М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акедемиялық драма театры осымен жиырмасыншы мәрте өткізіліп отырған фестиваль «театр көктемі - 2015» көрерменге өз шымылдығын ашты. Өнер сүйер қауымға ұсынылған спектакльдер Д. Исабековтың «жүз жылдық жалғыздығы» реж. А. Кәкішова. Ф. Дюмануар мен А. Дэнеридің «Дон Сезар де Базаны», реж. Ә. Рахимов. У. Шекспирдің «Отеллосы», реж. Н. Птушкина. Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі», реж. Й. Вайткус. Т. Уильямстың «Шыны хайуанаты», реж. А. Кабдешова.
Алғашқы болып «Жүз жылдық махаббат» сахнаға шығарылды. Бұл екі бөлімді драманы осыдан бұрын да көргенбіз. Осы жолы байқағаным әрбір рөл, кейіпкерлердің ішкі-сыртқы шын сипаты әртістердің бойына сіңген секілді болып көрінді. Осы М. Әуезов театрының өзінде композитор Ш. Қалдаяқов өміріне арналған, ақын М. Мақатаевтың өміріне арналған қойылымдар бар болатын. Онан өзге Ғ. Мүсірепов театрында, Астана, Талдықорған театрларында М. Мақатаев туралы қойылымдардың қазір де жүріп жатқанын жақсы білеміз. Сол секілді бүгінгі спектаклде қазақтың үлкен ақыны, Алаш ардақтысы, ұлттың айбары мен ақылы, махаббат жыршысы Мағжан Жұмабаевқа арналды. Ойдан жасалып ортаға алып шыққан кейіпкерлерденкөрі тарихи тұлға өнер адамы туралы шығарма жазу да, қою да жеңіл жұмыс емес. Сыры терең сыншысы көп мұндай еңбекке өзіне сенген адам ғана барса керек. «Нағыз ұлттың, әлеуметтің, халықтың сөзін сөйлеген» (М. Әуезов) ақынның тағдыры аса күрделі шым-шытырық оқиғаларға толы. Жеке басы, қоғамдық өмірі, қызмет жолы, өнердегі өктем үні жәй адамдардың бірде-біріне ұқсамайтын күрделі қайшылықтарға толы Мағжан тағдыры өте тартысты. Қойылым Мағжан рухын ардақты, өлеңдерін өмірін сақтап соңғы ұрпаққа солдырмай жеткізген ақынның аяулы жары Зылиханың (Дәрия Жүсіп) естелігі арқылы өрбиді. Зылиханың рөлін ойнауды мақсат еткен жас актриса Мадина (Ләззат Қалдыбекова) кәдімгі Зылиханы іздеп келеді. Әңгіме екеуінің кездесуі, танысуынан басталады. Бірінші бөлім диалогтар мен кейіпкерлердің жүріс-тұрысы арқылы біртіндеп дамиды. Аздап зеріктіретін, ішпыстыратын барысты бастан өткізіп, сабыр сақтап соңын күтуге тура келеді... Бұлай болмағанда екінші бөлімде болатын шиеленістер мен шарықтауларды қабылдай алмас едік. Дей тұрғанымен екеу ара әңгімені тым қарабайыр етіп жібермей мазмұнды, юморлы етіп көпшілікті Мағжанға жақындата түседі. Ол сөзсіз Дәрия мен Ләззаттың еңбегі екені анық. Зылиха рөлін сомдап шыққан Дәрия Жүсіп өзінің жасынан әлде-қайда үлкен ақынның жесірін өте нанымды әрі өзгеше тебіреністі етіп көрсете білді. Кезіндегі хас сүлудың шалт қимылдарын, зиялы әйелдің жүрісі, қимыл-қозғалысы мен сөздерін, қартайған шағындағы қалжыраған бейнесін қапы жібермеген. Ал оның қасындағы Мәдина да жас Зылиханы жандырып жіберді. Сүлу қыздың күлкілі әлі күйдіргі сөздері кім-кімді де бейтарап қалдырған жоқ. Әсіресе екінші бөлімде Мағжанның (Алмас Чаяхметов) қасындағы жас Зылиханы ойнағанда тіпті құлпырта түседі. Сергек сезімтал, батылда тәуекелшіл еркіндіктің аспанында алып ұшқан аруды айнытпай алып шығады.
Екінші бөлімде оқиға тығыз, көріністер көп ауысады. Әрине бірінші бөлімде әбден даярланып, тықыршып, асығып «енді не болар екен?»-деп, отырған көрерменге көп нәрсе көрсетіледі. Мағжанның Мәскеудегі өмірі, Зылихамен үйленуі, елге аттануы, түтқындалуы, тергелуі... Секіді оқиға тізбектері көз алдыдан өтеді. Біз бұрын Мағжанның өлеңдеріне қарап бөлек бітімді, махаббатқа деген құштарлығы шексіздікке ұмтылған, ұлтқа деген жанашырлығы лапылдап тұрған ақынды елестетсек, нағыз ақын образын қойылымнан шынайы көргендей болдық. Алмвас Чаяхметов аянып қалған жоқ. Айтқан сөздері де, жалын шашқан өлеңдерде, жанып тұрған түр-түсі де көрерменді баурады. Үні де әсерді және сезімдік бояулары да қанық. Соңына таман көрініс беретін түрмедегі Зылиха мен Мағжанның кездесуі көрген адамның сайсүйегін сырқыратад. Қасіретті, азапты сәттер... Он төртінші рет іздеп барған Зылиханың жарға деген адалдығы мен өнерге деген құрметі өзегіңе у құйғандай кеңсірігіңді ашытады. Қойылымда ашып айтпаса да, Сталиндік рефрессияның отына май құйып, шаш ал десе бас алатын қазақтардың сұлбасы елестейді. Қаны бір бола тұра күндестіктің, көре алмаушылықтың дертінен қару кезеп домалақ арыздар айдап қастандыққа дейін барған Кәжендердің кім екендігінде білгендейміз. «Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» бабалардың дәстүрінен айнып шен щекпенге сатылған майдансыз зиялылардың да бейнесі қылаң береді.
Режиссер Алма Кәкішеваның кәдімгідей еңбектенгенін байқадық. «Мағжанның пайғамбар екенін дәлелдеуге тырыстым» деген сөзін «мықты ақын екенін, ұлт батыры екенін, поэзияның дүлдүлі екенін дәлелдеуге тырыстым» деп түсіндік. Әйтпесе соңғы пайғамбарымыз Мұхаммет (с.ғ.с.) екенін, және он бес ғасыр бойы өзге пайғамбар болмағанын, бұдан былай да ақыр заманға дейін пайғамбар келмейтінін Құран арқылы білетін шығар деп топшыладық. Режиссер анайы, дөрекі көріністерге әуес болмапты. Мағжан мен Зылиханың кездесу сәтін би арқылы білдіреді де өте шығады, осылайша залға жағымсыз әсер туғызбайды. Тағы бір кейіпкер надзиратель (Қайрат Нәбиолла) бастан ақыр жағаласып көрініп отырады. Мен оны «қара көлеңке» деп атадым. Өзі де қара киімді, қара шляфалы, қарғыс таңбасы секілді жүрісі бейсауат, түр түсі құпия сипатымен спектаклге қара бояу болып сіңген. Осы қасіретнамадағы Алаштың рухына қағылған шегедей болып қадалып қалған қара мұрт немесе қара құрт.
Осы спектакльде көңілімге симағаны: анау бір Мағжан жастармен кездескен кештегі оқылған өлең, айтылған әннің арасында шабыттанып шарықтап кеткен ақын үстелге қарғып шығып, дастарқанды басып даурыға өлең оқиды (режиссердің не ойлағанын өзі біледі). Осы сәт ақылыма қонбады. Мың жерден арқасы бар ақын десең де діни медреселік білімі бар, салтты жақсы түсінетін қазақтың баласы дастарханды аттап кетерме?!
Даулетбек Байтұрсынұлы, ақын, ҚЖО-ның мүшесі
Пікір қалдыру