Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында заман көшінен қалмау қажеттігін айтқаны мәлім. Осы орайда Орал қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы – Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін сандық технологияға сай арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Әсіресе, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесінде смарт технологияларды жиі тұтынады.
Айта кетсек, институт басшылығы Орал қаласындағы 40-тан астам білім беру ұйымдарының өкілдерімен меморандумға қол қойып, оқу орындарындағы білім берушілердің үздік бейнедәрістерін интернетте қолжетімді контент ретінде орналастыру мақсатында еңбектенуде. Ұлттық орталықтың бес жылдығына байланысты «SMART-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» атты республикалық байқаудың барлық кезеңінде қатысушылар саны жөніне батысқазақстандық педагогтар алдыңғы қатарда болған еді. Институт жүргізетін курстар бағдарламасында қашықтан оқытудың тиімділігі жөнінде айтып, жаңа технологияларды қолдану жайын қамтиды. Филиалда 100-ге тарта қызметкер бар. Оның 75 пайыздайы – оқытушы-тренерлер. Жылына 3 мыңнан астам мұғалім жаңа білім беру стандартына сай оқиды. Одан тыс ақылы курстар да бар. Оқыту технологиясын ұдайы жетілдіріп, курстар мазмұнына өзгерістер енгізілуде. Республика бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ға қарасты 17 институт ішінде деңгейлік курстарды оқыту жөнінен біліктілік арттыру емтиханын тапсырғанда, батысқазақастандық мамандар алдыңғы қатарлы көрсеткішке қол жеткізуде.
Сондай-ақ соңғы жылдары институт ұжымы цифрлық технологияларға негізделген «Сабақ жоспары», «Математика оқулығы», «Қашықтық курстары», «Бірге оқимыз» атты инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның сөзінше, «Математика оқулығы» жобасы бойынша 1940-2015 жылдары елімізде басылған барлық математика оқулығы жинақталып, сандық (цифрлық) форматқа көшіріледі. Оқулықтардың электронды нұсқалары арқылы бұрынғы және қазіргі білім беру жүйесіндегі артықшылықтарды салыстырып, сабақтастыруға мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта 130 математика оқулығы институт сайтына жүктелген. Жоба нәтижесі кейін ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынылады. Институт кітапханашылары И. Бадақова және А. Нұрланбаеваның бастамаларымен «Бірге оқиық!» жобасы аясында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын ұжымдық оқу, талдау және қоғамға насихаттау қолға алынған.
Пікір қалдыру