Орыс тілді жазғыштардың көбейгені сияқты қытайша жазатын жастар көбеюде

/uploads/thumbnail/20180724122433171_small.png

Қытайдағы қазақтардың әдебиеті әр дәуірде түрліше жолдармен қытай тіліне аударылып, хан ұлты әдебиетшілерінің де назарына ілікті. Біз қолда бар материалдар негізінде соның бірнеше мысалын көрсетеміз.

Шынжаң қазақ қаламгерлері арасында өзіндік орны, қолтаңбасы бар қаламгердің бірі Қаусылхан Қозыбаев болып еді. Оның 1957 жылы жарияланған «Алғашқы адымда», 1960 жылы жарияланған «Сіләмнің құрдасы», 1963 жылы жарық көрген «Көктем күндері», 1973 жылы шыққан «Рас па, әке», «Он жылдықтың озаты», «Жаңа жайлау», «Қаражанның есебі» әңгімелері ілгерінді-кейінді қытай тіліне аударылып, жеке кітап болып та шыққан. Өз кезінің дүмпуін қозғаған «Алғашқы адымда да» жазушы ұжымдастыру кезеңіндегі кейіпкерлер қақтығыс-қайшылықтары арқылы шындық өмірдің көркем суретін жасады. Әңгімедегі Асқар, Құдияр, Жапалақ, Мариялар бір-біріне мүлде ұқсамайтын даралық бейнесімен ерекшеленді. Тек қытай тіліне ғана емес, ағылшын, орыс тілдеріне де аударылды. Қытайдың әйгілі әдебиет сыншылары Чын Байжүн, Жияң Иуелер бұл шығарманы қазақ ұлтының ғана емес, шағын ұлттар әдебиетіндегі жетістік ретінде бағалады. Шығармаға аз ұлттар әдебиеті ішінен ҚХР мемлекеттік 1- дәрежелі сыйлығы берілді.

Осы кезеңдегі көзге түскен жазуышың бірі Рахметолла Әпшеұлы болып, оның «Шырға» әңгімесі, «Құпия құдалық» атты драмалық шығармасы, «Әпкешті келіншек» очерігі сынды шығармалары қытай тіліне аударылды. Өзге тіл оқырмандары арасында да жақсы бағаға ие болды.

Шынжаңдағы жазба әдебиет қалыптасқан алғашқы кезеңде Қ.Қозыбаев, Р.Әпшеұлы есімдерімен бірге қысқа әңгіме жазудың шебері ретінде Күнгей Мұқажанұлы да көзге түсті. Аталған жазушылар сол кездегі шетел әдебиетінің озық үлгілерін оқып, үйреніп, өз қаламдарынан туған көркем дүниесін классиктер шыққан биікке жеткізуді мұрат тұтты.

Күнгей Мұқажанұлының «Тайталас» повесі қытай тіліне аударылып, 1981 жылғы ҚХР мемлекеттік аз ұлттар әдебиет жасампаздығы жүлдесінің 2-дәрежелі сыйлығын жеңіп алған.

Жазушылық қарымы жағынан Шынжаң қазақ әдебиетінің проза жанрында ерекше көзге түскен Жұмабай Біләлұлы, Оразхан Ахметов, Жақсылық Сәмитұлы шығармалары да әр мезгілде қытай тіліне аударылып, өзге ұлт қаламгерлерінің оң бағасына ие болып келді.

Біз Жүмабай Біләлұлы шығармашылығына берілген қытай ұлты әдебиетшілерінің бағасына қарай отырып, Шынжаң қазақ әдебиетінің қытай әдебиетінің назарына қалай іліккеніне онан ары көз жеткіземіз.

Ж.Біләлұлы   ауыз әдебиетіне мейлінше қанығып, Абай, Мұхтар әлеміне зейін қойып, әлемдік әдебиетке қол созған қаламгер. Соның ішінде ол өзіне жақын ұстаз тұтқан О.Бальзак, А.С.Пушкин, Лев.Толстой, М.Шолохов, т.б.лардың шығармасынан да нәр алды.

Оның қаламынан туған «Сүрі қар», «Үш қиық», т.б. әңгімелері, «Ата дәулеті» әңгімелер жинағы ілгерінді-кейінді қытай тіліне аударылды. Таңдамалы әңгіме-повестер жинағы «Өлместің күнін бер» деген атпен қытай тілінде жарияланды.

1994 жылы Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы жағынан жарияланған «Жұңго қаламгерлерінің бағдарламасы» (56-бет) атты кітапта: «Жұмабай қазақ прозасының дәстүрлі тұлғасын бұза отырып, реализим мен модернизимді тоғыстыра келе өтімді бір формаға құрылған тіл арқылы өз ұлтының жан дүниесін жарқ еткізе білді» деген баға берілген.

Қытайдың мемлекеттік Лу Шұн әдебиет сыйлығының иегері, жас талант ақын, әдебиетші Чын Уый – Жұмабай шығармашылығына аялдаған «Бүркеулі ойдың астары» («Шынжаң газеті» 1993 жыл мамыр) атты мақала жазып, жазушыға өте жоғары баға берген. Ол: «... тұнып жатқан, бірақ кез-келген уақытта бұрқ ете түсуі мүмкін болған бір күш жасырынған Жұмабай шығармалары өңірлік шеңберден асып төгіліп жалпылыққа қарай, даралықтың шеңберінен ары көркемдікке қарай, ұлтжандылықтың шеңберін бұзып шығып, әлемдік биікке қарай, жалпы әлем елдерінің тағдырына шынайы назар аудару жолымен, үздік жазушылар қатарына бірте-бірте қадам тастауда» деп жазады.

Қытай әдебиет сыншысы Чың Байжүн: «көп мағыналы, образды ұғымдар сіңірілген автордың өмір байқауындағы тамаша эстетикалық тәсілімен айшықтап жазған әңгімелерін заманымыздағы әңгімелердің шоқтықтыларымен қатар қоюға болады» дейді.

Дәстүрлі прозаны жаңа ағымдармен қабыстырған қалам қуаты жағынан Ж.Біләлұлы өз тізгінін толығынан меңгерген қаламгер ретінде танылды. Шығармалары қытай елінің  ішіндегі әдебиетші қауымның назарына ғана ілігіп қалмай, Жапон тіліне аударылып, шетел әдебиетіне де жол салды.

Шынжаң қазақ прозасында Батырхан Құсбегин, Шәйсұлтан Қызырұлы шығармалары да өзге ұлт тіліне аударылып, әдебиеттегі өз орнын еншіледі. Ш.Қызырұлының «Дабыл» романы ШҰАР бойынша «осы заман әдебиетіндегі таңдаулы шығарма» болып бағаланған. «Нәпсі» секілді бес әңгімесі қытай тіліне, романдары ұйғыр тіліне аударылған.  

Кейінгі буын өкілі саналатын жазушы Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр» романы 1990 жылы ҚХР мемлекеттік 4-кезекті аз ұлт тіліндегі шығармаларды бағалауда «Үздік роман» сыйлығын алған. Оның «Жусанды дала»  повесі қытай тілінде жарық көріп, 1987 жылы ШҰАР бойынша 2-кезекті балалар әдебиетін бағалауда 1-дәрежелі жүлде алған. Әрі осы шығармасы негізінде жасалған телефилим ҚХР батыс-терістік бес өлкесі бойынша 3-дәрежелі марапатқа ие болыпты. «Туған жерде» атты әңгімесі 1992 жылы ШҰАР бойынша 1-дәрежелі сыйлық алған. Ш.Құмарұлы 1991 жылы ҚХР мемлекеттік «Жуаң Жұңуын әдеби сыйлығына» ие болған.

Қытай әдебиетшісі Уаң Жұңмиң Шәміс хақында: «Шәміс Құмар осы осызаманғы Жұңго қазағының әйгілі жазушысы. Оның шығармалары өлкеміздің іші-сыртына ғана емес, еліміз бойынша кеңінен танымал» деген баға береді.

Қытай қазақтарынан шыққан тек қана қытай тілінде шығармалар жазып, аты шыққан көрнекті қаламгердің бірі – Әкпар Мәжитұлы.

Ә.Мәжитұлының 1979 жылы жарияланған тырнақ алды туындысы «Нұрман қарт және оның тазысы» атты әңгімесі ҚХР мемлекеттік тұңғыш реткі әңгімелер байқауында «үздік шығарма» сыйлығына ие болса, «Қайран он бес жастағы Халида-ай» атты әңгімесі ҚХР мемлекеттік 2-реткі аз ұлт әдеби шығармаларын бағалауда бірінші дәрежелі жүлде, «Ханымның сандығына сақталған тізімдік» атты әңгімелер жинағы ҚХР мемлекеттік 3-реткі әдеби шығармалар байқауында «Жасампаздық сыйлығын» алды.

Жазушының «Опық», «Сал», «Тұрғы – нысана», «Машина шырғалаңы» секілді бір топ шығармасы тек қана қытай тілінде жарық көріп қалмастан, ұйғыр, корей, жапон, неміс, булгар тілдеріне де аударылған. Оның қаламынан туған көркем шығармалар қытайдың әйгілі жазушысы Уаң Мыңның және әдебиет сыншылары Жоу Чыңтау, Чын Байжұңдардың оң бағасын алған.

Бұдан басқа Әуелхан Қалиұлы, Шаймұрат Қамзаұлы, т.б. алдыңғы буын өкілдері мен олардың ізін жалғаған жас және жасамыс қаламгерлерден – Құмарбек Жуанғанұлы, Жеңіс Ырысханұлы, Тұрсынбек Байжұма секілді жастар да қытай тіліне аударылды.

Шынжаң қазақ әдебиеті – ҚХР мемлекеті бойынша өзіндік орнын алып, көптеген шығармалар қытай тіліне аударылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік шығармалар байқауына қатысқан көркем шығармалар әр жылдары түрліше жүлделерге ие болып отырды. Қытай мемлекеттік сыйлығын алған ақын-жазушылардан: Құрманəлі Оспан, Шəкен Оңалбай, Мағаз Раздан, Омарғазы Айтан, Қажығұмар Шабданұлы, Оразхан Ахмет, Жақсылық Сəмит, Жұмабай Білəл, Шəміс Құмар, Бердібек Құржықай, Тұрсынəлі Ырыскелді, Жұмəділ Маман, Серік Қапшықбай, Күнгей Мұқажан, Ғалым Қанапия, Əкпар Мəжит сынды қаламгерлер болды.

Мемлекеттік аударма сыйлығын алғандардан: Қайша Тəбаракқызы, Еркеш Құрманбекқызы бар.

Демек, миллиард халықтың арасында отырып-ақ, өз ана тілінде шығармалар жазған ақын-жазушылар, көркем аударма арқылы күллі қытай әдебиетіне де аз да болса өз ықпалын көрсетті. Аталған жазушылардың және олармен замандас аудармашылардан – Мұқаш Жәкеұлы, Дубек Шалғынбаев секілді аға аудармашылар бастап берген жолды Нариман Жабағытайұлы, Меллатхат Әленұлы, Әбдібек Байболатов, Ғлажден Оспан, Әріп Зұрғанбекұлы, Әбділдабек Ақыштайұлы, Қалихан Қалияқбарұлы, Әзімхан Тішанұлы, Әбдікерім, Қазымбек Арабин, Шамас Әубәкір, Найманғазы Сапанұлы, Ақия Раданұлы, Әлімжан Қатбаев, Кәкеш Қайыржан, Әбдіманап Әбеуұлы, Қайша Тәбаракқызы, Еркеш Құрманбекқызы секілді белді аудармашылар жалғады. Кейінгі жастардан – Қадила Нұрғали, Мұрат Ыбырай, Шәкен Бөкетай, Жайырбек Мұхаметхан, Дәулетжан Патих, Қажыбек Айдарханұлы сынды қаламгерлер аудармаға ден қойды. Аталған аудармашылар қытай классикалық туындыларын қазаққа танытып қана қалмастан, қазақ қаламгерлерін қытай тіліне тәржімалады.

Сібе ұлтынан шыққан аудар­машы Қабай Абай шығармалары мен «Абай», «Абай жолы» романдарын, Қайша Табаракқызы Мұқағалиды және «Абай жолын» қытайшалады. Жоғарыда аты аталған аудармашылар арқылы Жамбыл Жабаев, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Дүкенбай Досжан, Қалдарбек Найманбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ақтанов, Оралхан Бөкей, Немат Келімбетов, Дидахмет Әшімхан, т.б. ақын-жазушылар шығармасы азды-көпті қытай тіліне аударылды.

Тек қана Абай және Абай шығармашылығы төңірегінде ілгерінді-кейінді болып, қытай тілінде ондай кітап жарық көрді. Абай есімі «Қытайдың ірі сөздігі» секілді энциколпедиялық томдарға кірді. Бейжің қаласының Чауиаң саябағынан Абай ескерткіші бой көтерді. Бірнеше мәрте Абай оқулары ұйымдастырылды.

Абай және Қазақстандық қаламгерлердің қытай тіліне аударылған шығармаларымен бірге Шынжаңдық қаламгерлердің еңбектері қытай елі үшін қазақ әдебиеттену ғалымын қалыптастырды. Әдебиет пен мәдениет алмасуға қатысты бұл үрдіс бұрынғы жылдар баяу қарқынмен жүрген болса, еліміз тәуелсіздінен кейін терезесі тең көршілік қарым-қатынастар аясында тіпті де тереңдей түсті.

Заман ауқымына ілесіп, баяғы кеңестік кезеңдегі орыс тілді жазғыштардың көбейгені сияқты қазіргі кезде қытайда қытайша жазатын жастар өсіп келеді.

Солардың өкілі ретінде Айдос Амантайұлы есімді жас жазушыны атауға болады. Оның атасы Сағат Жайпақұлы, әжесі Тұрсын Жолымбетқызы, баспагер әрі журналист-жазушы болған кісілер. Былай қарағанда Айдосқа ата жолындағы бір буын – таза қазақ тілді әдебиеттің өкілдері болып еді. Әкесінің қарындасы – Жанар Сағатқызы әйгілі кино жұлдызы. Мұның бәрін тізбектеп отырған себебіміз оқырманның замана өзгерісі, ұрпақ жаңалығы, әдебиеттегі буындар жайындағы әліппелік сауатын тереңдету болып табылады. Осы бір отбасыдан-ақ, Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің кейінгі мұрагерлерінің бағыт-беталысын, болашағын анық байқаймыз деген сөз.    

Айдос қытай тілінде «Айдос-Шолпан» атты роман жазған екен. Алғашқы оқырманы болған қытай қаламгерлерінің де оң бағасын алыпты.

БАҚ-қа берген сұхбатында арғы беттегі Еркебұлан Мүтәнұлы атты жас жазушы да тұщымды ой-көзқарасын ортаға салып, өзін жаңа әдебиеттің өкілі ретінде атапты.

Қытайдағы қытай тілді қазақ әдебиетшілерінің бір ерекшелігі – олар шетелдің озық әдебиет үлгілерін қытай аудармасы арқылы күнбе-күн оқи алады. Қытай жазушыларына да қолы оңай жетеді. Қытайлық әдебиеттегі әлем әдебиетін аудару үрдісінің уақыт күттірмей іске асуы оқырмандарына оң ұпай сыйлайды. Сөйтіп, біз ауызға алған жастар және олардың замандастары біздің қолымыз жете бермейтін әдебиеттерді аударып-төңкеріп отырады. Сондықтан да олардың өзін танытудағы, ұлтты танытудағы еңбегі зор. Алдағы жерде күтетін үміттерімізде көп.

Қорыта келгенде, тұтас ұлт әдебиетінің атасы да, ботасы да өзінің отын үрлеп, ошағын маздатып ортақ әдебиетіне, халқына қызмет етеді. Оның өзге елге жетуіне де алтын көпір бола алады. Әлемдік әдебиеттік, мәдениеттік алмасулар адамзат өркениетінің ілгерлетуші күштері санатына жатады. Олай болса қазақ әдебиетінің миллиард халықтың оқырманына жетіп, өзінің өсіп-өркендеу жолын танытуы, ақын-жазушыларының есімін өзгенің тақтасына алтын әріппен жазуы бәрі де ұлттың рухани жемісі мен жетістігі саналады. Ұлтқа қызмет етудің көп түрлі жолының бірі әдебиеттің осындай жалпы халықтық түс алуынан көрінеді.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Жазушы

Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар