Алматының қақ ортасында атыс болды. Көлігін автотұраққа қойған жүргізуші 50 теңге төлегісі келмей, ақы сұраған қызметкерді травматикалық тапаншамен атқан деп хабарлайды КТК.
http://www.youtube.com/watch?v=_V4XAE7Ga6E Салдарынан 20 жасар жігіт аяғынан жараланып, ауруханаға түсті. Қазір полиция бұл оқиғаға қатысты тергеу ісін бастап кетті. Автотұрақ қызметкерін атып салғаннан кейін жұрт оның тапаншасын тартып алмақ болған. Алайда "мен ешкімнен қорықпаймын" деп қиғылық салған жігіт аяғында қаша жөнелді. Сол күйі сауда үйінің ішіне кіріп, онда да бірнеше рет оқ атқан. "Осы жерде джиппен кеп сырттан атқан ғой. Осы жерде ұстадық. Сонда да атып, ЦУМ-ның ішіне кіріп кетті. Тапаншасын алмақшы болдық. Жас баланы 50 теңгеге бола атып тастады. Өзі әзер жүрген балалар", - дейді Ерлан есімді куәгерлердің бірі. Осы оқиғадан соң полиция басбұзарды ізін суытпай қолға түсірген. Күдікті Қаскелең қаласының 28 жастағы тұрғыны екен. "Сол жақта тұрақты қызметші болып жұмыс істейтін азаматқа оқ жаудырған. Нәтижесінде ол жәбірленуші аяғынан оқ жарақатын алды. Қылмыстық іс қозғалып, сезіктіге заңмен көзделген тиісті шаралар қабылданды. Дәлірек айтсақ, оған айып тағылды", - дейді Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. Қазір жараланған жігіттің денсаулығы оңалып, ауруханадан шығып та үлгерді. Ал тапа-тал түсте қалың жұртқа қару кезенген жігіттің жағдайы қиын болайын деп тұр. Ол кінәлі деп табылса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Пікір қалдыру