Конституция күніне орай Ақтөбе облысының Алға ауданында жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 60 пәтерлі жаңа үйдің кілті иелеріне салтанатты жағдайда табысталды. Аталған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.
Аталмыш үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Алға қаласындағы №5 шағын ауданында салынған.
-Елімізде тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Атап айтсақ, «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары арқылы кезекте тұрған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Былтыр облыста 780 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, биыл ең кем дегенде 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл көрсеткішті кеңес үкіметі тұсында берілген үйлермен салыстыратын болсақ, екі есе көп. Өткен жылы осы ауданда 60 пәтерлі үй пайдалануға берілсе, бүгін, тағы 60 отбасы қоныстойын тойлап жатыр. Соңғы 30-40 жылда бұл ауданда жол, үй, мектеп салынбаған. Мұның барлығы мемлекетіміздің, Елбасының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатының арқасында жүзеге асып отыр. Облыс басшылығы атынан барлық тұрғындарды бүгінгі қуанышымен құттықтаймын. Баспаналарыңыз жайлы, құтты болсын! — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Содан соң өңір басшысы 600 орындық Алға мектеп-гимназиясына барды.
-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні елімізде, оның ішінде облыста балаларға сапалы білім беру мақсатында жаңа мектептер салынып жатыр. Биыл өңірімізде 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 15-і биылғы жылы пайдалануға беріледі. Оның ішінде 9 мектеп биылғы жаңа оқу жылында салтанатты түрде ашылады.
Зерттеп қарасақ, соңғы отыз жылда Алға ауданында жаңа мектеп салынбаған. Халықтың санының, балалар санының өсуіне байланысты бүгін, міне, жаңа білім ордасы пайдалануға беріліп отыр. Бұл мектеп-гимназияда жақын орналасқан ауыл, елді мекендердің балалары келіп білім алады. Осы мақсатта білім ордасының жанынан 60 орындық интернат салынды. Облыс басшылығы атынан барлық тұрғындарды бүгінгі жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын! Балаларымыз оқуда озат болып, еліміздің абыройын асқақтатсын! — деді облыс әкімі.
Жаңа мектеп-гимназияда 35 оқу кабинеті, акт залы, асхана, кітапхана, екі спорт залы, спорт алаңы мен жаттығу алаңдары бар. Сондай-ақ мектеп интернет желісімен және радио жүйесімен қамтылған.
Сондай-ақ облыс әкімі аудан орталығындағы жуырда асфальт төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізілген Комсомол көшесінің тұрғындарымен кездесті.
— Биыл Алғаның бес көшесіне қаражат бөлініп, қазіргі таңда үш көшеге толығымен асфальт жабындысы төселді. Мердігер ұйым — «Асфальт»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның ішінде Комсомол көшесіне 2,2 шақырым қашықтықта асфальт жабындысы төселіп, қазір суағарлар орнату үшін жұмыстар жүргізілуде. Көшені жөндеуге 50 миллион теңге бөлінді, жалпы келісімшарттың мөлшері — 380 миллион теңге, — деді Алға қаласының әкімі Нұрбол Сұрбаев.
Айта кетсек, бүгінде Алғада жалпы ұзындығы 61 шақырымды құрайтын 52 көше бар, оның 19-ына асфальт төселген. Биыл 7,3 шақырымды құрайтын 5 көшеге, атап айтсақ, Есет батыр, Комсомол, Ағниязов, Иманов, Водопроводная көшелеріне асфальт жабындысын төсеу үшін «Асфальт» ЖШС-мен 488 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Сондай-ақ облыстық бюджеттен 60,2 млн теңге бөлініп, бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.