Кешелі бері Қытайдан қашып, шекараны заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайдың денсаулығына қатысты ақпарат таралды.
WhatsApp желісі арқылы таралған ақпаратқа сәйкес, Талдықорған қаласындағы уақытша тергеу изоляторында қамауда отырған Сайрагүл Сауытбай Алматы облыстық ауруханасының нейрохирургия бөліміне жеткізілген. Сәуле Әбединова бастаған бір топ журналист мұны анықтау үшін тікелей ауруханаға барды. Аурухана қызметкерлері әйелдің миы шайқалғанын, есінен танып құлағанын жеткізді. Алайда қазір жағдайы қалай екенін әрі операцияның жасалған-жасалмағанын ашып айтпады.
Адвокаты Абзал Құспан да ақпаратты растағанымен, «тергеу барысында Сайрагүлдің жағдайы қалыпты болған, денсаулығына шағым түсірмеген» дейді. Күйеуі де жарының дені сау болғанын айтады.
Журналистер мен белсенділер қазіргі уақытта Алматы облыстық ауруханада Сайрагүл Сауытбайдың денсаулығына қатысты қандай да бір мәлімет анықтауға тырысып жүр. Бірнеше уақыт бұрын дәрігері Қайрат Сағындықұлымен де тілдесті. Алайда аурухана қызметкері әйелдің денсаулығына қатысты жарытып ештеңе айта қоймады. Тек есінен танып құлағанын жеткізді. Ал себебі айтылмады. Әйелдің жағдайы жайлы мағлұматты нақты білу үшін белсенділер аурухана басшылығының рұқсатын күтіп отыр.
Айта кетейік, биыл сәуірдің ортасында Қазақстанға өткен Сайрагүлді мамырдың 22-сі кешке 21.00-21.30-дар шамасында шекара қызметкерлері, үйінде отырған жерінен ұстап әкеткен. Себебі жары мен екі баласына асыққан әйел Қазақстан шекарасынан құжатсыз өткен. Ал әйелінің құжатсыз қалай өткенінен жолдасы Уәли Сіләм хабарсыз еді. Алғашында Жаркенттің уақытша тергеу изоляторында отырды. Бір-екі апта бұрын Талдықорған уақытша тергеу изоляторына ауыстырды.