Рахымжан Отарбаевтың "Жас алаш" газетіне берген сұхбатында тілші осы сауалды қойған. Бұл сауалға Р.Отарбаев: "
Ерте ме, кеш пе осы сауалдың алдымнан шығатынын сезіп жүретінмін. Және көп қаламдастарымның көкейін тесіп жүрген нәрсе еді. Шындығы былай. Алдымен айтарым, мен осы айтулы екі тұлғадан өлшеусіз жақсылық көрген адаммын. Тізбелеп кетсем, көпке созылар. Айтматов пен Шахановтың достығын ел біледі. Бішкекте елшілікте жүрген кезіміз. Екі ағам әңгімелесіп отырып: «Осы бірлесіп кітап жазсақ қайтеді?» – десті.
– Екі елдің тарихы мен тағдырын қозғайық, биліктегілердің тағы мен бағын айтайық, арасында өз өміріміздің кейбір белестерін де кірістіріп отырайық...
Сонымен болашақ кітаптың тараулары мен тақырыбы талданды. Мен де өз ойымды қостым. Кейбір деректерді бердім. Сөйтіп, әркім өз үлесін жазатын боп Шықаң Брюссельге аттанды. Мұхаң Бішкекте қалды. Екеуі екі жақта жатып алып жарты жыл жазысты. Қолжазбаларының үзіндісін бір-біріне телефонмен оқысады. Көбіне келісіп, кейде тіпті шекісіп алады.
Шекісетіндері Мұхтар аға жедел, шалт қимылдайды да, Шықаң болса асығар емес. Өзге жұмысы, жазуы бастан асып жатқан шығар. Сосын бірі қазақша, екіншісі орысша жазады. Сәйкессіздіктер де аз емес.
Алты айдан соң жазғандарын бірлесіп талқылады, талдады. Тарау-тарауға біріктірді. Сосын Шыңғыс аға: –Рахымжан бауыр, сен менің жазғандарымды тігісін жатқызып қазақшаға аудар. Қол көмегіңді бер. Кітап алдымен Алматыда қазақша, сосын барып орысша, қырғызша шығады, –деді. Аударып шықтым. Мұхаңның жазғанынан да сол аудармаға лайықтап мұртын бастым. Стильдік жақтан бір-бірінен алшақ кетпесін деп. Бар-жоғы сол! Бұл кітапқа менің сіңірген еңбегім 10-15 пайыз шамасында-ақ шығар. Мен мұны екі тұлғаның алдындағы інілік парызым, олардан көрген шапағатымның өтеуі деп істедім. Басқа бөтен ой болған жоқ.
Кезінде замананың қырына ілініп, ұмыт бола жаздаған Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесін Айтматов іздеп тауып, өзі орысшаға аударып «Новый мир» журналына жариялап, әдебиетіміздің асыл қазынасына қайта қосып еді. Соған жарыла қуанған қазақтың, мен Шыңғыс ағаның 170 беттік орысша жазғанын қазақша сөйлете қойып ем, Желтоқсан оқиғасы зұлматын әлем назарына алып шыққан Шахановтың қолжазбасының мұртын баса қойып ем, мұншама шамданатынын қайдан білейін?!
Менің отарымнан қой өргізгісі кеп тұратын ағаларыма әзірге айтарым осы. Сол ағалардан бір атақты жазушымыздың төрт-бес тарихи романы қалайша бір-біріне жұғыспас төрт-бес стильде жазылғанын біздің де сұрайтын уақытымыз жетер бәлкім?!" деп жауап берді.
Пікір қалдыру