Қазақстан бүгінгі күнде жаңа реформалармен қарыштап дамып келе жатқан мемлекет. Сондықтан біздің елге өркениеттен тыс қалуға болмайды. Бұл ретте қазір Астана төрткүл әлемде болып жатқан мәселелерді еркін талқылайтын ортақ алаңға айналды.
Жыл сайын Астанада өтетін экономикалық форумға әлемнің әр түкпірінен мүйізі қарағайдай мықты саясаткерлер мен ондаған Нобель сыйлығының лауреаттары келеді. Ал мұның көп пайдасы бар. Алдымен ғаламды толғандырған түйткілді жайттар сарапқа салынады. Осы арқылы Астананы мұқым дүние таниды. Расында да Елордадағы басқосуға жыл сайын әлемнің 100-ден аса елінен 7 мыңға тарта делегат келеді.
Соңғы Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда жаһандық қауіп-қатерлердің жыл сайын молайып бара жатқанын мәселе етіп көтерді.
Форумда Қазақстан Президенті ғаламдық проблемаларды әділ және объективті түрде талқылау мүмкіндігі адамзат үшін өте маңызды болып қала беретінін айтты.
– Бұл әлем үшін өте күрделі кезең. Сондықтан форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады. Сәйкесінше, форумда осы салалардағы білікті мамандар жиналып отыр. Олардың сөзін тыңдау, ұсыныстарын пайдалану біз үшін қашанда маңызды. Ғаламшар тұрғындары саны жылдам өсіп келеді. Соңғы онжылдықтағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері адам өмірінің орташа ұзақтығын айтарлықтай ұлғайта түсті. Соңғы 70 жылда ол 23 жылға, яғни 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш тек тәуелсіздік жылдарының ішінде ғана 65 жастан 72,5 жасқа жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Расында да 2050 жылға қарай жер шарын мекендейтін 10 млрд халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету оңайға соқпайды. Шамамен айтатын болсақ, бүгінгі кездегіден 60 пайызға көп азық-түлік өндіруге тура келмек. Ал жыл сайын тұтыну қабілеті артып бара жатқан адам баласына шикізат қоры жете ме? Бұл оңай нәрсе емес, болашақта үлкен қиындық тудыратын мәселенің бірі.
– Тағы бір сын-тегеурін – адамдардың қартаюына байланысты зейнетақы жүйесін, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін түбегейлі қайта құру қажеттігінде. Бұл аталғандар демографиялық шындыққа сай болуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, адамзат алаңдайтын мәселенің бірі еңбек нарығында орын алатын әлеуметтік теңсіздік екені сөзсіз. Бұл қазірден бастап белең ала бастады. Келешекте адамдардың жұмыссыз қалуы үлкен проблемаға айналады.
– Таяу болашақта әдеттегі еңбек күшінің 80 пайызын роботтандырылған жүйелер алмастыратын болады. Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің болуы маңыздырақ. Дамушы елдердегі өндіріс орындары да дамыған елдерге кері қайтарылып жатыр. Мұның барлығы ұлттық экономикалар мен әлеуметтік жүйелер үшін үлкен сынақ. Бұл мәселенің басты шешімі – білім беру жүйесін реформалау. Білім беру ісінде креативті ойлау, қажетті ақпаратты таба білу, оны ұтымды пайдалану машықтарын үйретуге көшу керек. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде. Біз бұл сынаққа дайындалдық және әлі де дайындық үстіндеміз, – деді Елбасы.
Расында да мұндай қатерлердің алдын алу үшін алдымен кез келген мемлекет білікті маманға зәру. Біздің мемлекет мұның да алдын алуға тырысуда. Бүгінгі күнге дейін «Болашақ» бағдарламасымен Қазақстанның 13 мыңнан астам түлегі шет елдің үздік жоғары оқу орындарында білім алды және бірқатары оқуын жалғастырып жатыр.
– Көз алдымызда экономиканың жаңа моделі қарқынды түрде құрылуда. Бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның барлық салалары цифрландырылуға бет алды. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы базалық факторларды өзгертеді. Қазір өндірісті қадағалайтын әрі жақсарта алатын, өзін-өзі жетілдіретін электронды жүйелер үйреншікті құбылысқа айналып келеді. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, халық санының өсуіне байланысты кейінгі кезде ауыз су тапшылығы да жаһандық қаауіп-қатерлердің біріне айналып отыр.
Соңғы деректерге назар аударсақ, әлемде 1 миллиардтан астам адам ауыз суға зәру. Нашар, лас, арнайы құрылғысы бар қадағалаудың өтпеген сапасыз суды ішудің салдарынан 3 миллиардтан астам адам әртүрлі ауруға ұшырауда. Әсіресе, ауыз су тапшылығы Африка мен Үндістан елдерінде көкейкесті проблемаға айналды. Мұнан шығатын жол бар ма? Ол –суды үнемдеп пайдалану. Астана өткен экономикалық форумда Қазақстан Президенті ауыз су проблемасын шешуде біздің елде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын баян етті. Қазіргі кезде мемлекеттік деңгейде «Ақбұлақ», «Таза су» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
– Су - барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда.
Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз, – деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Әлемді алаңдатып отырған мәселелер мұнымен де шектелмейді. Қазіргі кезде индустриялық-инновациялық даму өркендеген сайын оның проблемалары да көбейіп келеді. Атап айтар болсақ, өндіріс орындарының компъютерлендіруінен жұмыс орындары қысқарып жатыр. Содан келіп, адамдар жұмыс орындарынан, күнкөріс көзінен айрылуда. Соңғы 2017 жылдың мәліметтеріне назар аударсақ, әлем бойынша 192,7 миллион адам жұмыс таппай сенделіп жүр. Бұл 2016 жылға қарағанда, тағы 2,6 миллионға артқан. Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне қарағанда, 2018 жылы да әлемдегі жұмыссыздық деңгейі осы деңгейде қалмақ. Кейбір деректер келер жылы тағы да жұмыссыздардың саны артатынын айтады. Аталған ұйым 2019 жылы жұмыссыздардың саны 193,6 млн адамға жететінін болжап отыр. Ең қиын жағдай Африка құрлығында екенін айта кеткен жөн. Бұл «қара құрлықтағы» жастардың үштен екісі жұмыссыз күйде қалып отыр. Әлемде жұмыссыздар қатарының өсу себебі неде? Шындығында бұл қазір де болашақта да өте үлкен қауіптің біріне айналғалы отыр.
–Қазіргі уақытта ең үлкен әлемдік проблемалардың бірі - күшейе түскен әлеуметтік тұрақсыздық. Оның негізгі себебі - әлеуметтік теңсіздік.
Бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыс таба алмай отыр. Еуропалық Одақтың өзінде жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп, көптеген жаппай тәртіпсіздіктерге түрткі болып отыр.Мұның жанында Қазақстандағы ахуал біршама қолайлы болып отырғанын мойындау керек. Бүгінде біз бүкіл жаңа тарихымыз ішіндегі жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейіндеміз. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Солай бола тұра, біз масаттануға тиіс емеспіз.Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады.Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет - қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада әлемдік сарапшылардың алдында сөйлеген сөзінде.
Әлемнің алпауыт елдері қазіргі кезде даму сатысындағы үшінші елдерге әлімжеттік жасап жатыр. Соның салдарынан қаншама елде азамат соғысы жүріп жатыр. Халық босып үдере көшті. Тұрақтылық пен бейбітшіліктьің үлкен құндылық екенін білсе де, оған мән бермейтін басшылар көбейді. Өйткені қуаты күшті мемлекет әлсіздерге ықпал етуге тырысады. Ықылым заманнан солай болып келген және солай болып қала береді де. Қазіргі болып жатқан Таяу Шығыстағы қақтығыс пен басқа да тұрақсыз саяси жағдайлардың барлығы да қолдан жасалынып отыр. Әлем жанталаса қарулануға ұмтылуда. Ал оған тоқтау айтатын жан бар ма? Бұл орайда Қазақстанның сыртқы саясаты мен Назарбаевтың араздасқан елдер арасындағы арағайындық қадамының маңызы күн өткен сайын артып отырғанын еш жасыруға болмайды.
Қалай айтқанда да, қазіргі кезең күрделі дағдарыс кезеңінің басы сияқты әсер қалдыратыны рас. Болашақта қазіргі өндіріліп жатқан энергетикалық көздер, мұнай мен газ қоры таусылады. Сол үшін не істеу керек? Өркениетке бет алған мемлекет жаһандық қатердің алдын алу үшін қарсы шараларды қолға алу қажет. Онсыз болмайды. Стихиялық апаттар да үлкен қатердің бірі екендігі рас. Бірақ бүлінген нәрсені қайтадан қалпына келтіруге болады. Ал адамзатқа ауыр шығын әкелетін, адамның өз қолымен жасалатын нәрселерге бей-жай қарауға болмайды. Қолдан жасалынатын шығынның барлығы адамның рухани құлдырауынан, азғындықтан, қатыгездіктен бастау алып жатқанын ашық айтуға тиіспіз.
–Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың қағидатты маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық.
Біз мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайында өмір сүріп үйренуіміз керек. Біз мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға тиіспіз. Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады. ХХІ ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс, –деді Президент Назарбаев.
Расында өркениеттер қақтығысы өршіп, рухани құндылықтар азайған тұста жаһандық қауіп-қатермен күресу әр мемлекеттің міндеті және борышы екенін айта кеткіміз келеді.
Еркін Қалдан
Пікір қалдыру