Ақтөбеде кәсіп бастаушыларға жер берілуде

/uploads/thumbnail/20180906180141718_small.jpg

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен ынталандыру бүгінгі күні мемлекетіміздің алдындағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл тұрғыдағы негізгі мақсат – шағын кәсіпкерліктің әлеуметтік экономикалық қызметін тиімді атқаруына мүмкіндіктер жасап, өмір сүру мерзімінің неғұрлым ұзаруына ықпал ету болып табылады. Осы орайда Ақтөбеде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында көше саудасын дамыту бойынша әлеуметтік жоба іске асырылуда. Аталмыш жоба аясында қаланың әр бөлігінен кәсіпкерлерге 250 жер телімі беріледі. Бұл туралы өңірлік комуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында қала әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаев мәлімдеді.

Ақтөбеде көше саудасын дамыту жобасы 2018-2020 жылдар аралығын қамтиды. Осы кезеңдерде қалада 250 шағын сауда павильондарын құру жоспарланған. Жобаның ерекшелігі, павильондарда жергілікті өндірушілер делдалсыз өз өнімдерін тікелей сатуға мүмкіндік алады. Ал қала тұрғындары ауыл шаруашылық өнімдері мен бұйымдарын арзан бағада сатып ала алады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін де, кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер үшін де мол мүмкіндік.

— Бүгінге дейін 21 орын табысталды. Қосымша тағы 32 орын комиссияда қаралып берілді. Қазіргі таңда аталған учаскелердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін тағы 50 жер учаскесін беру жоспарланған. Объектіге берілетін орындар кәсіпкерлердің қажеттілігін, олардың сұраныстарын ескере отырып таңдалады. Сондықтан жер учаскелерін бөлу тек қаланың ішінде ғана емес, қалаға қарасты елді мекендерде де қарастырылған, — дейді Ұшқын Мыңбаев.

Павильондардың әрқайсының аумағы шамамен 15-20 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ олардың сыртқы көрінісі де маңызды рөл атқарады. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, комерциялық нысанның конструкциясы қаланың сәулеттік көрінісіне сәйкес келетін заманауи талаптарға сай болуы керек.

Бүгінгі таңда жер телімдерін алғысы келетін кәсіпкерлерден өтініштер қабылданып жатыр.

— Сауда орындарына арналған жер учаскелері 7 жылға дейін жалға беріледі. Құны да қымбат емес. Кәсіпкер шаршы метрі үшін жылына 13 мың мен 17 мың теңгенің аралығында қаржы төлейді. Егер бір жер теліміне үміткерлер саны 4 адамнан асса, онда аталған учаске аукцион арқылы беріледі. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін серпіліс , — дейді «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма басшысы Азамат Медеубаев.

Қатысты Мақалалар