ҚХА кеңесінде ұсынылған кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бастамасын Үкімет мүшелері мен қос палата депутаттары, елдегі барлық саяси партиялар мен ұйымдар бір ауыздан қолдағаны белгілі. Тіпті, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі биыл сайлау өткізу идеясына рұқсатын да берген болатын. Яғни, сәуірде Қазақстанда Президент сайлауы өтетіні жария болды. Ал қазір жұрт арасында өздерін президенттікке үміткер ретінде көрсетіп жүрген үш адам бар. Олар - ҚМО төрағасы- Мұрат Телібеков, ҚР "Табиғат" қорының төрағасы- Мэлс Елеусізов және "Аттан" қозғалысының жетекшісі - Амантай қажы. Осыған орай Qamshy.kz порталы алдағы сайлауда Президенттіктен үміткер үшеуінің сайлауға қатысты пікірлерін білген болатын.

Бірінші болып ҚМО төрағасына хабарласып ек, тұтқаның ар жағынан кіжірейе жауап қатты ол. Сізбен алдағы болатын сайлауға қатысты пікіріңізді білсек деп едік деген сұрағымызға, "қазір жауап бере алмаймын. Маған "Фейсбукке" жазыңызшы" деді. Бір дегеннен қазақ тілінде қойған сұрақтарымызға қысылса да, жауап берді. - Мұрат аға, алдағы болатын сайлауға сіздің кандидатураңызды кімдер ұсынып отыр? - Мені ұсынған Қазақстан Мұсылмандары. - сізді ұсынып отырған ұйым жалпы тіркелген бе? - Алматыда, Әділет бақармасына тіркелген. Құдайым-ай! Мың рет осыны айттым. Сайлауға оның не қатысы бар? - Аталмыш ұйымға (ҚМО) қанша кісі мүше, жалпы сіздің кандидатураңызды қанша кісі қолдап отыр? - Қазақстан Мұсылмандары Одағына 523 747 кісі мүше. Ал қолдап отырғандар 1 456 329 кісі. - Егер сіздің өтінішіңізді қабылдап жатса, қандай бағдарлама ұсынасыз? - Бағдарламаны мына жерден оқыңыз (орыс тілді сайттың сілтемесін берді) - Аға, қазақша нұсқасы жоқ па? - Өкінішке орай, жоқ.

Ал келесі үміткер эколог Мэлс Елеусізовке хабарласып ек, уақыт бөліп сұхбат беруге келісті. -Алло, Мэлс аға! - да, да, говарите... - Аға бұл "Қамшы" порталынан мазалап тұр. Алдағы өтетін сайлауға қатысты пікіріңізді білсек деп едік. Сіз өз кандидатураңызды ұсынған екенсіз... - Енді, оны көреміз. Егер мені тіркейтін болса ұсынамын. Қаражат керек қой оған да. - Нақты шешім қабылдамағаныңыз ғой... - Нақты шешім әлі қабылдамадым. - Егер үміткерлікке ұсынылып жатсаңыз, қандай ұйым немесе одақтың атынан ұсыныласыз? Сіздің кандидатураңызды кімдер ұсынуы мүмкін? - Өз атымнан шығамын. Орысша самовыдвижение дейді ғой. - Сайлау алды бағдармалаңыз қандай болмақ? - Мені тіркеген жоқ. Тіркегеннен кейін ғана мен өз бағдарламамды айтатын боламын.

Мэлстің мардымсыз жауабынан соң, Алматының көшелерін жаяу кезіп, бұрыш-бұрышқа қағаз іліп, Аттандап алдыңғылардың бірі болып жүретін үміткер әйгілі аттаншы Амантай қажыға хабарластық. - Аға, алдағы сайлауға сіз өз кандидатураңызды ұсынған екенсіз... - Ұсынғанда қандай. Ұсынып, үлкен бір жеңісті, табысты болсам ба деймін халқыммен бірге. - Сайлауға қандай бағдарламамен келесіз? - Қазақ халқын мәңгі жасайтын иманды мемлкет болсын деген ұранмен келем. - Сонда сіз кезінде өзіңіз қолдаған Елбасымен бірге сайысқа түспексіз ғой... - Мен Елбасын қолдаймын. Бірақ, қазір оның айналасына жиналғандар құртып отыр. "Банда" деп. Мен оны 20 жыл бұрын айтқам. Мен Президентке үлкен тілектеспін. Менің қолымнан ол зәм-зәм су ішіп, Меккенің тәспісін алған. Сондықтан мен оған тілектеспін, әрине. 26 сәуірдегі болатын Президент сайлауына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бәсекелес болып қатысатын үміткерлердің түрі осы болды. Телібековтің тілі күрмеліп жүріп берген жауабына қарап, "қазақ тілінен" емтиханды қалай тапсырғалы жүргенін ұғына алмадық. Ауызша тіл қатысуғада жарамады. бағдарламасы Ресейдің мемлекеттік тілінде дайындалған. Ал табиғаттың жалғыз жанашыры "Табиғат" қорының төрағасы Мэлстің сайлауға түсуге ақшасы жоқ екен. Ақша болса бәрі де болады деп сендірді ол. Ал Амантай қажының жайы бәріңізге белгілі....
Нұрзат Тоғжан
Пікір қалдыру