13 наурыз, Qamshy.kz - Естеріңізде болса, Президент Н. Назарбаевтың елімізде 26 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қатысатыны туралы ақпарат жарияланған болатын. Осыған орай Qamshy.kz порталы 11 наурыз күні "Елбасының сайлауалды компаниясын кім басқарады" атты шолу жасаған еді. Онда Президент Нұрсұлтан Әбішұлының осыған дейінгі сайлаудағы үгіт-насихат жұмыстарына жауапты тұлғаларды саралай келе, алдымыздағы кезектен тыс сайлауда Елбасының сайлауалды компаниясын басқаруға лайықты тұлғаларды назарларыңызға ұсынған. Компанияны басқаруы мүмкін деген тұлғалардың қатарында бұрынғы Президент кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхамед мырзада болған еді. Кеше белгілі болғандай алдағы сайлау науқанында Президенттің кандидатурасын насихаттау жұмыстарын - экс-кеңесші Мұхтар Абрарұлы атқару туралы шешім шыққан. Бұл туралы vlast.kz порталы Президент әкімшілігіне сілтеме жасай отырып хабарлады. Мұхтар Абрарұлының бұл жауапты жұмысқа тағайындалғаны туралы қаулы бүгін күшіне енуі мүмкін. Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхамед мырза осыған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент кеңесшісі, Мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінде, Президенттің баспасөз қызметін басқарған, Сенатор, Қызылорда облысы әкімі секілді бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. Ал 1999 жылы кандидат Назарбаевтың сайлауалды штабын Сергей Терещенко мырза басқарып, сайлау аяқталған соң екі айдан кейін құрылған "Отан" партиясының төрағасы қызметіне тағайындалған еді. 2005 жылғы сайлауда бұл қызмет бұрынғы "Отан" партиясының төрағасы болған Бақытжан Жұмағұлов мырзаға жүктелген болатын. 2011 жылғы сайлау науқанында Президенттікке үміткер Назарбаевты жеңіске жетелеген "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин еді. Сәтті аяқталған сайлаудан кейін Нұрлан мырза да сый-сыяпаттан құр қалмаған. Ал быилғы сайлауда қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сайлауалды штабын басқару лауазымы Мұхтар Абрарұлының мойнына жүктеліп отыр. Еске сала кетейік, Мұхтар Құл-Мұхамед мырза наурыздың 4-і күні Президент Назарбаевтың шешімімен Президент кеңесшісі қызметінен босатылған болатын.
Нұрзат Тоғжан