«7-20-25» бағдарламасы арқылы пәтер алған отбасылардың қуанышы

/uploads/thumbnail/20181128113846217_small.jpg

Оралдық жас отбасы «7-20-25» бағдарламасы арқылы жеке пәтердің иесі атанды. Талғат Ниязғалиев пен Айнұр Тасмұханованың қуаныштарында шек жоқ.  Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында жас отбасы ерекше әсерлерімен бөлісті.

Талғат пен Айнұр бұған дейін ата-аналарымен бірге тұрған екен. Алайда екі баланы өсіріп отырған отбасы үшін бір үй тарлық етті. Сөйтіп отбасы жеке пәтерге ақша жинауды бастап кетеді.

Талғат «Қазақтелеком» АҚ-да инженер болып жұмыс істейді, ал Айнұр Оралдағы №26 мектепте ағылшын тілінен сабақ береді.

«Кез келген адам «жеке пәтерім болса» деп армандайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасы аясында «7-20-25» бағдарламасы іске қосылған соң біз ақша жинай бастадық. Маған бұл бағдарламадан ұнағаны – пәтерді өзіміз таңдай аламыз. Біз де өзімізге ыңғайлы ауданнан ыңғайлы пәтер таңдадық. Пәтер Солтүстік-шығыс ауданында орналасқан. Әрі маңында балабақша да бар. Ақшаны шілдеге дейін жинадық. Кейін бірнеше банкті аралап шықтық. Соңында «Банк ЦентрКредит»-ке тоқтадық. Тиісті құжаттарды жинаған соң пәтерді екі-ақ күнде рәсімдеді. Пәтердегі жөндеу жұмыстары да аяқталуға шақ қалды. Алғашқы төлем 20 пайыздан аспайды, ал жылдық мөлшер – 7 пайыз. Ай сайын 60 мың төлейміз», - деді Айнұр Тасмұханова тілшіміхге айтқанында.

Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі бұған дейін пәтерлі болған отбасыларды еске түсіріп өтуді жөн көрді.

Шілденің аяғында Осинцевтер отбасы «7-20-25» бағдарламасы арқылы пәтер алған. 28 жастағы Владимирдің некеде болғанына 5 жыл. Ерлі-зайыптының Амелия атты бір жарым жастағы қыздары бар. 24 шілдеде жас отбасы 72,5 шаршы метрлі пәтердің иесі атанды.

Қамшыға берген сұхбатында Владимир мақсаттарына қалай жеткендерін айтып берді.

«Біз жаңа пәтер алу үшін ақша жинадық, алайда жас отбасы үшін ақша жинау деген қиынның қиыны екенін өздеріңіз де білесіздер. Ақша жинап жүріп Қазақстандағы пәтер алу мүмкіндігі жоғары бағдарламаның бәрін бақылап жүрдім. Алайда тиімдісін таба алмай жүрдік. Алдын ала төлем мөлшері тым көп болды, тіпті кей банктерде 30 миллион теңгеге дейін жететін. Ал «7-20-25» бағдарламасы арқылы 15 миллион теңге тұратын пәтер үшін артық төлем 16 миллион болды.  Қазір айына 85 мың теңге төлейміз. Пәтерді жалға алып, ай сайын 100 мың теңге төлегеннен шөрі өз үйімізге ақша берген әлдеқайда тиімді емес пе?», - деп пікірімен бөліскен еді.

Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылды.

Айта кетейік, банктер биыл шілде айынан бастап «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие беруді бастап кетті. Ал жеңілдетілген ипотеканы кімдер ала алады? Бұл сауалға ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жауап берді. Айтуынша, ипотекалық бағдарламаға тұрақты жұмыс бар кез келген адам қатыса алады. Алайда ол азаматтың атында баспана болмауы тиіс. Және несие тарихы да дұрыс болуы керек. Бұдан бұрын Елбасы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеу керек екенін айтқан.

«Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қатысты Мақалалар