтар тубегі деп атайтыны туралы деректер бар. Бейбіт күнде де елдің туын хан ордасында әскерлер күзететін, ал майданда байрақты  сенімді сарбазға тапсыратын салт болған. Сонымен бірге ел иесі хан өзінің сенімді сардарын арнайы қолбасшы етіп белгілегенде  оған арнайы ту сыйлайтын. Сонымен бірге билеуші төрелердің де туы, таңбасы басқалардан  өзгеше болған. Бұл туралы тарихшы Қ.Халиди былай деп жазады: «Сығай хан, оның баласы Есім хан. Бұл бір әйелден жалғыз, ұзын бойлы зор кісі болғандықтан «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған. Орысханның қызыл туы осының қолында қалған дейді. Сығай ханның екінші әйеліне екі ұл бар. Біреуі Сейтқұл, енді біреуі Оннан хан. Оннан батыр кісі болыпты. Қызыл тудан бөлініп шығып, өз алдына ақ ту көтеріпті. Барлық ақ тулы төренің бабасы осы. Есім ханның баласы Жәңгір хан, оның баласы Тәуке хан, бұл бір әйелден жалғыз. Оның баласы Болат хан, оның ұлы Әбілмәмбет хан, оның ұлы Әбілпейіз хан. Бұл жақтағы қызыл тулы төрелердің бабасы осы.

Жәңгір ханның екінші әйелінен Уәлі, Бақы атты екі ұл бар. Уәлінің баласы Абылай  хан. Абылай жас кезінде жау қолына тұтқынға түсіп, тағы бір шабындыда қазақ қолына келіп Үйсін Төле бидің түйешісі болып жүргенде немере ағасы Болат хан қолына алып тәрбиелепті.

Болат хан өмірінің соңында өз баласы Әбілмәмет ханды қызыл тумен өз орнында қалдырып, Абылай ханды жасыл ту беріп, кейбір елге бастық қойыпты».

Қазақ мемлекетінің бас рәмізі айбарлы туға алты алаш бас ұрып сыйынып, құдіретті байрақтан күш алатын, жебірегенде ер азаматтың басы қосылатын.  Ақтамберді жырау «Жауға шаптым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап!» дегенде осындай қасиетті рәмізден қуат алғанын жырласа керек.

Эпик ақын Н.Айтұлы  «Ту»  поэмасында халық жадында жүрген осындай терең тамырлы поэтикалық рәміздерді жаңғырта жырланғаны байқалады. Мұндай тарихи оқиғалар мен аңыздар туралы ақын Н.Айтұлы өзі де бала кезінен құлағдар болғанын поэмада былай деп жырлайды:

Шаңқай түс, тамылжыған шілде айында,

Естіген оқиға еді Ту жайында.

Қаз-қатар қона қалған қалың ауыл,

Биік тау алқымында – су бойында.

Көкейде кішкентайдан қалған сурет,

Жүретін сәуле шашып жылда ойымда.

Қасиетті ханның, түменбасы қолбасының киелі ақ туы жау келе жатса немесе жақындаған жеңісті хабарлап дүрілдейді деген аңыз да ел арасында мол таралған. Ол туралы поэмада «Сарбаздар сайыпқыран атқа қонған, Ақ туы Абылайдың дүрілдесе» дейді ақын.

Ел арасында тубегі туралы мынадай аңыздар бар екенін ақын С.Нұржанов жеткізеді:

«1832 жылғы Қарнауда хиуа жендеттерімен болған қырғында Тубегінің ат үстінде толықсып тұрғанын көріп қолбасшы Сүйінғара атамыз шауып келіп: «Шыдайсың ба?» – дейді ғой, сонда Тубегі – Ескелді Дауыл батыр: «Жан шыдаса – біз шыдармыз!» депті.

Неше жерден оқ тиген батырдың аузынан кесек-кесек қан атып тұр екен дейді. Соғыс аяқталғанда келсе, ат үстінде туды жықпаған қалпы есіл ер әлдеқашан дәріл-бақиға өтіп кетіпті!..

1856 жылы Қараған-Босағадағы ұрыста Тубегі – Асар сұпы атамызға батырлардың бірі асығыста: «Ата, туды жықпайсыз ғой!?» – деп қалады. Сонда Асар сұпы: «Туды Құдай жықпаса, біз жықпаспыз, Инш-Алла!» – деген».

Ел арасында таралған аңыздарға қарағанда кейбір жеке рулардың атауы да туға байланысты қойылып, бір сөзбен айтқанда қазақ елінің рәміздік басты белгісі тудың образы халықтың жүрегіне өшпестей боп ерте заманнан  ұялағаны аңғарылады. Мысалы, мына бір шежірелік аңызда бұл жағдай тартымды өрнектелген:

«Ұлы жүз Ойсылдың Төбеке деген баласынан Өтеп батыр, онан Сырымбет, Тұрымбет, Жәлмамбет деген балалары болады. Тұрымбет Жәнібек хан әскерінің ең алғашқы туын ұстап, қол бастаған батыр. Оны замандастары «Тубегі» деп атап кеткен. Жәнібек ханның Ойсыл ұрпақтарына жасаған қасіретінен аман қалған Тұрымбет, жеңгесі Ізбикеге үйленіп, одан Манап деген бала туады. Манап ағаларымен бірге ержеткенде Жәнібек ханнан кек алу үшін аттанады. Манап жас болғандықтан әскердің туын ұстап шығады. Мұны көрген аузы дуалы қарттар: «Тубегінің Манабы ту көтерді, оның ұрпақтары тутаңбалы болсын»-деп айқан екен».

Міне, осындай ту мен тубегі туралы  халықтың жадында ұзақ ғасырдан бері сақталған алтын аңыз арқауын ақын Н.Айтұлы өз поэмасында эпикалық құлашпен қайта жаңғыртып, ел аузындағы түрлі фольклорлық дерек пен аңыз-әпсаналарды шеберлікпен тоғыстырып, Қазымбет батырдың образына жинақтай жырлағаны анық.

 Қазымбет батыр ақынның қиялынан туған  әдеби кейіпкер ме, әлде тарихта болған адам ба? Өлкетанулық зерттеулер, ауызша шежірелер Қазымбеттің шын тарихта болған  сарбаз екендігін дәлелдейді. Ол туралы «Қаракерей Мұрын шежіресінде» мынадай мәлімет кездеседі:

«Қазымбет батыр Құттымбетұлы – Найман - Қаракерей - Байторы - Мейрам - Байыс - Мұрын (Сарымырза) - Жолымбет - Рақ - Құттымбет - Қазымбет батыр Құттымбетұлы. Ол Мұрын елінен шыққан атақты батыр. Жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық соғысында Қабанбай мен Боранбайдың үзеңгілес серігі болған. Жоңғарлармен ұзаққа созылған соғыстың ақырғы нүктесі Тарбағатай маңында болғаны белгілі. Осындағы шайқастарда Қазымбет Көкжал Барақ, Желкілдек батырлармен бірге  әлденеше жасаған жанкешті ерліктерімен көзге түседі. Қазымбет пен Көкжал Барақ жекпе-жекке өздері тіленіп шығып, қалмақтың екі батырын жайратады.

 Қазымбет батыр он сегізінші ғасырдың екінші жартысында Ақшәулі маңындағы жоңғарлармен шайқаста ауыр жараланып қаза табады, көз жұмар алдында өзін туған жері Есіл – Нұра өңіріне апарып, өз қорымдарына жерлеуді сұраған. Батыр сүйегі Есіл – Нұрада.

Үржардағы бұрынғы Алексеевка селосы бүгіндері Қазымбет ауылы деп аталады. Қазымбет ұрпағынан елге танымал жақсы азаматтар шыққан. Соның ішінде республикаға белгілі заңгер, бұрынғы Семей облыстық сотының төрағасы Ұланов Сиязбек, облысқа  белгілі азамат Уалиев Маймұрат, ғалым Жақсыбаева Фарида Задақызы бар».

Бұл деректерден біз ақын Қазымбеттің анық тарихи тұлға екендігіне көз жеткіземіз. Ақынның поэмасының бас кейіпкеріне арналған әйгілі қаһарман тұлғаның ұрпақтары да қазіргі азат Қазақстанға еңбек сіңіріп жүрген белгілі жандар екендігінен де хабар алып, қан майданда елдің туын жықпаған қас батырдың бүгінгі ұрпақтарына да дәстүр сабақтастығы жалғасқанына куә боламыз.

Батырдың қаза тапқан жері Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай тауының қойнауы болса, жерленген жері  қазіргі Астана маңы «Есіл-Нұра» екендігін де байқаймыз. Қас батыр Астанаға 20 шақырым жерде жерленген Қабанбай бабаның ақ моласы маңында жер бесікке бөленген болуы да ықтимал.  Әйгілі батыр қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі қайда жерленген? Осы мәселе жайында баспасөзде көптеген даулы пікір жарық көрді. Біздің ойымызша, бұл туралы сонау 1979 жылы алғашқы ғылыми пікірді  білдірген – фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы,  профессор, батырдың төл ұрпағы Болатжан Абылқасымов.

 «Қаракерей Қабанбай батыр»  деген зерттеуінде ғалым былай деп жазады «Қ.Әділбековтың айтуынша, Қабанбай қазіргі Целиноград облысында жерленген». Сонымен бірге ғалым Қабанбай батырдың өмірінің соңын ала Орынборға қарай көшу ойында болғандығы туралы дерек келтіреді. Олай болса, осы мәліметтердің өзіне–ақ Қабанбай батырдың сүйегі Арқада жерленгені шындыққа жақын екендігін бағамдай аламыз.

Семейлік М.Қ.Каримов, М.Қ.Асылбеков секілді тарихшылар жазған «Әбілпейіз» деген монографияда Қабанбайдың өзі мен замандастары «от жаққан жеріміз Есіл-Нұра» деп ардақ тұтатыны айтылады.  Осы еңбекте сонымен бірге Қазымбет батыр туралы да деректер келтіріледі:

«Әбілпейіз төре сұлтан болатын қаракерейлер де, басқа наймандар сияқты Сыр бойын қыстап, Сарыарқа өңірін бірнеше ғасырға жуық жайлағаны тарихи шындық. Олардың жоңғардан босатылған Алтайға, Тарбағатайға және Жетісуға келулері ХҮІІІ ғасырдың 50-60 жылдарынан басталған. Ел бұл өңірге келгеннен кейін де, өздерінің атажұрттары Есіл –Нұраны ұмытпай, өлең-жырларына қосып, «Ел қайда, Есіл қайда, Нұра қайда?» деп, айтып жүрген. Көп уақыт белгілі адамдары қайтыс болғаннан кейін, Есіл –Нұрадағы қорымдарына апарып, жерлеп отырған. Ол жаққа мұрын Қазымбет, бәйжігіт Байбарақ батырлардың және т.б сүйектері апарылып қойылғаны елдің есінде сақталған. Қабанбай батырдың өзінің «от жаққан жеріне» өсиетімен қойылғанын бұрынғы өткен адамдар жақсы білген.  Қаракерей ішіндегі мұрыннан тарайтын жолымбет табы шығатын Жолымбеттің мекен қылған жері де Сарыарқаның төрінде, яғни бүгінгі Жолымбет теміржол станциясы тұрған жер».

Осы тарихи деректерді қорыта келе поэма кейіпкерінің сүйегі Сарыарқада жерленген деуге болатын секілді.

 Өлкетанушы, белгілі журналист Б.Шалғынбай Қазымбеттің батырдың ғұмырбаяны туралы деректерді  былайша толықтыра түседі: «Түменбасы, ту ұстаушы болып соғысқа қатысқан Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп, ел қорғапты. Ата-баба жерін жаудан азат ету жолындағы соңғы ұрыста 69 жасында қазақ жасағының туын жықпай, ту түбінде мерт болған екен».

Қазымбет туралы аңыз-әпсана Шығыс қазақтары арасына мол таралып, ел есінде батыр бейнесі жақсы сақталғаны деректердің молдығынан білінеді. Ел аузында жүрген мынадай бір шумақ өлең  «Ту» поэмасының шарықтау шегіндегі Қазымбеттің ерлігінің түйінін, поэманың өзегін білдіретіндей әрі батыр туралы  ел зердесінде сақталған қанмен жазылған тарихтың шын парағы деуге болатын құнды дүние:

«Қапысыз ажал келсе кім өлмеген,

Шыңқожа, Шөңкейді де шідерлеген.

Қос жебе өндіршектен қадалса да,

Қазымбет тудың сабын жібермеген».

Ақын Н.Айтұлы поэманың шырқау шегінде қаһарман Қазымбеттің өмірінің ақырын поэма сюжетімен шебер жымдастырып,  өзі өлсе де туын жықпаған қазақ патриотизмінің  майдан даласындағы ерекше көрінісіне жырдан монумент тұрғызғаны –  осынау  елдің есінен ұмытылмаған көзсіз ер туралы халық өлеңімен де сабақтасып, мағыналық тұтастық тауып тұрғандай:

Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,

Көргендер аң-таң қалды алғашында.

Байрағы қолындағы желбірейді,

Өзінің көрінбейді жан қасында.

Болмастан ойларында ешбір қауіп,

Батырлар сатырлатып келді шауып.

Күйінде ту ұстаған қатып қапты,

Өлсе де құламаған аттан ауып.

Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,

Аққан қан омырауын кеткен жауып.

Аты да астындағы қозғалмайды,

Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып.

Қаруы жерде жатыр саудыраған,

Екі көз жұмылмапты жаудыраған.

Төбеде туын жықпай қасқайып тұр,

Дегендей «не қыласың енді маған?!».

Қорытындылай айтқанда, поэманың кіріспесінде ақын жырлағандай Қазымбеттің ерлік өмірі халық арасында аңыз боп айтылып, елдің құлағына әр кезеңде кәусар бұлақтай құйылып отырған. Қазымбет батыр  аңызда ғана аты қалған белгісіз көмескі жан, не болмаса ақынның қиялынан туған әдеби кейіпкер емес, ол – қазақ тарихында өшпес із қалдырған даңқты тұлға, отанын құлай сүйген арыстан жүрек азамат. Ендеше ақын Н.Айтұлы жас кезінен көкірегіне хатталған көне қазынаны қазіргі көк туымыздың тұғырлы да ғұмырлы болуы үшін қанын төккен бабалардың ерлігімен сабақтап, тарих қойнауындағы түрлі деректермен тоғыстырып, өлеңімен өре үндестіріп, ақиқатпен айшықтап, айбынды батыр туралы шыншыл поэма турдыра білген деп қорытынды жасай аламыз.

 Еркегүл АГПАС, Қайнар университеті магистрі. demeu2

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар