Елімізде сөзсіз дамытуға тиісті шаруашылықтың бір түрі – түйе шаруашылығы. Шын мәнінде қазақ жерінің көп бөлігі түйе түлігін өсіруге аса қолайлы болып келеді. Мысалы Қазақстандағы 180 млн. гектардан аса жайылымдылық жердің 80 млн гектары шөл және 36 млн гектары шөлейіт аймақта орналасқан, бүгінде осы жайылымдылық жердің 43% ғана пайдаланылуда. Бұл мал шаруашылығын дамытуға орасан зор мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Түйе малының жоғары және төмен температураға, күн радиациясына, су мен жем-шөп тапшылығына және қатаң климат жағдайларына төзімділік көрсете алатын ерекше физиологиялық қасиетінің болуы елімізде түйе шаруашылығын дамытып, сонымен қатар түйе етінің маркетнигін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Еліміздің бірқатар аймақтарында түйе етіне деген сұраныс артпай отыр. Оның бірден-бір себебі, ежелгі дәстүрлі жүйе бойынша адамдар түйені қатынас көлігі ретінде және сүті үшін пайдаланып, жасы ұлғайған соң ғана оны ет қажетіне сойып отырған, сондықтан да қазіргі күнге дейін «түйе еті қатты» деген ортақ көзқарас қалыптасқан.
Бірақ көптеген зерттеулер нәтижесі түйе етінің басқа мал еттерінен кем түспейтін қоректік құндылыққа ие, нәрлі тағам екендігін дәлелдейді. Өйткені оның құрамында май және холестерол мөлшері төмен. Сонымен қатар маңызды ауыстырылмайтын амин қышқылдары мен витаминдердің қайнар көзі де сонда. Мұндай тағам түрі организмге оңай сіңірілетіні сөзсіз. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті биология факультетінің PhD докторанты Райымбек Гүлжанның айтуынша, түйе етінің (1-3 жас аралығындағы) химиялық құрамы сиыр етіне жақын, тіпті кейбір биологиялық активті қосылыстары бойынша сиыр етінен жоғары болып келеді. Жас ғалым мұндай зерттеулерді 2 жылдан бері Сұлтан Қобос Университетінің профессоры Изам Кадиммен (Оман сұлтанаты) бірге жүргізген. Қазақстандағы екі өркешті бактриан түйелерін зерттеген Гүлжан Райымбек мынадай қортындыға келіпті: Түйе еті 75-78% су, 18-21% белок, 3-10% май және 1- 1,2% минералды заттардан тұрады. Сондай-ақ түйе етінің құрамында фосфор, кальций және кальий қатарлы элементтердің концентрациясы жоғары. Сондықтан оны қой мен сиыр етінің орнына тұтынуға әбден болады.
Қазақ әу баста-ақ еті тағам, сүті шипалы сусын, жүні – киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті түйе малын төрт түліктің төресі санаған. Сондықтан болса керек, еліміздегі Түйе шаруашылығы объективті және субъективті жағдайларға байланысты өз алдына дамып келеді. Тіпті соңғы жылдары ойсыл қара түлігінің көбейгеніне де көз жеткізесіз. Айталық, 2004 жылы республикада 125,7 мың бас түйе болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 169 мыңға жеткен, яғни 7 жылда 26,1%-ға артып отыр. Қазақстанда түйенің екітүрі (екі өркешті-бактриан, бір өркешті-дромедар) мен оның будандары өсіріледі, еліміз түйе өсіру жағынан дүниежүзі бойынша алдыңғы қатардағы ел болып саналады. Республикадағы түйе санының 80% Маңғыстау (46,5 мың бас), Атырау (31,4 мың бас), Қызылорда (28,1мың бас) және Ақтөбе (16,6 мың бас) облыстарында өсірілуде.
Қазіргі таңда көптеген елдер түйе етін медицинаға пайдалануда. Оның еті тері аураларына, сорпасы көз ауруына, майы ішек құртын жоюда табылмайтын дәрі көрінеді. Біздің ел ойсыл қара тұқымының осыншама маңызды екендігін әлі күнге жете түсінбей отыр. Өйткені қала базараларындағы ет сататын дүкендерден түйенің етін кездестіру мүмкін емес. Сонықтан болса керек, қуырдықтың көкесін көрмегелі де көп болды. Айтпақшы, шұжық өндіретін кейбір компаниялар сиыр етінің орнына түйе етін пайдаланатын көрінеді. Өйткені түйе етінің бағасы әлдқайда арзан.
Жалпы, қазақ жері түйе шаруашалығына аса қолайлы. Ал түйе жарықтықтың бүгінгі нарық заманында қазақ экономикасына берері де шаш-етектен. Оны жоғарыдағы мысалдардан байқап отырған боларсыздар. Ендігі мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің оң қабағы мен жұрттың жылы қабылдауында жатыр.
Нұрғали Нұртай
Пікір қалдыру