Кеше Бекболат Тілеуханның журналистер мен халықтың алдында ағынан жарылған күн болды. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы III Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы даулы мәселерге қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берген болатын.
Жұрттың көкейінде «қазақ көкпаршылар өзбектерден қалай жеңілді?» деген басты сұрақ болды десек, қателеспейтін шығармыз. Беколат Тілеуханның бірнеше күн бойы аталмыш мәселе бойынша үндемегенінен жұрт секем алып қалған болатын. Алайда ол жауаптан қашпады. Жауап берді.
Қола медаль да осал жүлде емес
«Бұған дейін көкпар неше рет ойналды? Қазақ көкпаршылары түрлі жарыстардағы финалдық кезеңде қырғыз көкпаршыларын бірнеше мәрте айқын ұтты. Нағыз ірі халықаралық жарыстың екеуі Астанада өтті. Қазақ көкпаршылары ешқайсысында қырғыз командасынан жеңілген жоқ.
Ал, «осы жолы өзбектерден қалай жеңілді?» деген сауалға айтарым, көкпардың білікті бапкерлерінің, мамандарының кеңесімен біз жас көкпаршыларымызды халықаралық жарыста бір сынап көруді ұйғардық. Сол себепті, Қырғызстанда ойнаған Қазақстанның жастар командасы. Бұл үлкен спортта бұрыннан бар тәжірибе – біз бұл көшпенділер ойындарына көкпардан жастар командасын жіберіп, олар да пісе берсін, олар да тәжірибесін жетілдіре берсін деп едік. Осы бір мақсатымыз орындалды. Барды. Ойнады.
Жалпы, әр жарыста тек алтын медаль иелене беру шарт емес қой. Қола медаль да осал жүлде емес. Оған шамданатын не бар? «Азияда масқара болдық, анау болды, мынау болды» дегендермен мен еш келіспеймін. Жас көкпаршыларымыз өте жақсы деңгейде ойнады. 12 команда арасынан үшінші орынға қол жеткізді. Біздің жастарымыз қарсыластарын тас-талқанын шығарып жеңді ғой. Өзбектің жасы отыздан асқан ойыншыларымен иық тіресіп ойнады. Қайта керісінше бөркіңді аспанға атып қуану керек емес пе? Біздің 19-20 жастағы бозбалаларымыз басқа мемлекеттердің тісқаққан көкпаршыларынан басым түсіп тұрған жоқ па?
Жалпы, «Көкпар командамыз ұтылды, қола медаль алып қалды» деп шулайтындарды мен түсінбеймін. Спорттың тарихына қараңыз, жеңілмеген кім бар?
Иә, жас көкпаршылардың тәжірибе жинақтағаны құптарлық жайт. Алайда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны тәжірибе жасап көретіндей ауданаралық не қалалық сайыс емес еді. Бұл ойын қазақ жігіттерінің ғана емес, бүкіл елдің намысы додаға түсетін сәт болатын. Қазақстанда өтіп, Ұлттық арна тікелей эфирде көрсетіп жатқан кезде көкпарды қарамайтын, мән бермейтін, тіпті қызықпайтын азаматтардың осы секілді пікір білдіруі, аяқ астынан намысының оянуы да ұят. Сол себепті Qamshy.kz ақпарат агенттігі қырғызды 5-6 мәрте жер қылған қазақ көкпаршысы Жұлдызхан Тайырбековтен қазақ пен өзбектің ойынына қатысты пікір білдіріп, сұқбат беруін сұрадық. Басқа көкпаршылар секілді «жоғарыдағылар біледі, біздің хабарымыз жоқ», деп жауаптан жалтармай, өз шындығын айтты.
Бірнеше жылдық еңбектің, төккен тердің бәрін жоқ қылды
43 жасқа келсе де көкпар шауып жүрген Жұлдызхан Тайырбеков «Мен осындай жайттың боларын білгенмін», деп сөз бастады.
III дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы қазақ пен өзбек арасындағы көкпарды көрдіңіз бе? Қандай пікірдесіз?
Иә, көрдім. Көкпар ойынының айналасында 2003 жылдан бері Талас Бегалиев айтқандай саясат болып жатыр. Қырғыздың шырылдайтыны, ашуланатынындай жөні бар. Көкпарды қазақ бола ма, өзбек бола ма не қырғыз бола ма, бәрібір мұсылман болған соң бірге дамытуымыз керек. Көкпарды кәпірлер емес, мұсылмандар шабады. Біздің ұлттық құндылығымызға айналған көкпарды жоғары деңгейге жеткіземіз, әлемдік Олимпиада ойындарының қатарына қосамыз деп жүрген кезде қырғызға барса, қырғыз, қазаққа барса, қазақ жеңіп жатқаны мүлдем дұрыс дүние емес. Мен өзім 1999 жылдан бері көкпар шауып келе жатқан адаммын. Кезінде Манастың 1000 жылдығы болғанда, Қазақстанда чемпионат болмаған кезден бері содан бері қарай шауып келе жатырмын.
2013 жылдан бері көкпарда бұрмалаушылық, арамдық болып жатыр. Кез келген спортта осындай жайттар кездесетіні белгілі. Біздің құрамадағы жас буын өзбектерді оп-оңай жеңе алады. Қырғыздар біздің қазақтардан талай рет жеңілген. Мен өзім қырғызды 5-6 мәрте жеңген болатынмын. 2007 жылы Елбасымыздың көзінше Астанада қырғыздың ұлттық құрамасын 9-1 есебімен жеңгенбіз. Сол жетістігіміздің бәрін қазір еш қылып жатыр. Мен бірнеше жыл көкпар шауып, маңдай терімді төгіп жүргендіктен менің ішім ашиды.
Қазақстандық көкпар құрамасына өзіміздің жақсы жігіттерді алмай, әке-көке, таныстары арқылы Ұлттық құрамаға кіреді. Содан кейін жеңілмей көр. Ұлттық құрамаға 5-6 жақсы ойнайтын жігіттерді алып, қалғанына осалдау жігіттерді алғаннан қандай команда болады? Ал қырғыздардың 12 жігіті де айдаһар. Қырғыздар бізден бірнеше рет жеңіліп, жер болғандардан еді, қазір бізге «2 команда болып келсеңдер де біз қорықпаймыз», - деп жатыр. Бір қазақтың бір жігітіне екі қырғыз жігіті жетеді.
Менің жылағаным жылаған, күйінгенім күйінген. Кеше мен тойда болған кезде біздің көкпаршыларды Қайрат Нұртас пен Тукалар «Біздің көкпаршыларға не болған?», - деп әңгіме қылып отыр. Бұл намысқа тиеді ме, тимей ме?! Жанымызға батады ма, батпайды ма?!
Басқа-басқа көкпар мен саясатты араластыру дұрыс болмады. Қазір нағыз еркектер ойнайтын көкпар ойыны болып жатқан жоқ. 2008 жылы Ыстықкөлде қырғыздың ешқашан жеңілмеген «Бөрілер» деген командасын жеңгенбіз. Қазір осындай еңбегіміздің бәрі еш болып жатыр.
— Жас көкпаршыларды Қырғызстанға тәжірибе жинасын деп жіберіпті...
— Мен Қазақстанды 9 мәрте, Азияны 2 мәрте алғанмын. Қазір менің деңгейім қазіргі ұлттық құрамадағы шабандоздардың деңгейінен төмен. Мен Азияны бұрынырақ та алғанмын. Ал қазір Азияны мойындатқандарға арнайы қағаз беріп жатыр. Екіншіден, Әлем чемпионының айлығы біздікінен жоғары болады. Олар үнемі көкпар ойнап жүре бермейді, мемлекеттік қызметке барған кезде де «Әлем чемпионы» деген атақпен барады. Енді неге сол әлем чемпиондары Дүниежүзілік көшпенділер ойынына неге бармады? Әлем чемпионы екенін дәлелдеу керек емес пе? Тіпті Илья Илин де араға бірнеше жыл салып Қазақстанда да өзіне ешкімнің жетпейтінін дәлелдеді. Біздің де көкпаршылар сол секілді өздерін дәлелдемейді ме? Былтыр чемпион болғандар қырғызбен ойнау керек болса, бастарын неге ала қашады?
Ұлттық спорт түрделі қауымдастығы «біз жастарға тәжірибе болсын деп жібердік», - деп жатыр. Неменеге жібереді жастарды? Өзіміздің Елбасымыз барған ойын жастарды жай ғана тәжірбие жинау үшін жіберетін ойын ба еді? Осындай сылтаумен кімді алдағысы келеді? Мұндай сылтаумен мұрынбоқ баланы да алдай алмайсың ғой. Арнайы жаттығу ойындарын өткізу үшін тәжірибесіз жастарды Әлем чемпионына апару деген не сұмдық?!
Қазақтар өзбектен не себепті жеңілгенін айтайын. Менің басымды кессе кесіп алсын, қазақтар қырғызға шықпаудың амалын жасау үшін өзбектен жеңілді. Ал қырғызбен финалда ойнаған кезде 30-0 есебімен, жер болып жеңілетін еді. Сол үшін өзбектерге есе жіберді. Ал қырғыздар былтыр жеңіліске ұшырағаннан кейін биыл мықты екендігін дәлелдеу үшін «осы қазақ келіп қазақ шықса оларға біз көкпардың не екенін көрсетеміз», - деп бізді күткен болатын. Өздерінің күткені болмаған соң олар ашуланып жатыр. Біз өзбекке жеңілмейміз. Бірақ қазір біздің көкпаршылардың қырғызға әлі келмейді. Еліміздегі Әлем чемпиондарының да қырғыздарға шамасы келмейді.
— Өзбектерге есе жіберген көкпаршылардың арасында кім осалдау ойнап, команданы артқа тартты?
— Өзбектермен ойнаған қазақ көкпаршыларының арасында Мейіржан Матжан, Құрманбек Тұрғанбек жақсы ойнады. Қырғызстанға барған жігіттердің бәрі Мейіржан Матжаннан басқа қырғыз көрмеген тәжірибесіз жігіттер. Қазақстанда жүріп, шет елге мүлдем шықпаған адам жат елге барған кезде басқаша сезімде болады. Қазақстанда жүрген кездегі бар күш-жігерің мен рухың сол Қазақстанда қалып кетеді. Олар жат елге шығып көрмегендіктен елеңдеп, біреу «ей» деп қалса, қорқақтап, жанары жаутаңдап қалады. Ұлттық құрамадағы жас жігіттер Қырғызстанға баратын жігіттер емес еді. Оларға командалық киім беріп, «барасыңдар» деп аяқ астынан жіберген. Ал кімнің дұрыс ойнамағанын мен айта алмаймын. Көкпарды көрген көрермен кімнің осалдық танытқанын, тәжірибесіз екенін біледі.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі қазақ көкпаршыларының арасындағы Мейіржан Матжанмен тілдескенде ол өзінің ойында барын салып ойнағанын айтқан болатын.
— Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Бекболат Тілеухан егер орныма ұлттық спортқа жанашыр адам келсе, қуана-қуана орнымды босатып беремін деп мәлімдеді. Осыған қатысты не дейсіз?
— Бекболат ағаның бұл жерде бір грамм кінәсі жоқ. Бекболат Тілеуханның көкпарды көктеріп, дамытып жатқанына атасына мың да бір алғысымды айтамын. Біреулер осы жағдайға министрлікті кінәлап жатады. Министрлік жалғыз көкпарға қарап қалған жоқ. Көкпарды қарағысы да келмейтін министрлер бар. Олардың тапсырмасын бұрмалайтын көмекшілері болады. Мен Бекболат ағаға кезінде «Қазақ көкпарының деңгейі қырғыздардың көкпарына жету үшін бірнеше жарыстар өткізіліп, ұтысқа қомақты қаражат берілуі керек», - деген болатынмын. Кеше қырғыздар бірінші орын алды 15 млн жеңіп алды. Біздің көкпаршылар үшінші орын алып 5 млн теңге ұтып алды. Бізде мұндай жарыстар болған емес. Бекболат аға бірнеше Әлем чемпионатын, Азия чемпионатын өткізіп, ұйымдастырып жатыр. Бірақ Азия чемпионатында «көке мен жәке», таныс-тамыр дегеннен келіспеушілік туындап, айқай-шу болды. Одан кейін кешегі Әлем чемпионатында біраз шабандоздар дұрыс ойнай алмады.
Бекболат аға команда жасақтап жүре алмайды, ол жалғыз көкпарға қарап қалған жоқ. Бірақ обалы не керек, ол ұлттық ойындардың деңгейін көтеріп жүр. Барлық нәрсеге басшыны кінәлай беруге болмайды. Себебі бұл басшыға дейін бұзылған жүйе. Біздің теңге ілу, жамбы ату секілді ұлттық ойындарымыз дамып жатыр. Бірақ көкпарға келген кезде біраз олқылықтар бар екенін мойындауымыз керек. Ұлттық құрамаға қабылдау кезінде тамыр- таныс арқылы кіретіндердің саны көбейді. Мысалы, кей қылмыстың 10 жылдан кейін құпиясы бір-ақ ашылып, шындық белгілі болып жатады ғой. Сол секілді 2013 жылы көкпарда «ұрлық» болған, оның беті енді ашылып, қазан бұрқ ете қалды.
— Дүниежүзілік ойындар аяқталды. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді осындай масқаралық қайталанбас үшін не істеу керек?
— Енді алда өтетін чемпионатта жеңу үшін Қырғызстанға барып бір жарыс өткізіп, сол қырғызбен ойнаған жігіттерді Ұлттық құрамаға қабылдап, чемпионатқа жіберу керек. Қырғызбен бетпе-бет ойнауға кімнің батылы барады сол жігіттерді чемпионатқа жіберу керек. Кім болса, ол болсын, ауылда қой бағып жүрген қойшының қырғызбен ойнауға батылы жетсе, сол жігітті Ұлттық құраманың қатараны қосу керек. Бізге намыс керек.
Ал қазіргі көкпаршылар қырғыздан жеңілмес үшін қырғыз көкпаршыларын ұрады, қырғыздар таяқ жейді. Бірақ қырғыздарға барған кезде олар бізге де солай жасайды.
— Қазір өзіңіз қайда немен айналысып жүрсіз? Көкпар ойнап жүрсіз бе?
— Мен қазір Әулие ата командасында ойнап жүрмін. Жұрттар кәрі, 42 жастасың деп жатса да, басқа көкпаршыларға қарағанда әлдеқайда мықтымын деп сеніммен айта аламын.
— Ұлттық құраманы жасақтап, іріктеушілерге айтар өкпеңіз бар ма? Ұлттық құрамада ойнағыңыз келе ме?
— Ұлттық құраманың қатарында ойнауға әлі де шамам жетеді. Ұлттық құрамадағы жігіттерден әлдеқайда мықтымын деп сеніммен айта аламын. Бірақ мен оларға мен «көкпар ойнайын, чемпионатқа қатысайын»» деп жалынғым келмейді.
Қазіргі кезде 50-ге келіп те көкпар шауып жүргендер бар. Мәселе жасқа тіреліп қалған жоқ. Мен қазір 43 жаста болсам, мені кәрі дейтіндер бар. Бірақ Ұлттық құрамада менен бір жас кіші көкпаршылар бар. Манасбек Дүйсенбиев пен Ұлан Байтөреев 42 жаста.
Ұлттық құрамаға сапа керек пе, сан керек пе? Әрине, сапа керек. Бірақ өкінішке қарай, біздікілер сапаға мән беріп жатқан жоқ. Көкпаршыларды іріктеген кезде жас ерекшеліктеріне қарамау керек. Көкпаршы ілу керек, басу керек, салу қажет. Біз бір-екі жыл бұрын қырғызға бардық. Алғашында 2-0 болып тұрдық. Сол кезде жастарға «маған бір рет көкпарды тигізіңдерші», - дедім. Маған көкпар тиді, мен салдым. Мен ол кезде Ұлттық құрама сапында жоқ едім. Менде киім де, басқасы да жоқ еді. Нұрдәулет есімді көкпаршы қолқа салғаннан кейін ғана Қырғызстанға бардым. 2015 жылғы ойынды көрсеңіз болады. Мен құр мақтанғанды ұнатпаймын, тек болған жайтты ғана баяндап отырмын. Сол ойында біз 3 салым салдық. Қазіргі Ұлттық құрамада бізден де жас жігіттер болды, бірақ не істеді? Барды да жер болып өзбектен ұтылып келді. Бірақ бұл жерде барлық кінәні көкпаршылар мен Бекболат Тілеуханға артып қойғанымыз ұят болады. Бекболат Тілеухан кетіп қалса да, оның түгі кетпейді. Бірақ біз бекерден бекер ұлттық ойынға жанашыр адамнан айырылып қаламыз.
Көкпардан Азия чемпионы атағын алғандар ай сайын жалақы алып жүр? Неге олар Қырғызстанға бармады? Олар «біз білмейміз, жоғарыдағылардан сұраңыз»,- деп жауаптан жалтарады. Өмірі атқа мінбегендер мемлекеттің қаржысына Түркияға барып келе жатыр. Қазақ көкпарына ешқандай үлес қоспағандар демалып, шет елді аралайды. Ал еңбегі сіңгендер, маңдай терін төккендер шетте қалып жатыр. Менің қазақ көкпарына сіңген еңбегім бар деп сеніммен, мақтанышпен айта аламын. Мен сол Түркияға барсам жараспай ма әлде лайық емеспін бе? Неге айдаладағы біреулер «көкелерінің» арқасында басқа жігіттердің еңбегінің жемісін неге көру керек? Демалып Түркияға бару керек болса апыр-топыр болып жиналады да, қырғызбен көкпар ойнау керек болса анау-мынау сылтауларын айтып бәрі ат-тондарын алып, қаша жөнеледі.
P/S: Болар іс болып бояуы сіңгеннен кейін қайта-қайта өзбек пен қазақ ойынын талқыға салып, кінәлілерді іздегеннен гөрі алдағы уақытта осындай келеңсіз жайттың қайталанбауын ойлаған дұрыс. Ұлттық құрамаға көкпаршылар әр облыс пен аудандардан жиналатыны белгілі. Бірақ нақты кімдер Ұлттық құраманың қатарында ойнап жүр, көкпаршылар қалай іріктеліп жатыр деген тексеріс жүргізу керек сияқты.
Бекболат Қанайұлы осы жағдайды да баса назарға алып, тексеруі қажет деп есептейміз. Ал қазақ көкпаршыларына намыс пен күш сынға түсетін көкпар ойынында елге абыроймен оралатын сәттердің көп болуын тілейміз!