Берік Әшімов деген журналист ағам бар. Шынымен туыспыз, аталарымыз ағайынды кісілер.
Ол сынамайды, дауласпайды, күйіп-піспейді. Бірдеңені дәлелдеген боласың, менікі дұрыс деп ойлайсың, оныкі дұрыс болғанын уақыт көрсетіп жатады. Бұдан 10 шақты жыл бұрын «Назарбаев кетуі керек, мейлі орнына кім келсе, ол келсін, бірақ билік ауысуы керек деп ойлайтынмын. Осыны дәлелдеп бағатынмын. Ол болса «Назарбаев біз үшін ең жақсы саясат жүргізіп келеді, Назарбаев Қазақстанның бағына берген президент» деуден танбайтын. Ең ауыр оқиғалардың өзі оның осы көзқарасын өзгерте алмайтын.
Біртіндеп Беріктің сөздері дұрыс екенін мойындай бастадым. Қазір көп нәрсеге оның сол кездегі көзімен қараймын. Сынамауға, күйгелектенбеуге тырысам. Берік емес, өмір үйретті.
Тұрақты әскері, қару-жарақ соғатын ұстаханалары, мемлекеттік аппараты, заңдары жоқ Қазақ хандығы қалай аман қалып, осының бәрі болған және Қытайды үнемі жеңуіп отырған, тіпті орыс әскерін бір рет талқандаған Жоңғар мемлекеті неге құрып кетті? Ол кезде ешкім қызықпап еді, енді қараса қазақ даласы ең бай жер боп шықты. Шынымен де Құдайдың қарасқаны.
Назарбаев шынымен де көреген басшы. Бір кездері сенбеуші едім, кейін де күмәнданатынмын. Украина көзіме шұқып көрсетті. Назарбаевтікі дұрыс болғанын мойындау үшін енді керек? Донбастың бізге келуі ме? «Путин Ресейді құтқарушы» дейтін. Бәрі өтірік боп шықты. Путиннің түбіне не Қадыров жетеді, не Путин оның көзін жойып құтылады. Бірақ мәселе қалады. Бір кезде абыройын көтерген шешен соғысы еді, ол мәселе шешілмепті. Тұрақтылық орнады деп жүргені «мина замедленнего действия» екен.
Назарбаев та мәңгі емес. Бірақ Путин кетіп, жағдай бір жайлы болғанша аман болсын. Өз басым осыны тілеймін. Бәрі осылай ойласа, табынып кетсе демеймін. Сынағысы келген, боқтағысы келген жұрт сөйте берсін. Ол да керек. Бірақ бүкіл өмірін президентті жамандауға арнаған кісілерге айтарым – кешіріңіз, жай ғана демагогсыздар. Қалайша бүкіл қабілеттеріңізді бір адамды сынауға арнауға болады? Бұл ол кісілердің өмір салтына айналып кеткен. Өзі есеп бермеуі мүмкін, ылғи бір нәрсені сынайтын адам – ештеңеге риза болмайтын, жан-жағына дігірлеп, теледидардан кім сөйлесе сонымен ұрсысып отыратын адам.
Аз уақыт бұрын Назарбаевты мақтайтын мақалалар жазуға, 20 шақты мақала жазуға ұсыныс болған. Ойландым. Иә, қолдаймын. Бірақ бір мақала жазармын, жақсы, тағы біреуін жазайын. Одан соң не айтам? Псевдониммен жаза алмаймын. Сөйтіп, бас тарттым. Бұл «ақша алған ба?» деген мәселеге.
Айтпақшы, осыны жазуға түрткі болған мына сұхбат еді. Аркадий Дубнов деген мықты публицист, Орталық Азия бойынша авторитет маман, оған жеткізген – объективтілігі. «Дождь» - либерал-демократтардың арнасы. Бірақ маман да, журналист те Назарбаевты мойындап, тіпті риза боп отыр. Мысалы, былай дейді.
Назарбаев шынымен де дана саясаткер. Батыс лидерлері қазір Лукашенко мен Путинге қарағанда, Назарбаевты сыйлайды. Бірақ ол бұрын да Батысты беделді болатын. Мұны президент сайлауы емес, референдум деуге болады. Өйткені, Назарбаевтың беделі тым жоғары. Оның бәсекелесу мүмкін емес. Батыс Назарбаевтың қайта сайланғанын қалайды. Өйткені, оған Қазақстаннан керегі – тұрақтылық, тұрақтылық және тұрақтылық.
Қазақстан бүгінде посткеңестікті ұстап тұрған мемлекет. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі даму потенциалы ең күшті мықты мемлекет болып отыр. Ол жастарды Батыста мемлекет ақшасына оқытты, соның арқасында Қазақстанда білімді элита пайда болды. Біздің депутаттар орыс тілі тұрғанда ағылшын тілі не керек деп жатса, Назарбаев ағылшын тілін бірінші сыныптан оқыту кереу дейді. Мұны да Қазақстан билігінің плюс жағы деуге бола ма? Иә. Бұл Ресейдің модерннен архаикаға, ал тарихи тұрғыда азиялық ел Қазақстан архаикадан модернге кетіп бара жатқанын көрсетеді».
Осындай сөздерді естігенде риза боп қаласың. Оның мақтауын келтіреміз деп құр сөз көпіртумен жүргендерді айтам. Ақыры мақтаған соң Дубнов екеуміз сияқты мақтамай ма, иә?