Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Ақсақалдар алқасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына, Тәуелсіздік жылдары шетелдерден атажұртқа оралған ағайындарға
Ү Н Д Е У І
Бүгінгі таңда алыс және жақын шетелдерде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Бұл ағайындарымыз қай жерде, қай елде тұрса да қазақ халқының құрамдас бір бөлігі. Соған орай, олар Қазақстан Республикасының атақ-абыройының асқақтап, өсіп-өркендей беруіне бір кісідей тілектес. Қазақ елінің бүгіні мен болашағына байланысты қолға алынған кез-келген іс-шараларға да айрықша көңіл бөліп, бұл жөніндегі жаңалықтарға ерекше назар аударады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, шетелдегі ағайындар үшін Қазақстандағы биылғы кезектен тыс Президент сайлауы – аса маңызды уақиғалардың бірі. Яғни, алдағы уақытта Қазақ елінің тізгінін кім ұстайды, Мемлекет басшысы болып кім сайланады деген мәселе оларды да ерекше ойландырады әрі алаңдатады. Өйткені, Тарихи Отанының Тәуелсіздігі, бақ-берекесі, игі жеңістері дүниежүзінің түкпір-түкпіріндеге бүкіл қандастарымыз үшін бәрінен де қымбат.
Дүбірі мол дүние дәл қазір дүрбелең шақты бастан өткізуде. Көңілге алаң саларлық жайттар бүгінгі күні тым көбейіп барады. Бәрінен де қауіптісі, геосаясат атты алып аждаһаның оянып, қайта бас көтеруі, әлемнің жағрафиялық картасы бетіне өзгерістер енгізу әрекетінің өршуі болып отыр. Әлемдік экономикалық құрылымды әркім өз мүддесіне сай қайта құруға ұмтылушылық та байқалуда. Бұл ретте әлемнің алпауыт елдерінің назары шикізат көздеріне бай Қазақстан тәрізді елдерге ең алдымен түсіп отырғандығы да жасырын емес. Мұның сыртында, жер бауырлап жылжып, жер бетін тегіс жайлай бастаған әлемдік экономикалық дағдарыс тағы бар. Қалай дегенде де, алдағы кезең көптеген мемлекеттер үшін, оның ішінде сүйікті Қазақстанымыз үшін де ауыр сынақтар мезгілі болғалы тұр. Іштегі, сырттағы барша қазақ пен барлық қазақстандықтар көздің қарашығындай сақтауға тиісті ел Тәуелсіздігіне, іргелі мемлекеттігіне нұқсан келмеу үшін әрекет етер кез келді. Әрине, елдің бірлігі, ынтымағы қажет мұндайда. Ширек ғасыр уақыт бойы небір қиын-қыстау кезеңдерден қазақстандықтарды сүріндірмей өткізген, бүгінгі биік табыстарға қолдарын жеткізген Елбасы төңірегіне тығыз топтасу қажет мұндайда. Осыған байланысты біздер, тарихи Отанына шетелден оралған қазақтар Астанада өткен «Нұр-Отан» партиясының кезектен тыс ХVI сьезі жұмысына үлкен қызығушылықпен көңіл аудардық. Тәуелсіздік жылдарында атажұрт топырағына оралған миллионға жуық (табиғи өсімін ескерсек, жан саны 1,5 миллион адамға жетеді) қазақтың қай-қайсысы да осындай сезімді бастан кешті. Шетелдегі жалпы саны 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы өкілдері де осынау ұлтымыздың ұлы жиынына елеңдей құлақ түргендігінен хабардармыз. Бәріміз қазіргідей дүрбелең шақта тәжірибелі де білікті, талай сынақты бастан өткізген Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын сьезд делегаттары бірауыздан ҚР Президенттігіне ұсынғандығын қуанышпен қарсы алдық.
Қазақ топырағынан тыс жерлерде алмағайып ғұмыр кешкен, талай саяси науқандарға куә болған біздерге қазіргі кезеңнің күрделілігін, оның сынына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегіне тығыз топтасу арқылы ғана төтеп бере алуға болатындығын айту – парыз. Өйткені, Қазақстан Республикасының жиырма жылдан сәл ғана асқан уақыт ішінде бүкіл әлем танып, мойындаған, және әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салада барынша тез қарқынмен дамыған тәуелсіз мемлекетке айналуы ең алдымен ел тізгінін берік ұстап келе жатқан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі. Бұл ретте Елбасы тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде өткізілген Әлем қазақтарының төрт құрылтайында да Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа Төрағасы ретінде дүниенінің түкпір-түкпірінен жиналған ағайындарға Қазақ елін дамыту жөнінде жүзеге асқан жақсы істерді, қолға алынуға тиіс биік мақсат-міндеттерді жан-жақты талдап ортаға салған еді. Соған орай, алыс-жақындағы ағайындар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл қазақтың көшбасшысы ретінде бағалап, қадір тұтады.
Қадірлі отандастар! Сіздерді осы айтылған жайттарды ескеріп және ел болашағы алдындағы өз жауапкершіліктеріңізді терең сезініп алдағы Президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасына бір кісідей дауыс беруге шақырамыз.
Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары
Сұлтанәлі Балғабаев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары
Уақап Қыдырхан, жазушы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы
Арыстан Тосын, қажы, Еуропадан оралған
Аятхан Тұрысбек, кәсіпкер, Моңғолиядан оралған
Белдеубай Қыпшақбай, зейнеткер, Моңғолиядан оралған
Сағидолда Әли, дәрігер-зейнеткер, ҚХР-дан оралған
Зейнел Рустем, зейнеткер, Ауғанстаннан оралған
Меллат Рәметұлы, жазушы, ҚХР-дан оралған
Дина Бөлешова, ғылым кандидаты, Өзбекстаннан оралған
Қабден Алтай, Халифа Алтай абыздың баласы, Түркиядан оралған
Қамбар Өзтемір, кәсіпкер, Ауғанстаннан оралған