Тәуелсіздік алғалы бері алыс-жақын шет елдерден миллионға жуық қандасымыз тарихи отаны Қазақстанға көшіп келді. Жылап көрістік, қуандық, төрімізден орын бердік. Алайда, одан кейін «оралман» деген жағымсыз образ қалыптасты. Олар туралы айтса болды, артта қалып қойған халық елестейтін жағдайға жетті. Шынында да солай ма? Мүмкін бірді-екілі кісі солай болған шығар? Бірақ, бес саусақ бірдей емес қой. Қандастардың Қазақстанға келуі елімізде қосымша жұмысшы күшін еселеп, білікті, кәсіби деңгейі жоғары мамандардың қатарын арттырғанын мойындауымыз керек.
Бұл циклді жазбада қандастарымыздың әр саладағы жетістіктеріне жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдім.

Амантай Қабденұлы. Ол 1981 жылы Қытайдың Үрімжі ауданы, Тяншан ауылында дүниеге келген. Атажұртқа 2009 жылы табан тіреді. Кино саласының білікті маманы, дыбыс режиссері, өнертапқыш. Әлем киногерлері шеше алмаған проблеманы шешкен. Сөйтіп, Қытайда СЕНСАЦИЯ жасаған. Осы жаңалығы үшін Амантай бауырымызға Шыңжаңнан көлемі 180 м2 болатын "пентхаус" деп аталатын үй сыйға берілген. (Пентхаус - көп қабатты тұрғын үйдің жоғарғы екі қабаты). Қысқасы, барлық жағдайы жасалған. Бірақ, ол осы тәжірибесін, білімін қазақ елінің өркендеуіне жұмсаймын деп келген.

Бала кезінде Амантайға әкесі қазақтың жыр-термелері жазылған таспа (аудиокасета) әкеліп береді. Тыңдайды. Тебіренеді. Бұған дейін таспадан қытайдың ғана дауысын тыңдап жүрген ол «бұған қазақтың да дауысы жазылады екен ғой» деп таң қалады. Бір жағынан балалығы шығар. Осы қызығушылығы Амантайдың мектеп бітірген соң дыбыс режиссері мамандығына оқуға түсуіне себеп болады. Шыңжаңда білім алып жүріп, Қытайдың әйгілі ССТV телеарнасында жұмысқа кіреді. Ол жерде миллион режиссердің арасынан суырылып шығып, жұмысқа қабылдану да оңай емес. 7-8 жыл сонда жүріп 3000-ға жуық фильмнің дубляжын жасайды. Дыбыс жазудың қыр-сырын әбден меңгереді. Амантай мұнымен тоқтап қалмай, одан әрі кәсіби деңгейін көтеруді ойлайды. Кейін Шыңжаңдағы киностудиялармен байланысып, Ерлан Сәбиханұлы деген азаматтың қолдауымен киноның дыбысына режиссерлік етуге бел буады.



Онда Амантай Қытайдың 20 шақты киносына дыбыс режиссері болады. Ауылда өскен қаршадай ғана қазақ баласының кәсіби өсуі, «ӨНЕРТАПҚЫШ» ретінде танылып, жаңалық ашуы да осы кездер еді. «Әдеттегідей киноның дыбысына режиссерлік етіп жүргенде кейбір қиындықтарға кезіктім. Сосын оның шешу жолдарын іздедім, таптым, Аллаға шүкір. Бұл қытай телеарналары жаңалықтарда жарыса айтқан СЕНСАЦИЯ болды» деп еске алады қандасымыз.

Қандасымыз тап болған қиындық бұған дейін әлем киногерлері шеше алмай келе жатқан проблема болатын. Мұны осы саланың мамандары жақсы түсінеді. «Түсірілім кезінде дыбыс режиссері бумды, микрофонды ұстап тұрады. Бірақ, дыбысты тыңдай алмайды. Алайда, дыбысты тыңдау камераға түсіріп тұрған оператордың да жұмысы емес. Оның жанына барып құлаққапты кисең, операторға кедергі келтіресің. Сосын осыны шешудің жолын іздедім» дейді Амантай. Осы ізденістің соңы қандасымыздың өнертапқыш ретінде танылуына әкеледі.

Сондағы Амантайдың ойлап тапқаны - осы өте қарапайым ғана дыбыс жазу құралы. Бұрыннан қолданылып жүрген кабельдің бойына құлаққапты (наушник) орнатқан. Сөйтіп, түсірілім кезінде өзі ұстап тұрған бумнан (микрофон) дыбысты оператордың көмегінсіз жеке өзі тыңдай алады. Бұл құралға Хабар арнасының Еділ Ермекбаев сынды тәжірибелі мамандары жоғары баға берді. Ал, ұлттық арнаның қоюшы режиссері Серік Ыбырайым мен жеке продюсер Сәбит Әбдіхалықов фильм түсіру барысында осы құралдың игілігін көрген. Қысқасы, Амантайдың жаңалығы отандық кино өндірісіне жаңа леп әкелді. Бауырымыздың ендігі арманы осы құралды патенттеп, Қазақстанда өндіру.
Амантай Қабденұлы туралы толық ақпаратты "Асыл арна" телеарнасының "Алыстан келген ағайын" хабарынан біле аласыздар.