Алматы. 11 наурыз. Qamshy.kz - Бүгін Астанада "Нұр Отан" партиясының XVI кезекті съезі барысында мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Қазақстанда биыл 26 сәуірде өтетін кезектен тыс өткізілітін Президент сайлауына үміткер ретінде қатысуын ұсынды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында күн тәртібіне сәйкес сөз алған академик, қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев қазіргі таңдағы дүние жүзін шарпыған әлемдік дағдарысты, көрші елдердегі саяси тұрақсыздық пен қақтығыстарды тілге тиек ете келе, осындай алмағайып кезеңде "ел тізгінін нық ұстайтын Президентті сайлаудың маңызы өте жоғары екенін" айтты. Ал "ел басқару қабілеті мен дарыны, ақылы мен парасаты биік үміткерді елдегі жетекші партия ретінде "Нұр Отандықтар" тағайындауы тиіс" деп ойын топшылаған Сағадиев, қазіргі күндегі жалпы халықтың басым көпшілігінде Қазақстанның Президенті лауазымына лайық тек бір ғана адамның есімін келтіретінін және сол кісінің "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін де жеткізді. Осының барлығын ескере келе академик, "Біз, НұрОтандықтар, партия атынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Н. Назарбаевты ұсынайық және осыған келісімін сұрайық",-деп атап өтті. Ал өз кезегінде Президент Назарбаев сайлауға қатысуға келісімін берді. «Мен сіздердің алдарыңызға келіп, сөз сөйлеудемін. Өз кандидатурамды тек бір мақсат үшін ғана, алдымызда тұрған қиын міндеттерді шешуге бағытталған жаңа міндеттерді ұсыну үшін ғана ұсынатын боламын. Мен қалай президент болу керек және ол не айту керек деген сауалдарға: «Адам сайлауға өз халқыңның өмірін жақсарту үшін нақты бағдарламалары мен мақсаттары болғанда ғана баруы керектігін» айтамын. Егер ондай мақсатың мен міндетің болмаса, онда сайлауға қатысудың да қажеті жоқ», - деді Елбасы.