Төңкерілген ту үшін университетті «төңкерген» қыз

/uploads/thumbnail/20170708171508337_small.jpeg

Мемлекеттік туымыз әр азаматттың қадір тұтар қымбат құндылықтарының бірі. Туға деген көзқарас –  патриоттық және азаматтық деңгейіміздің, ішкі рухани қуат-күшіміздің өлшемі. Құдайға шүкір, елге, отанға деген кіршіксіз махаббаты, тұнық сезімі бар, мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасын терең түсінетін жас ұрпақ қаулап өсіп келеді. Солардың бірі – Ризагүл Мейрамқызы.

Ризагүл Малаизияның астанасы Куала-Лумпурдегі INTI халықаралық британ-малай бірлескен университетінде халықаралық бизнес мамандығын оқитын бірінші курс студенті. Университеттің бір ерекшелігі өздерінде қай елдің студенті бар болса, сол елдің туын іліп қоятын. Солардың қатарында біздің көкбайрағымыз да тұр. Себебі, оқу орнында Қазақстаннан 17 студент білім алады.

Айтайын деп отырғанымыз осыдан бірер ай бұрын болған оқиға. Игіліктің ерте-кеші жоқ. Бұндай өнегелі, үлгілі істерді әр уақыт санада жаңғыртып, жабыла жариялап отыру ұрпақ үшін пайдасын бермесе, зиянын тигізбейтіні анық. Сонымен…

Бір күні сабаққа келе жатқан Ризагүл өзі күнде қарап өтетін көктуымыздың төңкеріліп, теріс ілініп тұрғанын көреді. Қаз-қатар қойылған елу шақты елдің байрағының арасында жалауымыз төмен қарап қалған. Туды жаңалағандар, не әлдебір себеппен қайта ілгендер қателесіп кетсе керек. Көкбайрақтың мұндай күйін көрген ол дереу суретке түсіріп, әкесіне жібереді және не істеуге болады деп жөн сұрайды. Қызының жіберген фотосын көріп, жағдайды аңғарған әкесі Мейрам аға «сен өз еліңнің туы мынадай күйде тұрғанда оған бір секунд та бейжай қарап тұрмауың керек, тез барып университеттің әкімшілгіне, мұғалімдеріңе ескерт, туды дұрыстап ілдір» дейді.

Айтқандай, Ризагүл тудың теріс ілінгегін ұстаздарына ескертеді. Алайда, бұл оқиғаға салғырт қараған мұғалімдер аса мән бермеген секілді. Екінші күні ту сол қалпы тұр екен. Бұны көрген Ризагүл ректордың кабинетіне тура тартады. Бірақ, күзетшілер жібермей қойған соң, намыс пен ашу қысқан қарындасымыздың дауысы қатты шығып, жан ұшырған үні ректордың кабинетіне естіледі. Сол арада ректор көмекшілерімен шығып, оқиғаның мән-жайын түсінген соң, тез арада Қазақстанның көктуын дұрыстап қайта ілдіреді. Сонымен қатар, ректордың өзі де жіберген ағаттық үшін қазақ қызынан ғапу өтініп, ел намысы, отан абыройы деп шыр-пыр болған студентіне ризалығын білдіреді.

Бір қарағанда бұл қарапайым іс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Ризагүлдің әрекеті өз елін шын сүйген қазақ жастарының жарқын образы, бүгінгі сәулелі бет-бейнесі десек қателеспейміз. Патриоттықты айқайлап жүріп істегеннен гөрі, үнсіз ана жасаған сүйкімді болмақ. Сондай сүйкімді іс атқарған Ризагүл қарындасымыз қазақ жастарының патриот болатынын Малайзия оқу орнының басшылығы мен мұғалімдеріне, студенттерге таныта білді.

Шыны керек, кей сәттері жастарымыздың арасында өзге елдің жалт-жұлт әдет-салтына еліктейтін мінез кезігіп қалады. Ризагүлдің ісі керісінше, өзге елдің жастарын қазақ жастарының елін сүйер патриоттығына еліктеуге шақыратын мерейлі іс болды. Қарындасымызға оқуын сәтті аяқтап, ел экономикасы үшін қызмет ететін мықты маман болуын тілейміз. Және осындай өнегелі ұрпақ тәрбиелеген ата-анасына да рахмет айтамыз.

Мұрат Алмасбекұлы

Қатысты Мақалалар