Жуырда Астанада бір үлкен конференция болып, соның жұмысына Алматыдан бір топ ғалымдар қатысты. Шараға қатысқандардың 99,9 пайызы қазақтар. Аз ба, көп пе бәрі де ана тілін біледі. Алайда Алматыдан келген ғалымдарымыздың бәрі, соның ішінде Уәлихан Қалижан бастап, сөздерін бір-екі ауыз сөзбен қазақша бастап, баяндамаларын түп-түгел орысша оқып берді. Одан кейін сөз алған академик Әбдімәлік Нысанбаев тіпті «қатырды». Ол өзінің сөзін қазақша бастауға да жарамай, сыпыра орысша сөйлеп шықты. Тек сөзінің соңында «ал енді рұқсат етсеңіздер бір-екі ауыз сөзді қазақша айтайын» деп бір ауыз бірдеңе айтты. Қайран, басқа сіңіп қалған жалтақтық-ай десеңізші, соның өзін басқалар түсінбей қалды ма деп аударғысы келіп, сипақтап тұрды. Міне, алматылық ағайындардың, ата сақалы аузына түскен ақсақалдарымыз дегендердің үлгісі осындай. Олар мемлекеттің астанасына келіп, Мемлекеттік тілде сөйлеуге рұқсат сұрайды екен... Осындай «ақсақалдарымыз» болған соң да Қазақ тілі қарыштай алар ма? Кінә жастарда емес, бастарына құлдық сана сіңіріліп қалған осындай шал-шауқандарымызда екенін ұмытпайықшы. Жалпы, Алматы Тәуелсіздіктің тұғырын бекітуде жалтақтыққа ұрынып, артта қалған. Оны басқа мысалдардан да көріп жүрміз. Әлде, республиканың астанасы болып, барлық шовинистерден күшігінен таланғандықтың кесірі ме екен? Керісінше, Астанада тәуелсіздік рухы бар. Бірде Сергей Громов бастаған «нұротандықтар» Халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) бір сабап алмақшы болып, жиналыс өткізіп жатты. Сонда бір ХҚКО-ның басшысы Громовтың өзіне қадалып тұрып, жағдайды тек қазақша сақылдатып айтып берді. Жаңа ғана жалын күдірейтіп отырған анау көзін жыпылықтатып, аузын да аша алмай отырғанды білді. Ал мына жігіт «түсінбесең – ол сенің проблемаң» дегендей барлық сөзін қазақша айтып бітірді де, «ал егер сұрақ болмаса мен аяқтадым» деп қасқиып барып орнына отырды. Бір адам («нұротандықтардың» көбі орыс тілдес болса керек) неге мемлекеттік тілде сөйлейсің деп аузын ашып қарсылық білдіре алмады, не бізге орысша айт дей алмады. Міне, Мемлекеттік тілдің құдіретін білмейтіндердің алдында осылай қолдану керек қой, сонда оны түсінуге тырысатындар көбейер еді... Ал ана жігітке жұмысыңда кемістік бар екен деп те ешкім аузын аша алмай қалды...
Тарғын Асанов, ФҒК, доцент.
Пікір қалдыру