Бүгін Республикалық медиация күні. Осыған орай Алматыда Достық үйінде «Республикалық ашық есік күні» өтті.
Медиаторлар - дауласушы тараптарға жанжалды бейбіт жолмен шешуге көмектесетін бітімгер.
Осы орайда қалалық ҚХА хатшылығы да қоғамдық мәселелерде ара ағайындық танытудан тыс қалған емес.
«Қорғаушы, судья, прокурор атауларымен қатар медиатор деген термин бар. Алматының өзінде 500-ден астам медиатор қызмет атқарады. Олар биылдың өзінде істің 45 %-ын сотқа жеткізбей шешкен. Соттың шаруасы онсыз да шаш етектен. Ал ұсақ дауларды медиаторлар құзырына қалдырған дұрыс. Ең алғаш медиация кабинеті Алматы да ашылған болатын. Медиатор судья емес, ол ешкімге бағынбайтын бейтарап тұлға»,-деді ҚХА төрағасының орынбасары Қазбек Мамсуров.
Оның сөзінше, ҚР «Медитация туралы» Заңы қабылданған кезден бастап азаматтар арасындағы шиеленістер сотқа дейін шешімін таба бастаған. Үй дауы, мүлікке талас, отбасылық кикілжіңдерде екі тарапты татуластыруда бүгінгінің би-шешендері саналатын модераторлардың рөлі зор.
Айта кету керек, «Медиация туралы» ҚР Заңы 2011 жылы 5 тамызда күшіне енген болатын.
Іс-шараға Республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, Алматы қалалық және аудандық соттарының, кәсіподақ өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, қалалық прокуратура органдарының қызметкерлері, медиация орталықтарының, ҚХА құрылымдарының өкілдері қатысты.