Ақтөбе қаласындағы атаусыз 67 көшенің аты қазақшаланды. Қазір жаңа көше аттары облыстық әділет департаментінде тіркеліп, барлық құжаттары реттелді. Енді көше көрсеткілері ілінеді. Жаңа атаулардың басым бөлігі қаланың ішіндегі атаусыз көшелерге қойылған. Мәселен Ғ.Жұбанова көшесінің жанындағы атаусыз көше Тәуке хан аталса, бірқатар көшелерге Қабанбай батыр, Жүсіп Баласағұн, Ақан сері, Ақтан Керейұлы, Ер Қосай секілді тұлғалардың есімі берілді. Қозы-Көрпеш, Қалқаман-Мамыр, Нарын, Сәйгүлік, Оқжетпес секілді атаулар берілген де көшелер бар. Жаңа атаулар негізінен қаланың Ақжар, Ақжар-2, Заречный, Кірпішті, Рауан, Ясный секілді аудандарындағы атаусыз көшелерге берілді. Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мекемесінің сектор меңгерушісі Айша Құлбатырдың айтуынша, ел есінде сақталған байырғы атаулар соңғы жылдары қалпына келтіріліп, қазақ өмірі, қазақ тарихына еш қатысы жоқ атаулар өзгертіліп, атаусыз көшелерге атау беру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе қаласындағы бұрынғы Колхозный көшесі 2000 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен Алтай батыр көшесі аталды. Алтай батыр кім? Жұртшылық бұл есіммен жақсы таныс болғанымен батыр туралы деректерді көпшілік тереңдеп біле бермейді.
Алтай Ебескіұлы — еліміз бен жерімізді жаудан қорғаған, халқымызға көзін алартқан бөгде ойлы шапқыншыларға қылышын кесе ұстаған ерен батыр, беделді би, сөзі дуалы дипломат. Алтай батыр Қазақстанның батысын, әсіресе, Атырау, Жем, Ойыл бойларын қалмақтардан қорғау соғыстарына белсене қатысқан. Кіші жүздің Кете руынан. Шешесі — Қарлығаш. Қарақыпшақ Қобыландының ержүрек сарбаздарының бірі — Әбілмәмбет батырдың немересі. Алтай батырдың әкесі де батыр болған. Кіші жүздің Кете руынан. Жоңғарларға қарсы азаттық соғыстарға (Сауран маңындағы ) және Атырау, Жем, Ойыл бойларын Еділ қалмақтарынан қорғауға белсене қатысқан. Алтай батыр 1738 жылы Құм өзенінің жағасын жайлаған қалмақ ханы Дондикқа қарсы Әбілқайыр хан бастаған жорыққы қатысқан. Бөкенбай батыр екеуі 2000 кісілік қолды, Жем өзенінің бастауына бекінген қалмақтарды Жайықтың арғы бетіне дейін қуған. 1749 жылы жұттан малды аман сақтау үшін елін бастап Жайықтың арғы бетіне өтуге Ресей әкімшілігінен рұқсат алған. Қаланың Мәскеу ауданында орналасқан Алтай батыр көшесінде негізінен жер үйлер орналасқан. Шағын дүкендер мен сауда орындары бар. Осы көшенің тұрғыны Марат Мұсабаев көшенің қазіргі атауының өте орынды екенін айтады.
— Заман өзгерді, көшенің де атауын өзгерту өте орынды іс. Қазір Алтай батыр атындағы көшеде тұратынымызды мақтан тұтамыз. Бұл кейінгі жастарға да үлгі, — дейді қала тұрғыны.