Қазақстандағы мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі мәселесін кеңінен қолданысқа енгізу үшін түрлі бағдарламалар қабылданды. Олардың бірі әрі бірегейі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама. Қазақстан атты кең байтақ жерде өмір сүріп жатқан түрлі этностар арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қабылдаған бағдарлама өз жемісін беріп үлгерді әрі болашақта да өз нәтижесін көрсететініне еш күмән жоқ.
Айта кетейік, аталмыш бағдарлама 2011 жылы 29 маусымда Елбасының № 110 Жарлығымен қабылданған.
Бағдарлама алдына таудай мақсаттарды қойды. Оның ішінде тек қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып қана қоймай, қазақстандық қоғамды тілге қатысты жан-жақты болуын қамтамасыз ету. Мәселен, ағылшын тілін де меңгеру.
Алысқа бармай-ақ қазақ тілі мәртебесінің өскенін, қазақ тілді ортаның көбейгенін БАҚ арқылы аңғаруға болады. Бұрындары теледидарда прайм-таймда қазақ тілді теле өнімдер көрсетілмейді деп қынжылсақ, қазір басымдық қазақша бағдарламаларға беріліп отыр. Халық теледидарды көп көретін уақыттары қазақша телехикая, кино мен деректі фильмдерді беруі соған дәлел. Яғни сұраныс бар. Қазақ тілді аудитория өсіп жатыр.
Осыдан бес жыл бұрын отандық кинотеатрларда қазақ тілінде дубляждалған немесе қазақ тілінде түсірілген фильмдерге мұрнын шүйіріп қарап, сеанс уақытын көрерменге ыңғайсыз уақытта қойса, қазір отандық өнімдерге баратындардың саны мен отандық киноға деген сұраныс пен қызығушылық артқан. Сондықтан режиссерлер де көбіне қазақ тілінде кино түсіретін болған.
Айта кетейік, 2011 жылы президент Жарлығымен қабылданған бағдарламаға сәйкес, қазақ тілді өнімдерді 2017 жылы 60 пайызға өсіру көзделген. Саты, сатысымен тілдерді дамыту мен қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бағдарлама алға қойған мақсаттарға қолжеткізіп келеді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестті қазақ тілінде тапсыратындардың саны артқан. Бұл әу баста-ақ тілдерді дамыту мен қолдануға арналған бағдарламаның көздеген мақсаттарының бірі еді. Яғни, 2017 жылға қарай ересектердің арасында қазақ тілін меңгергендердің пайыздық көрсеткішін 80 пайызға жеткізу.
Бұл ретте қазақ тілінің қолданыс аясы түрлі салада жан-жақты дамып келеді. Осыдан он жыл бұрын шетелдің әнін тыңдау сән болса, қазір қазақ тіліндегі ән мен әншінің мерейі үстем болған заман. Қазақ тілі жан-жақты дамып келеді. Барлығы ұтымды ойластырылған, мақсаты айқын және көзделген мұратқа жету жолында дұрыс қойылған сатылардың арқасы.
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының ерекшелігі мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін қолданысқа енгізе отырып, орыс, ағылшын тілін еркін меңгергендердің санын арттыру. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші қазақ тіліне басымдық бере отырып, шет тілін үйрену. Көптеген ғылыми жаңалықтар, IT саласындағы жаңашылдықтардың көбі ең алдымен ағылшын тілінде жарияланады. Сондықтан ағылшын тілін – халықаралық тіл ретінде үйрену, ғылымға, жаңа білім көкжиегіне жол ашады.
Естеріңізге сала кетейік, бағдарлама мақсаттарының бірі сауатты, бірнеше тілдің еркін меңгерген сауатты қоғам құру еді. Бұл тұста да бағдарлама ұтымды әрі нәтижелі жұмыс істеп жатқанын айтуымыз қажет. Оған дәлел ретінде мысал келтіре кетейін. Қазақстанда ағылшын тілін жақсы білетіндердің саны артқан. Себебі, IELTS тапсырушылардың арасында ортақ меже – 6-ға көтерілген. Сарапшылар мұны өте жақсы көрсеткіш екенін айтады.
Осы ретте түрлі бағдарламалар арқылы, оның ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен негізгі тілі – ағылшын тілін қолданатын елдерде оқып жатқан қазақстандық студенттердің артқаны сауатты, білімді, ағылшын мен қазақ тілін еркін меңгергендердің санының артуының айқын көрсеткіші. Бұл жерде қазақ тілінің дегенім – «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін ең алдымен қазақ тілін меңгеруің қажет. Ол үшін қазақ тілінен тест тапсырып, мемлекеттік тілді білу деңгейің сыналады. Тестте тек грамматика ғана емес, тыңдау, оқу секілді бөлімдерден сәтті өтуің тиіс.
Мемлекет президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жолдауында қазақ, орыс және ағылшын тілі турасында айтқан болатын.
«Үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет», – деген еді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да дүниежүзіндегі үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару міндеті тұрғанын айтқан.
«Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деді Елбасы.
Енді әңгіме ауанын қазақ мектептері мен балабақшасына қарай ойыстырсақ. Мұнда да сұраныс өсіп жатыр деп ауыз толтырып айтуға болады. Яғни қазақ тілінде оқитын және баланың қолданыс тілін қалыптастыру үшін қазақ тілді балабақшаларды таңдайтын ата-аналардың қатары артқан. Себебі, статистикалық мәліметке сәйкес, түрлі халықаралық олимпиада да, ҰҚТ нәтижесі бойынша да қазақ тілді орта білім ошақтары оқ бойы озып тұрғанын ескеріп отыр.
Сөзіміз дәлелді болу үшін сандар сөйлесін. Биыл ұлттық бірыңғай тесттен ең жоғары балл жинаған түлек қазақ мектебінде оқыған. Соңғы екі, үш жылды қарастырсақ та қазақ тілді мектепте оқыйтын оқушылар тестте өте жақсы нәтиже көрсеткен. Мәселен, 2016 жылы ұлттық бірыңғай тестте бірде-бір қате жібермеген 19 оқушының барлығы қазақ мектептерінің түлектері. Дәл сол жылы ел бойынша жақсы нәтиже көрсеткен 10 мектептің 8-і қазақ тілді білім ошақтарды. Былтыр 139 балл жинап, елді таңғалдырған оқушы да қазақ мектебінде оқыған.
Осыдан жеті жыл бұрын қабылданған бағдарламаның алға қойған міндеттері мен мақсаттары орындалып жатқанын осындай керемет нәтижеден көруге болады. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңіп жатыр ма? Кеңіп жатыр. Қазақ тілді аудиторияның саны жылдан жылға артып жатыр ма? Артып жатыр.
ЖОО-ға бөлінетін гранттар қазақ тілді абитуренттерге көп бөлінетін болды. Соңғы төрт жылды қарасақ, 2014 жылдан бері білім гранттарының 65 пайызы қазақ тілділерге арналса, 35 пайызы орыс бөліміне бөлінген. Ал 2016 жылы қазақ топтарының пайыздық көрсеткіші – 75 пайызға жеткен.
Мемлекеттік бағдарлама ел арасында жақсы насихатталып, қазақ тілін білудің маңыздылығын жетік түсіндірудің арқасында қазақ мектептеріне баратындардың саны 80 пайызға жеткен.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та әдебиет өкілдерімен кездесуде Қазақстанда тұруға ниетті, өскелең ұрпаққа тәрбиелеуді мақсат еткендер балаларын қаза тілді мектептер мен балабақшаға беретінін айтып өткен еді.
Қорыта келгенде Қазақстандағы тіл мәселесін шешу үшін, тілдерді дамыту мен қолдану аясын кеңейту мақсатында қабылданған 2011-2020 жылдарға арналған бағдарлама сәтті жұмыс істеп, көп күттіртпей-ақ жақсы нәтижесін беріп жатқанына куә болып отырмыз.
Алтынгүл Өмірзақова